АҚШ-тың реакциясы
БҰҰ Бас Ассамблеясы Иерусалимнің мәртебесі жөніндегі Вашингтонның шешімі бойынша қарарды дауысқа салар алдында АҚШ-тың іргелі ұйымдағы тұрақты өкілі Никки Хэлей арнайы мәлімдеме жасады. Өз сөзінде елші Хэлей «АҚШ бұл күнді егемен ел ретінде қабылдаған шешімі бойынша өзін Бас Ассамблеяда айыптау үшін бөлектеген күн ретінде есінде сақтайды», деп атап өтті. Сондай-ақ америкалық елші дауыс берудің нәтижесі қандай болатындығына қарамастан, АҚШ Израильдегі өз елшілігін бәрібір Иерусалимге көшіретінін қадап айтты. Елші Хэлейдің мәлімдемесі президент Трамптың бір күн бұрынғы сөзін нықтай түскендей әсер қалдырды. Сәрсенбі күнгі өз кабинет мүшелерімен кездесуде Д.Трамп «Біз дауыс беруді қадағалап отырмыз. Олар дауысқа сала берсін. Біз көп қаржыны үнемдейміз. Бізге бәрі бір», деген болатын.
Америкалық бұрынғы шенеуніктердің қатарында АҚШ билігінің БҰҰ қарары бойынша мәлімдемесін сынға алғандар да болды. Мәселен, Обама тұсында Орталық барлау агенттігінің директоры болған Джон Бреннан Туиттерде «Трамп әкімшілігінің БҰҰ-дағы егемен елдерге өз құқықтарын пайдаланып, АҚШ-тың Иерусалим бойынша ұстанымына қарсылық білдіргендері үшін есе қайтарамыз деп қоқан-лоқы көрсетуі – шектен шығушылық...» деп жазды.
«Өтіріктің ордасы»
Израиль президенті Биньямин Нетаньяху БҰҰ Бас Ассамблеясында Иерусалимге қатысты АҚШ-тың шешімі бойынша қарар қабылданғаннан кейін арнайы мәлімдеме жасады. Өз мәлімдемесінде президент Нетаньяху Д.Трампқа және қалыс қалған мемлекеттерге алғысын білдіре отырып, «Иерусалим біздің астанамыз болған және болашақта астанамыз болып қала береді...», деді. Қарар дауысқа салынар алдындағы сөзінде Б. Нетаньяху «Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындау үшін АҚШ-қа 70 жыл керек болды. БҰҰ дәл сондай шешімге келу үшін оған жылдар керек болады» дей келе, БҰҰ-ны «өтіріктің ордасы» деп атаған.
Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дэнни Дэнон да Бас Ассамблеядағы қарар бойынша өткен пікірталаста аянып қалмады. Қарарды қолдаушы елдерге қарата айтылған сөзінде елші Дэнон «Сендер палестиналық қуыршақ шеберлері ойнатып отырған қуыршақсыңдар. Тура қуыршақтар сияқты өтірікке, манипуляцияға алданып отырсыңдар. Палестиналықтар бұл қарардың алаяқтық екенін жақсы біледі...» деді. Дегенмен, Израиль билігі БҰҰ шешімін қанша айыптағанымен, бір нәрсе анық – БҰҰ және әлемдік қоғамдастық дәл қазір Израильдің Иерусалимге қатысты ұстанымын еш қолдамайды. Мәселен, 2016 жылдың желтоқсанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильдің 1967 жылы басып алған Палестина аумағындағы демографиялық басымдықты, аймақтың мәртебесін және сипатын өзгертуге бағытталған қадамдарын айыптайтын арнайы қарар қабылдаған.
«Палестина үшін жеңіс»
Қарарды Палестина президенті Махмуд Аббастың баспасөз хатшысы Нәбіл Әбу Рдаина «Палестина үшін жеңіс» деп сипаттады. Сондай-ақ ол «Біз БҰҰ және өзге де халықаралық форумдарда оккупацияны тоқтатуға және Шығыс Иерусалим астанасы болатын Палестина мемлекетін құруға күшімізді сала береміз...», дей келе Палестина билігі АҚШ-қа қарағанда халықаралық ұйымды ел тағдырын айқындауда сенімдірек серіктес көретінін жеткізді. Ал Палестинаның Сыртқы істер министрі әрі БҰҰ-дағы бақылаушысы Риад Мәлки болса Трамптың Иерусалим мәртебесі бойынша шешімін «Киелі қаланың мәртебесі мен позициясына еш әсері болмайды. Алайда ол АҚШ-тың бейбітшілік медиаторы ретіндегі рөліне әсер ететін болады», деп мәлімдеді.
