Ауыл жастарының облыстық форумы соңғы жылдары көп жұмысқа мұрындық болған «Дипломмен – ауылға!», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!», «Жасыл ел» жобалары бойынша біткен істің қорытындысы іспетті болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қолдап, оның жүзеге асуына белсенділік көрсеткен жас мамандар облыстың барлық аудандарынан, шалғай ауылдарынан жиналды. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан 20 жыл ішінде еліміздің стратегиялық даму бағдарламасы жүзеге асты, әлем жұртшылығы Қазақстанның қарыштап дамуына куә болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатымен жас мемлекетіміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
Жиырма жылда еліміздің экономикасымен қатар әлеуметтік сала да көркейді. Елімізде осы жылдар ішінде 750 жаңа мектеп салынды, 500-ге тарта денсаулық сақтау нысандары бой көтерді, 5300 мектепке дейінгі мекемелер есігін ашты. Осы істің барлығында жастардың да үлесі бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жоғары және арнаулы білім ордаларынан жыл сайын қаншама жас ауылға аттанады. Соңғы он жыл ішінде облыста 1761 жас маман үлкен өмірге жолын ауылдан бастаған. Қазір ауыл мектептерінде осы жоба шеңберінде 1400 жас мұғалім, ауылдық емдеу орындарында 279 дәрігер еңбек етіп жүр.
Анар Әбенова облыс орталығынан шалғайда жатқан Қамысты ауданы орталығындағы орта мектепте екі жылдан бері мұғалім болып қызмет етеді.
– Мен педагогика институтын бітіргеннен кейін туған жеріме қайтып бардым. Қазір өзіме аудан орталығынан пәтер берілді. Пәтердің қаладағы баспаналардан еш айырмасы жоқ – от жақпаймын, суы ішінде, өте қолайлы. Мемлекет тарапынан жас маманға тиесілі көмекті де алдым. Қазір педагогика ұжымында өзім сияқты жас мамандар көп. Мамандығымды жақсы көремін. Ауыл балаларымен жұмыс істеген өте ұнайды, – дейді Анар.
Ауылда жүріп те жас маман өзін рухани жағынан өсіруге, алдына үлкен мақсаттар қоюына болады. Өйткені ауылда қалалық жерлер пайдаланып отырған өркениет жетістіктерінің барлығы да бар. Интернет, желісіз байланыс ауылдағыларды көштен қалдырып жатқан жоқ. Ал ауылдың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру қол жетпейтін шаруа емес. Тиімді жобалар, бағдарламалар уақытында жүзеге асса, жастар белсенді түрде атсалысса бітпейтін не бар?
Ауыл жастары форумында облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов жастардың бастамалары мен белсенділігі асуларға бастайтынын, мемлекет тарапынан ауылды, ауыл шаруашылығын көтеруге жасалып отырған қамқорлықты тілге тиек етті. Жақында Шымкент қаласында өткен республикалық слетте «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» республикалық марафон-эстафетасы бойынша Қостанай облысы жастары еңбек отрядының қызметін үйлестіру штабы ең үздік деп танылды. Жазғы еңбек науқанында «Жасыл ел» жобасына студенттердің құрылыс, археологиялық, ветеринарлық, механикаландырылған отрядтары белсене қатысты. Жазда еңбек отрядтары құрамында 3 мың студент жастар жұмыс істеп, олар 120 миллион теңгенің жұмысын игерді. Олар әлеуметтік-құрылыс нысандарында, күзгі жиын-терін алқаптарында, жазғы балалар лагерьлерінде, «Бизнестің жол картасы» шеңберіндегі инвестициялық нысандарда еңбек етті.
Ауыл жастары форумында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» республикалық марафон-эстафетасын жүзеге асыру шеңберінде ерекше табыстарға қол жеткізген Меңдіғара, Әулиекөл, Таран аудандарының үйлестіру штабтары бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленді. Жүлделі орындар бұл аудандар штабына бекер берілген жоқ. Мысалы Меңдіғара ауданында жастардың 113 еңбек отряды жұмыс істеді. Олардың қолымен «Ана мен бала» аллеясы, 2 балалар алаңы салынды. Оның сыртында 25 ескерткіш жөнделді, 30 саябақ қалпына келтірілді. Мұндай істер әр ауданнан табылады. Міне, жастар жүрген жер осылай көркейеді.
Форумға қатысушылар Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан нағыз патриоттар арқасында мықты, гүлденген елге айналады» деген сөзін қолдайтындығын білдірді. Ауыл жастарының форумы «Қара жорға» биімен және «Атамекен» әнімен аяқталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.