Өздеріңізге мәлім, табиғи уран өндіру нарығында көш бастаған Қазақстан әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етеді. Ал соның тең жартысы Қазатомөнеркәсіптің еншісінде. Біздің өнімді дүние жүзінің ірі энергетикалық компаниялары пайдаланады. Уранды Ресей, Франция, Қытай және Жапонияның трансұлттық компанияларымен серіктестікте құрылған еншілес және бірлескен кәсіпорындар өндіреді. Қазақстандағы уран өндіру әдісін МАГАТЭ экологиялық ең таза әрі қауіпсіз деп таныған. Өкінішке қарай, бір фунт уранның бағасы соңғы он жылда 136 доллардан 18 долларға дейін төмендеп кетті. Уран өндірісінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін біз өндіріс ауқымын сұранысқа икемдеп қысқарту жөнінде стратегиялық шешімді қабылдадық. Айта кетейік, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 3 жылға жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бойынша жоспарланған өндіріс ауқымын 20 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Бұл шара компаниялардың тұтынушылар алдындағы міндеттеріне әсер етпейді.
Сонымен қатар ол серіктестермен қарым-қатынас белсенді жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге Үлбі металлургия зауытының базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт салынып жатқанын, оның қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайтынын жеткізді.
Ғалымжан Пірматов Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру бойынша бірқатар жобалар іске асырылғанын да баяндады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»