– Данияр Талғатұлы, осы жылдың алдын ала қорытындысын қалай бағалайсыз? Қандай мақсаттарға қол жеткізе алдыңыздар? Шешілмеген міндеттер қалды ма?
– Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету Ұлттық Банк үшін басым міндет болып табылады. Осыған орай алда қорытындыларды шығара бастаймыз. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша инфляция 11 айда 6,3% деңгейінде қалыптасты. Бұл 2016 жылға қарағанда төмен. 2017 жыл ішінде инфляция жылдық көрсеткіште Ұлттық Банктің 6-8% нысаналы дәлізі шегінде қалды. Осылайша, Ұлттық Банк жүргізген ақша-кредит саясатының нәтижесінде, сол сияқты сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен инфляциялық процестердің баяулауы маңызды қорытындылардың бірі болды.
Екіншіден, Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режімін жүргізуді жалғастырды. Теңге бағамы Ұлттық Банктің аз араласуы кезінде іргелі факторлардың әсерімен валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың негізінде қалыптасты. Жыл бойы ішкі және сыртқы факторлар серпіні түрлі бағытта дамыды, айырбас бағамының күнделікті ауытқулары айырбас бағамын тепе-тең етіп ұстап тұруға және теңгерімсіздікті ұлғайтпауға мүмкіндік берді. Яғни, теңге бағамы автоматты тұрақтандырғыш функциясын атқарды.
Үшіншіден, теңгемен депозиттердің тартымдылығын сақтау долларсыздану процесіне ықпал етіп, банктердің ұлттық валютамен қорлануын ұлғайтуға жәрдемдесті. 2016 жылғы қаңтарда долларлану деңгейі өзінің ең жоғары 70% мәніне жетсе, ағымдағы жылы депозит нарығында біз валюталық және теңгелік депозиттер арасындағы тепе-теңдікті байқадық – долларлану деңгейі 48-50% шегінде.
Төртіншіден, Ұлттық Банк банктердің кредиттеуді жаңғыртуы үшін жағдайлар жасай алды. Жыл басынан бері экономиканы кредиттеу 3,2%-ға ұлғайып, 2017 жылғы қазанның соңында 13,1 трлн теңгеге жетті. Кредиттеуді жандандыру ақша-кредит саясатының жұмсаруы нәтижесінде іскерлік белсенділіктің артуы және тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы аясында орын алуда. Жыл басынан бастап базалық мөлшерлеме 12%-дан 10,25%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендетілді, ал базалық мөлшерлеме төмендетілген соң барынша қолжетімді болатын кредиттік ресурстардың құны да төмендейді.
Бесіншіден, 2017 жылы Қаржы министрлігімен бірлесіп кірістілік көлбеуін қалыптастыру жұмысы жалғасты. Ұлттық Банк 1 жылға дейінгі аралықта қысқа мерзімді ноттар шығарды. Қаржы құралдарының кірістілігі бойынша ұзақ мерзімге арналған (10 жылдан астам) бағдарларды қалыптастыру үшін тамызда Ұлттық Банктің меншікті портфелінен 12, 15 және 17 жылдық мерзімдермен ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар сатылды. Нәтижесінде, кірістіліктің 2016 жылы инверсиялық нысаны бар тәуекелсіз көлбеуі қалыптандырылуда.
Ағымдағы жылы қол жеткізілген оң нәтижелерге қарамастан, шешілуі көп уақытты талап ететін міндеттер бар. Бұл қаржы секторын одан әрі долларсыздандыру процесі, банктерді қалыпқа келтіру және қаржылық орнықтылығын арттыруға қарай банк жүйесіндегі кредиттеу қарқындарын қалпына келтіру, сондай-ақ пайыздық мөлшерлеме бойынша нарық күтулерін және халықтың инфляциялық күтулерін басқарудағы тиімділікті арттыру. Басқаша айтқанда, біздің мақсатымыз – нақты проблемаларды шешуден бүкіл қаржы жүйесін орнықты дамуға көшіру.