Халықаралық қоғамдастық ұстанымы
Трамп әкімшілігінің егер БҰҰ елдері Вашингтонның шешіміне қарсы дауыс берсе, АҚШ оларға берілетін қаржылық көмекті азайтуы мүмкін деген қатаң ескертуіне қарсы бірнеше мемлекет өкілдері өз пікірлерін білдірді. Өзін мұсылман әлемі көшбасшыларының бірі санайтын Түркия президенті Режеп Ердоған алғашқылардың бірі болып БҰҰ қарары бойынша тікелей АҚШ президенті Д. Трампқа қарсы мәлімдеме жасады. Ол қарар дауысқа түскенге дейінгі өз сөзінде «Трамп мырза, сен өз долларыңмен Түркияның демократиялық еркін сатып ала алмайсың... АҚШ ол жерде өз қалауына қол жеткізбейді және әлем солай АҚШ-қа үлкен сабақ береді деп үміттенемін және күтемін...», деп атап өтті. Сондай-ақ Венесуэланың БҰҰ-дағы өкілі Самуэль Монкада Акоста «Әлем сатылмайды және сенің қорқытуың жаһандық бейбітшілікке қауіп төндіреді» деді. Пәкістанның халықаралық ұйымдағы тұрақты өкілі Мәлиха Лоди болса «Біз АҚШ-тың шешіміне өкініш білдіреміз және қолдамаймыз. Әлем ешбір заңсыз әрекетті қолдай алмайды және қолдамайтын болады», деп мәлімдеген.
Айта кету керек, қарар БҰҰ Бас Ассамблеясында дауысқа салынғанға дейін АҚШ пен Израильден басқа ешбір мемлекет құжатты айыптап мәлімдеме жасаған жоқ. Ал 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырыстарында төрағалық ететін Қазақстан Трамп әкімшілігінің Иерусалимге қатысты шешімін мақұлдамайтын қарарды қолдаған 128 елдің қатарынан табылды. Желтоқсанның басында Вашингтон Иерусалимді Израильдің астанасы деп танитындығын жариялаған кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қаланың қазіргі мәртебесінің сақталуын жақтап, «екі халыққа – екі мемлекет» қағидасын қолдайтынын мәлімдеген. Қазақстанның қарарды қолдауы БҰҰ тарапынан мойындалған 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болатын Палестина мемлекетінің құрылуын жақтайтын халықаралық қоғамдастықтың ұстанымымен үндес.
Қарардың мәні неде?
Шын мәнінде, БҰҰ-ның Трамп әкімшілігінің Иерусалим қаласының мәртебесін өзгертуін айыптайтын қарары символикалық мәнге ие ресми құжат қана. Ол АҚШ-тан Израиль мен Палестинаға қатысты саясатын өзгертуді талап етпейді. Сондай-ақ қарарды жақын арада геосаяси өзгерістерге себеп болатын саяси шешім деуге еш келмейді.
Дегенмен, осылайша Вашингтонның Израильге ашық қолдау білдіруі ұзақ мерзімді аралықта АҚШ-тың өткен ғасырдан бері қалыптасқан дипломатиялық капиталына және Трамптың саяси болашағына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Егер алда Трамп әкімшілігінің Американың халықаралық аренада еркін сауда және адам құқықтары секілді либералдық құндылықтарға сүйенетін саясатына қайшы шешімдері көбейе түссе, АҚШ-тың әлемдегі көшбасшылық позициясы әлсірейтін болады. Оған негіз де жоқ емес. Осы уақытқа дейін Д.Трамп Транс Тынық мұхиты серіктестігінен (ТPP) Американы алып шығып, кезінде АҚШ-тың бастамасымен қабылданған халықаралық Париж климаттық келісімінен бас тартып үлгерді. Сонымен қатар Вашингтонның Иерусалимнің мәртебесі бойынша шешімі және оған қарсы БҰҰ елдерінің реакциясы Палестина және Израиль қақтығысындағы АҚШ-тың араағайындық рөлін әлсірете түсуі мүмкін.
Екінші жағынан президент Трамптың сыртқы саясаттағы «Америка бірінші» стратегиясы АҚШ-пен қатар оның өзін де саяси тығырыққа тіреуі ықтимал. 2016 жылғы сайлау науқаны кезінде және Ақ үй иесі атанғаннан кейін де Д.Трамп АҚШ халықаралық ұйымдарға қаржы құю арқылы америкалық салық төлеушілердің ақшасын желге шашып жатыр деп қалыптасқан сыртқы саяси курсты қатаң сынаған болатын. Мәселен, Солтүстікатлантикалық келісім ұйымын (NATO) қаржыландыруды азайтып, тіпті мүшеліктен бас тартуды қарастыруымыз керек деп те талай рет мәлімдеді. Алайда вице-президент М.Пенс, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі, генерал Макмастер және Пентагон иесі генерал Мэттистен тұратын үштік саяси тәжірибесі жоқ президент Трамптың НАТО туралы ойын өзгерте білді. Ал Д.Трамптың Иерусалимнің мәртебесі бойынша АҚШ-тың іс-қимылын айыптайтын БҰҰ қарарын жақтаған елдерге қарсы «қаржылық қолдауды азайту» тактикасы арқылы қорқытуы да табысты болмады.
Сыртқы саясаттағы сәтсіз қадамдар америкалық сайлаушылар тарапынан президент Трампты қолдауды әлсірете түсуі мүмкін. Желтоқсанның басында Мэриленд университеті жүргізген зерттеу көрсеткендей, америкалықтардың 63 пайызы АҚШ-тың Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшіруіне қарсы. Ал Gallup орталығының зерттеуі бойынша, Эйзенхауэрден бергі кезеңдегі АҚШ президенттерінің алғашқы қызметтік жылына америкалықтардың көңілі толуы бойынша Д.Трамп 35 пайыз көрсеткішпен ең төменгі орында тұр.
Шалқар НҰРСЕЙІТ,
«Егемен Қазақстан»