Қазақстан көгілдір отынды бұған дейін Ресей арқылы тек Еуропаға экспорттап келсе, енді тікелей Қытай нарығына шығу арқылы өз еркіндігін алып отыр. Бұл оқиғаны соңғы жылдары қарқынды даму жолына түскен қазақстандық газ саласындағы ең іргелі бетбұрыс деп бағалауға болады.
Әлемдік сарапшылар таяу уақытта «газ дәуірінің» басталатындығын зерттеп, біліп және жақын жүзжылдықта тіршіліктің барлық салаларында негізгі орынды көгілдір отын алатындығын болжап отыр. Дәл осы көгілдір отын дәстүрлі мұнай мен көмірге қарағанда таза, қауіпсіз және анағұрлым арзан шикізат болып табылады. Ең бастысы, ол қоршаған ортаға қауіпсіз.
Экспорттық желіні Шығысқа бұруға экономикасы дамыған және перспективалы салаларының біріне айнала бастаған Қазақстанның газ саласы тыңғылықты дайындықпен келді. Ел өңірлерін газдандыру, ресурстық базаны және газ өндіруді ұлғайту, сондай-ақ тасымалдау, транзит және экспортты кеңейту ұлттық газ операторы – «ҚазТрансГаз» АҚ үшін стратегиялық басымдық ретінде белгіленген. Тәуелсіздік алғалы бері біздегі газ саласы іс жүзінде толықтай жаңартылғанын айта кетсек артық болмас. 120 жылға жуық тарихы бар мұнай саласымен салыстырғанда, газ саласының 60 жылдық қана тарихы бар екен. Дегенмен, 1990-жылдары Қазақстанға 20-30 жыл қолданылған құбырлар желісі мен газ тарату жүйесі мұраға қалды. Ал бүкіл Орталық Азия өңірінің газ ағыны Ресей аумағына, сол арқылы Еуропаға бағытталды, ал Қазақстан тек көгілдір отынды тасымалдайтын «көпір» ретінде қызмет атқарды. Араға жиырма жылдан аса уақыт салып «ҚазТрансГаз» бұл қалыпты мүлде өзгертіп, түбегейлі жаңаруға қол жеткізді.
Қазақстандық газ тасымалы жүйесі бірінші кезекте отандық тұтынушыларды газбен қамтамасыз етіп, өзінің тікелей мақсаты бойынша қызмет ете бастады. Бүгінде көгілдір отын игілігін ел ішінде 8 миллионнан астам адам көруде, бұлар – газдандырылған 10 өңір тұрғындары. Екіншіден, газ саласын дамытуда тағы бір маңызды қадам – қуатты кеңейту және газ тасымалдау бағыттарын әртараптандыру. Бұл транзиттік әлеуетті ғана емес, меншікті газ экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік берді.
Біздің мемлекетіміздің аумағынан үш трансұлттық магистральды газ құбыры өтеді. Олар «Орталық Азия-Орталық», «Бұқара-Орал» және «Орталық Азия-Қытай». Айта кетсек, биыл отандық мұнай-газ өнеркәсібі мерейлі күнді – «Орталық Азия – Орталық» магистральды газ құбырының пайдаланыла бастағанына 50 жыл толғанын атап өтті. Дәл осы «Бұқара-Орал» және «Орталық Азия-Орталық» газ құбырларын салу – қазақстандық газ тасымалдау саласының бастауы болғанын да ұмытпағанымыз жөн.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында тұрғызылған «Орталық Азия-Орталық» магистральды газ желісі көп жылдар бойы әлемдегі ең ұзын газ құбыры деп есептелді. Қазір ұзындығы жөнінен үшінші орынды иеленсе де, әлеуеті өте жоғары газ инфрақұрылымы болып қала бермек. Бұл құбырды жаңғырту мақсатымен ірі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2007 жылы лупинг салынды, 2008 жылы – «Опорная» компрессорлық стансасы, 2013 жылы «Мақат» стансасы тұрғызылды. 2014 жылы «Жаңғала», «Мақат», «Опорная» және «Бейнеу» стансаларында газды оңтүстік өңірімізге айдауға және Қытайға экспорттауға арналған реверстік қондырғылар орнатылды. Осының арқасында «Орталық Азия-Орталық» магистральды газ құбырына республикадағы ірі кен орындары – «Қашаған», «Теңізшевройл», «Шағырлы» және «Шомышты» қосылды.