– 2015 жылғы тамызда теңгенің еркін өзгермелі бағамы режімін енгізуге және инфляциялық таргеттеуге өтуге қарамастан, көптеген қазақстандықтар бұрынғыша теңгенің айырбас бағамын күнделікті қадағалап, оның ауытқуларына алаңдауда. Жосықсыз қатысушылардың әсерінен нарықта айтарлықтай ауытқулар болған кезде дүрбелең туындап, айырбас пункттеріне кезек ағылады. Осы саладағы ахуалды қалай бағалайсыз?
– Біршама ұқсас жағдайды мысалға келтірейін. Алматылықтар – сейсмикалық аймақта тұратын адамдар арасында шамалы жер сілкінісі пайдалы деген пікір қалыптасқан, себебі олар жер қыртысындағы шиеленісті алып, елеулі жер-асты дүмпулерінің ықтималдылығын азайтады-мыс. Бұл теорияға сәйкес, осындай «бәсеңдету» болмағаны және алапат энергияның жинақталғаны қауіпті. Мен бұл сала маманы емеспін, сейсмологтар оны жақсы біледі, алайда айырбас бағамын қалыптастырумен салыстыру орынды сияқты. Тұрақтылығы алдамшы болған теңге бағамын ұзақ уақыт бойы белгілеу кезеңдерінің қандай ауыр құнсызданумен аяқталғаны есімізде. Сондықтан бүгінде орын алып отырған бағамның аздаған ауытқулары күйзелістерді сіңіріп, күрт құнсыздану мүмкіндігін болдырмайды, себебі бағам тұрақты түрде Ұлттық Банктің қатысуынсыз тепе-тең мәнде болады. Осылайша, өзгермелі айырбас бағамы режімі кезінде валюта нарығындағы ауытқулар халықтың алаңдаушылығын туғызбауы тиіс.
Айырбас бағамына әсер ететін факторларға толығырақ тоқтала кетейік. Олардың жыл бойы әсері түрлі бағытта болды. Қаңтар-мамырда сыртқы нарықтардағы жағымды жағдайлар аясында теңгенің біртіндеп нығаюы байқалды. Маусымда мұнайға баға белгіленімінің төмендеуінен елге шетел валютасының келуі азайды, бұл оған деген сұраныстың өсуіне әкелді. Халықтың девальвациялық күтулері жағдайды қиындата түсті. Теңге бағамының жоғары құбылмалылығын шектеу мақсатында Ұлттық Банк маусымда 101 млн АҚШ доллары мөлшерінде сатуды жүзеге асырып, валютаға деген артық сұранысты қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдады, бұл маусымдағы бүкіл валюталық сауда-саттық көлемінің 3%-ынан аз. Үшінші тоқсанда, мұнай бағасының жоғары серпініне қарамастан, девальвациялық күтулер сақталды. Бұл БАҚ-тағы жарияланымдарға, атап айтқанда кейбір «сарапшылардың» негізсіз мәлімдемелеріне байланысты болды. Нәтижесінде шетел валютасына деген артық сұраныс байқалды. Оны қанағаттандыру үшін Ұлттық Банк сондай-ақ шетел валютасының сатушысы болу туралы шешім қабылдады. Бұл валюта нарығының біртіндеп тұрақтануын қамтамасыз етті. Қазанның екінші жартысынан бастап валюта нарығындағы жағдай тұрақтылығын жалғастыруда. 11 айда теңгенің айырбас бағамы бір АҚШ доллары үшін 331,2 теңгеге – 0,6%-ға нығайды. Теңге бағамының қалыптасуы шетел валютасына деген сұраныс пен ұсыныстың әсерінен нарықтық жағдайларда орын алуда. Желтоқсанда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 332,75-335,05 теңге аралығында шамалы ауытқуды көрсетіп отыр. 12 желтоқсанда биржалық бағам ай басынан бері 1 АҚШ доллары үшін 334,85 теңгеге дейін 1,1%-ға әлсіреді (жыл басынан бері әлсіреу – 0,5%).
– 2018 жылы ақша-кредит саясатына түзетулер енгізу жоспарланып отыр ма? Келесі жылы Ұлттық Банктің қызметінде қандай басымдықтар болады?
– Ұлттық Банк басқармасы 2017 жылғы 29 қарашада ҚР ақша-кредит сая-
сатының 2018 жылға арналған негізгі бағыттарын мақұлдады. Бұл құжатта саясаттың келесі жылға арналған нысаналы бағдары, қағидаттары және бағыттары айқындалған. 2018 жылы ақша-кредит саясатына ешқандай маңызды түзету енгізілмейді. Бұл біздің бірізділік және болжамдылық қағидаттарымызға қайшы келер еді. Бұл қағидаттарға деген сенімді біз ыждағатпен әдетке айналдырмақпыз. Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын инфляциялық таргеттеу режімінде іске асыруды жалғастырады. Ақша-кредит саясатының шаралары инфляция бойынша орта мерзімді мақсатқа қол жеткізуге 2020 жылға қарай – төмен, бірақ 4%-ға шамасында бағытталатын болады. Бұдан басқа, келесі 2 жылға инфляция бойынша аралық нысаналы өлшемдер айқындалған: 2018 жылдың соңына – 5-7%, 2019 жылдың соңына – 4-6%.
Инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық Банк инфляцияның іс жүзіндегі және болжамды деңгейіне және басқа өлшемдерге байланысты базалық пайыздық мөлшерлемені белгілейді. Базалық мөлшерлеме нақты көрсеткіште, яғни инфляцияның 12 айлық аралықтағы болжамды мәнін шегергенде номиналдық мөлшерлеме 4%-дан аспайтын деңгейде болады.
Сонымен қатар Ұлттық Банк трансмиссиялық тетік арналарын жетілдіру, кірістіліктің барабар көлбеуін қалыптастыру үшін жағдайлар жасау, халықтың инфляциялық күтулерін тұрақтандыру жұмысын жалғастырады. Коммуникациялар жүйесін одан әрі құру арқылы экономика субъектілерінің күтулерін басқаруға едәуір мән беріледі.
Инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуге қосымша қолдау шаралары ретінде банк секторын қалыпқа келтіру, экономиканы долларсыздануды ынталандыру, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды оңтайландыру шаралары айқындалған.
– Әлемдік нарықтардағы макроэкономикалық жағдай 2017 жылы Қазақстанға қолайлы болды деп айтуға бола ма? Төлем балансының профициттік ағымдағы шотының қайтарылуынан үміт бар ма?
– 2017 жылы негізгі тауар-шикізат нарықтарындағы ахуал тұтастай алғанда Қазақстан экономикасына оң әсер етті. 2016 жылғы қарашада әлемдік мұнай экспорттаушы елдердің ауқымды тобы жасаған мұнай өндіруді қысқарту туралы келісімнің қолданылуы, сондай-ақ әлемдік сұраныстың өсуі арқасында 2017 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мұнайға орташа баға өткен жылғы 43,6 АҚШ долларымен салыстырғанда бір баррель үшін 52,4 АҚШ долларын құрады. Көптеген халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, 2018 жылы мұнай бағасы сондай-ақ бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан жоғары болады.
Әлемдік экономиканың жедел дамуы, сондай-ақ өндірістің қысқаруы аясында түсті металдар бағасы да едәуір өсім көрсетті – жыл басынан бері мыс, мырыш, қорғасын және алюминий бағасы 30%-дан астамға өсті. Бұдан басқа, Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдері – ЕО, Ресей, Қытай экономикаларының қазақстандық өнімге сұранысының өсуінде тұрақты қарқын байқалады.