Қазақстандық қана емес, әлемдік газ саласында елеулі орны бар тағы бір алып жоба – Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қытай аумақтарымен өтетін «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбыры. Оның Түрікменстаннан Қытай шекарасына дейінгі ұзындығы 1833 шақырымды құрайды, оның 1300 шақырымы біздің еліміздің аумағында жатыр. Бұл бөлік «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбыры деп аталады. Халықаралық ауқымды жобаның жалпы құны 7 млрд АҚШ долларын құраса, жобалық қуаты – жылына 55 млрд текше метр. Таяуда ғана «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының жаңа №3 (КС-3) компрессорлық стансасын пайдалануға беру рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев тоғыз жыл ішінде осы магистральды газ құбырында 11 компрессорлық станса тұрғызылғанын, екеуі келесі жылы іске қосылатынын мәлімдеді. «Бұл бізге жылына газдың 55 млрд текше метр жалпы қуатына шығуға мүмкіндік береді. Осы тоғыз жыл ішінде толық қуатына шықпағанның өзінде 200 млрд текше метр Орталық Азия елдерінің (Өзбекстан, Түрікменстан – ред.) газы осы құбыр арқылы тасымалданған. Биылғы қысқы кезеңде біз қазақстандық газдың 2-2,5 млрд текше метрін Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Қытайға 5 млрд текше метр өз газымыз экспортталатын болады», деді Сауат Мыңбаев.
Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта көлік-логистика саласын дамытудың жаңа қадамы деуге болады. Мамандар берген мәліметке сүйенсек, 2008 жылдан 2017 жылдың желтоқсан айына дейін «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының А, В және С тармақтарындағы құрылыс жұмыстарына 15 мыңнан астам адам тартылған. Тұрақты 1113 жұмыс орны ашылған. Олардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Бұл ретте «Орталық Азия-Қытай» магистральды газ құбырының қуаты жылына 65 млрд текше метрге дейін өсуі және әлемдегі газ тасымалдайтын ең ауқымды жүйелердің бірі болуы мүмкін. Осы орайда Еуразияның көлік-логистикалық хабына айнала бастаған еліміздің Шығысқа қарай маңызды құбыр дәлізін салу барысында қазіргі заманғы компрессорлық стансаларды, соңғы үлгідегі газ айдаушы агрегаттарды және басқа да озық технологияларды енгізу есебінен өзінің газ инфрақұрылымын, транзиттік әлеуетін барынша арттырғанын да атап өткен жөн.
Былтырғы жылдың аяғында ұзындығы 1 477 шақырым және құбыр диаметрі 1067 мм болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры толық іске қосылып, Қазақстанның батысынан оңтүстігіне отандық газ жеткізіп, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етті. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өткен құбыр елді мекендерді газдандыруға зор серпін берді. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 40-50 ауылға осы құбырдың газы жетті. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 500-ге жетпек. Алғаш рет Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы, Қапшағай, Шелек, Есік және Жаркент қалалары газдандырылды. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы Елбасы қолдауымен жүзеге асқан стратегиялық маңызы зор ірі құбыр жобасы болды.
Жалпы, биыл тасымал қуатын арттырған 4 бірдей жаңа компрессорлық станса іске қосылды: «Бозой» КС, «Қараөзек» КС және «Қазақстан-Қытай» газқұбырының КС-1 және КС-3. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қатысуымен газ саласының екі ірі жобасы іске қосылды. Оның бірі – «Бозой» газ қоймасының Газ құрғату қондырғысы. Бұл нысан екі маңызды міндетті шешті – оңтүстікке газды тұрақты жеткізу және Қытайға газ экспортын ұлғайтуды қамтамасыз ету. Кептіру кешені газды механикалық қоспалардан және ылғалдан барынша жылдам тазартады, оны магистральды газ құбырына беру жылдамдығын ұлғайтады.
Ішкі нарықта газды экспортқа үздіксіз беру үшін «ҚазТрансГаз» Ақтөбе облысы Шалқар ауданында орналасқан «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасына ірі реконструкция жүргізуде. Осы стратегиялық құрылыс 4 миллиард текше метрге дейінгі газды сенімді сақтап қана қоймай, маусымдық тұтынуды реттеуге де мүмкіндік береді. Мұның бәрі Қазақстанның «газ дәуіріне» нық аяқ басқанын, газ саласының әлеуеті артқанын көрсетсе керек.
Халықаралық сарапшылар бүгінде газ тасымалдау жүйеміздің техникалық жағынан өте жақсы күйде екенін, жылына газ айдау көлемін 120-160 млрд текше метрге дейін ұлғайту перспективасы барын айтып отыр. Көгілдір отынды тасымалдау көлемі артты, кез келген бағытқа газ тасу, өткізу жолға қойылып, әртараптандырылды. Яғни, қазақстандық газ тасымалы жай ғана транзиттік тораптан Орта және Орталық Азияда газ ағындарын қамтамасыз етіп отырған мықты операторға, ірі газ экспорттаушы елдердің біріне айналды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»