Әлемдік тауар нарықтарындағы жағымды баға конъюнктурасы, сондай-ақ тұрақты сыртқы сұраныс Қашағандағы мұнай өндіруді бастаумен қатар Қазақстан экономикасының өсуіне ықпал етті. Алдын ала бағалау бойынша, 2017 жылғы 9 айда ағымдағы шот тапшылығы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 16,4%-ға төмендеп, 5 млрд АҚШ долларын құрады. Тауарлар экспортының өсу қарқындары тауарлар импортының өсуінен екі есе жоғары болды (15,6%-бен салыстырғанда 31,1%). Тікелей шетелдік инвестициялар бойынша 3,3 млрд АҚШ долларына тең таза ағын байқалды. Келесі жылы ағымдағы экономикалық конъюнктураның сақталуы және Қазақстан экономикасының сауданың жаңа жағдайларына бейімделуі ағымдағы шот тапшылығының одан әрі төмендеуіне ықпал ететін болады.
– Қазақстанда ырықтандырылған валюталық режім қолданылатыны және капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етілетіні белгілі. Сонымен бірге сіз кейбір экспорттаушылардың валюталық түсімді уақтылы қайтармауы төлем балансының көрсеткіштерін нашарлататыны және айырбас бағамына теріс әсер ететіндігі туралы айттыңыз. Валюталық түсімнің Қазақстанға уақтылы қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қандай да бір шаралар қабылдау жоспарланып отыр ма?
– Ұлттық Банк ырықтандырылған валюталық режімнің негізгі қағидаттарынан бас тартпай, Үкіметпен бірлесіп қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болашақта валюталық реттеу бөлігінде жүйелік шаралар қабылдауды жоспарлап отыр. Мәселен, Ұлттық Банк жаңа редакцияда «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын әзірледі, оның шеңберінде өзге түзетулерді қоспағанда валюталық бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі нормалар, оның ішінде ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерімен өзара байланыста оның нәтижелерін пайдалану көзделген.
– Осы жыл Банк секторының орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асырудың басталуымен есте қалды. Бұл бағдарламаны табысты іске асыру қаржы нарығының осы секторындағы проблемаларды шын мәнінде түпкілікті шеше ала ма?
– Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп банктердің несие портфелі қарыздарының сапасына байланысты проблемаларды шешу жөнінде бірнеше рет шаралар қабылдады. Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде проблемалы кредиттер нарығының (САБҰ мен ПКҚ) жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалды, жұмыс істемейтін активтерді арнайы еншілес ұйымдарға (САБҰ) беру үшін, үмітсіз қарыздарды кешіру, не есептен шығару үшін салықтық артықшылықтар берілді (2027 жылға дейін қолданылады), жұмыс істемейтін қарыздарға несие портфелінің 10%-ы мөлшерінде тікелей лимиттер белгіленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Ұлттық Банк шетел валютасында ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз және мерзімі өткен берешегі бар ұлттық валютада ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын қабылдады.
Несие портфелінің сапасын жақсарту бойынша қабылданған шаралар кешеніне қарамастан, банктердің балансында проблемалы қарыздардың жоғары деңгейінің сақталуы банктердің кредиттік белсенділігін ұстап тұрған негізгі проблемалардың бірі болып қалуда. Бұл ретте банктер активтерінің нақты сапасы қарыз алушылардың қаржылық жай-күйінің төмен сапасынан, «тұрақты емес» кепілдерді (болашақта түсетін ақша мен мүлік, еншілес компаниялардың сақтандыру полистері, жеке тұлғалардың кепілдіктері және т.б.) пайдалану практикасынан және акционерлердің және олармен байланысты адамдардың бизнесін қайтарымсыз кредиттеуден қосымша бағалауды талап етеді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде берілген тапсырмаларға сәйкес, Ұлттық Банк жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейін төмендету және экономиканы кредиттеудің одан әрі өсуіне жағдайлар жасау үшін ірі банктерді үстеме капиталдандыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ банк секторындағы жүйелік тәуекелдердің өсуіне жол бермеу жөнінде алдын алу шараларын қолдану арқылы Ұлттық Банктің қадағалау мандатын күшейтуге бағытталған ҚР банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын бастады.
Ұлттық Банк басқармасы жалпы сомасы шамамен 650 млрд теңге болатын, бағдарламаға бес банктің (АТФ Банк, Еуразиялық Банк, Цеснабанк, Банк ЦентрКредит және Bank RBK) қатысуын мақұлдады. Банктің қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда, атап айтқанда, ол пруденциялық нормативтерді бұзған немесе активтерді шығару фактілері анықталған кезде, реттелген борышты жай акцияларға ауыстыру көзделген.
Бағдарлама нәтижелері бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталын мемлекеттік қолдау сомасына ұлғайту күтіледі, бұл олардың қаржылық тұрақтылығын және ықтимал жаңа қолайсыз сыртқы факторларға орнықтылығын күшейтеді. Банк секторын қолдау шаралары банк секторының жұмыс істемейтін активтері 1 трлн теңгеден астам сомаға қысқартуға әкеледі, бұл активтерді капиталдандыруды қамтамасыз ету, есептен шығару, кешіру және активтер сапасын жақсарту бойынша басқа шаралар есебінен тұтастай ал-
ғанда ел экономикасының дамуына мультипликативті әсер етеді.
Сонымен бірге банктердің меншікті капиталын ұлғайту банктердің жұмыс істемейтін активтерін төмендетумен қатар банктердің экономиканың нақты секторын кредиттеуіне қолдау көрсетеді. Бағдарлама экономиканың аралық салаларының одан әрі дамуына ықпал ететін болады, бұл өз кезегінде түпкілікті қарыз алушылардың – экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының қаржылық жай-күйінің қалыпқа келуіне ықпал етеді.
Меншікті капиталдың өсуі және жұмыс істемейтін кредиттердің төмендеуі банктердің қолданыстағы стратегиялары мен бизнес-үлгілерін қайта қарауға және оңтайландыруға әкеледі, оның нәтижесінде банктердің банктік қызметтердің жаңа және тиімді түрлерін кредиттеуде, кеңейтуде және дамытуда белсенділігінің артуы күтіледі.
– Ұлттық Банктің сіздің басшылығыңызбен шешіп отырған тағы бір ескірген проблемасы – валюталық қарыз алған және төлем қабілеттілігін жоғалтқан ипотекалық қарыз алушылар проблемасы. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Қарыз алушы жеке тұлғалар үшін қаржы дағдарысының салдарын жеңілдету тұрғысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бас-
тап Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.
Бүгінгі күні бағдарлама 23 мыңнан астам азаматтар үшін жалғыз баспанасын сақтап қалуға және борыштық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік жасады. 2027 жылға дейін ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып бағдарлама шамамен 40 мың қарыз алушыны қамтиды. 2017 жылғы 11 сәуірде Мемлекет басшысы Ұлттық Банкке Үкіметпен бірлесіп бағдарламаны кеңейтудің орындылығы туралы ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ипотекалық нарық мониторингі банктерден жылжымайтын тұрғын үйін кепілге қойып, шетел валютасында қарыз алған және бағдарламаның өлшемшарттарына сәйкес келмейтін азаматтар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар ағымдағы экономикалық ахуалда барынша әлсіз болып табылатынын көрсетті. Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп қарыз алушылардың осы санатына жәрдемдесу мәселесін қарастырады.
– Қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқару нарығына жеке басқарушыларды шығаруға дайындық қалай өтуде?
– Қазақстан Республикасы Президен-
тінің тапсырмасын орындау шеңберінде Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін салымшының таңдауы бойынша жеке басқарушы компанияларға беруді көздейтін зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалау бойынша ұсыныстар дайындады.
Талқылау аяқталған соң Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар қабылдау талап етіледі.
Сонымен қатар Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін және Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін басқару тәжірибесінің негізінде БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің валюталық бөлігін жаңа стратегиялық бөлуді әзірледі. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар БЖЗҚ инвестициялық декларациясында көрсетілді. Жаңа бөлу шеңберінде БЖЗҚ инвестициялық декларациясында көзделген облигациялар мен акциялардың жаһандық индекстеріне индекстік инвестициялауды пайдалану жоспарланып отыр. Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерін индекстік инвестициялауды шетелдік басқарушы компаниялар жүзеге асыратын болады.
– Ұлттық Банктің ноттарын сатып алуға халықтың қолжетімділігі бойынша блокчейн технологиясын пайдалана отырып іске асырылатын қанатқақты жоба қандай сатыда?
– Қазіргі уақытта маңызды жұмыстың бірі қызметімізге жаңа технологияларды ендіру болып табылатынын осыдан бұрын хабарлаған болатынбыз, оның бірі блокчейн технологиясы болып табылады. Бұл технологияны пайдалана отырып қанатқақты жоба ретінде Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттарын халыққа өткізуді бастау жоспарланып отыр. Жобада халықтың Ұлттық Банктің бағалы қағаздарын web-қосымша арқылы, сол сияқты мобильді қосымша арқылы да сатып алуға мүмкіндігі болатыны қарастырылмақ. Қазіргі уақытта жобаның қажетті ұйымдастыру-техникалық және дайындық аспектілерін әзірлеу жалғасуда. Атап айтқанда, «өнім» бойынша техникалық жұмыстар аяқталды, мобильді және веб-қосымшалар әзірленді, инфрақұрылымдық субъектілердің қатысуымен бірқатар тестілеу кезеңдері өткізілді.
– Биыл, 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Қаржыгерлер конгресі өтті. Сіздің бұл іс-шараға қатысты күтулеріңіз ақталды ма? Форумның қандай да бір нақты, айтарлықтай нәтижелері болды ма? Талқылау жалғасын тапты ма?
– Күтулер тұтастай алғанда ақталды, себебі конгрестің күн тәртібі ағымдағы қаржы нарығының негізгі мәселелерін және оның әртүрлі проблемаларын талқылауға мүмкіндік берді. Конгресте талқыланған негізгі тақырыптардың арасынан қаржы секторының орнықты дамуына арналған талап ретінде макроэкономикалық саясаттың болжамдылығын, адам капиталын қоса алғанда қаржы секторының даму факторларын бөліп атауға болады.
Қорландыру және реттеу, бәсекелес орта, жаңа технологиялар және қор нарығын дамыту мәселелері де күн тәртібінен тыс қалған жоқ.
Айтарлықтай нәтижелерге келсек, конгресс Қазақстан қаржы секторына қатысушылардың қаржы секторындағы әлемдік революция аясында, сондай-ақ қаржылық қызметтерді көрсетудегі үлгіні ауыстыру тұрғысынан олардың алдында ашылатын тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы бірінші болып білуіне ықпал етті. Елдің қаржы секторын түбегейлі «қалыпқа келтіру» талап етіледі. Ол үшін, осыған дейін атап өткенімдей, банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы іске асырылуда.
Конгрестің тағы бір қорытындысы, оған қатысушылар осы форумды өткізу дәстүрін жалғастыру орынды деген тұжырымға келді, себебі бұл алаңды жаңарту қаржы нарығына барлық қатысушылар арасында жемісті ынтымақтастықты реттеуге мүмкіндік беретін қадам жасауға жол ашты. Конгрестің келесі отырысын біз ұлттық валюта – теңгенің 25 жылдығы қарсаңында өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Жаңа жыл қарсаңы – қорытынды шығару ғана емес, сол сияқты құттықтаулар мен тілектер айту уақыты. Осы күндері қазақстандықтарға не тілер едіңіз?
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен «Егемен Қазақстан» газетінің барлық оқырмандарын өткен Тәуелсіздік күнімен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтағым келіп отыр. Жаңа жыл – ерекше мереке, ол бізге тамаша көңіл-күй сыйлап, болашаққа деген сенімді арттырады. Өткен жылы сіздерге шаттық сыйлаған барлық жақсылық келесі жылы да жалғассын! 2018 жыл қуанышқа толы жыл болын! Әрбір үйге және әрбір отбасына денсаулық, береке-бірлік және қаржылық әл-ауқат тілеймін! Ертеңгі күнімізге сенімді болайық!
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»