Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2017

Сүйінбай, Жамбыл жері осы

844 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың қай өңірі, қай топырағы болсын киелі. Алматыдан алпыс шақырым жерде орын тепкен Жамбыл ауданына табанымыз тигенде осы сөз ойымызға тағы да бір оралды. Ежелден ақындар мен батырлар елі саналып, Сүйінбай мен Жамбыл, Нұрғиса мен Есенқұл сияқты алыптарды түлеткен киелі топырақ келген жанға құшағын кең ашады. Ел өміріне етене жақын «егемендіктер» баспасөзге жазылу науқаны аясында баурайынан бақ, байлауынан ат кетпеген аруақты мекенге арнайы барып, Жамбыл ауданы жұртшылығының жай-күйімен танысып қайтқан еді. 

Сүйінбай, Жамбыл жері осы

Фото: Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Бұл өлкеге табаны тиген адам ең әуелі жыр алыбы Жамбылдың мұра­­жайына бас сұғып, әруағына құрмет көрсетпей кетпейді. Бізде осы дәстүрден жаңылмадық. Айналасы ат шаптырым аумақта орын тепкен Жамбыл атамыздың өзі тұрған еңселі үйі әдемі музейге айналған екен. Дәл осы аулада бірі жырдың, бірі сиқырлы саздың жампозы қос алып Жамбыл мен Нұрғисаның сүйегі жатыр. Алыптар аруағына құран бағыштап дұға оқығаннан кейін музей ішіне ендік. Бізді бұл жерге Алматы облысының құрметті азаматы, белгілі журналист Күмісжан Байжан мен Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев бас­тап барды. Мұражайға кіре сала көңі­ліміз­ді ерекше күйге бөлеген бір жағ­дай Жамбыл ақынның туған неме­­ресі алдымыздан шығып қарсы алғаны болды. Газетіміздің ардагері, осы ауданның тумасы Гүлзейнеп Сәдір­қызы бағанадан бері музей ішін аралатып жүрген Жәкеңнің кіші баласы Тезекбай атамыздың қызы Салтанат Жабаева екенін айтып ресми түрде таныстырды. Ақынның тікелей ұрпағы ата аманатын көздің қарашығындай сақтап, музейде қор сақтаушы қызметін атқарады екен. Күміспен күптелген құран, ер, төрт өрме қамшы, Түрікмен жазу­шылары сыйға тартқан зерлі ша­пан, домбыра, фарфор ыдыстар мұра­жайдағы құнды жәдігерлер санатында. Оған қоса ақынның тұрмыста тұтынған заттары, тыныққан төсегі мен отырған орындықтарына дейін орнында тұр. Бұл жерден алған әсеріміз, көргеніміз бен түйгеніміз бір үлкен мақалаға сұранып-ақ тұр.

Бойымызды осындай сезім билеп, Жамбыл ауылының жұпар ауасын құшырлана жұтқаннан осындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке ат басын бұрдық. Газетіміздің Алматы бөлімшесінің қызметкерлері жас шәкірт­­терге ілтипатын біл­діріп, ақ тілегін арнай отырып мек­теп кітап­ханасына басылым ұжы­мы атынан «Егемен Қазақстан» кітап­ханасы» сериясымен жарық көрген Шерхан Мұр­тазаның «Намыс найзағайы» кітабын тарту етті.

Ауданның тыныс-тіршілігі ең алдымен экономикалық әлеуетінен көрінеді. Жұрттың негізгі кәсібі – мал шаруа­шы­лығы мен егін шаруа­шылығы. «Тоқым­дай жерде тоқсан түрлі шөп өсетін қызырлы даланы мекен­деген жұрттың аузы ақтан ажы­рап көрген жоқ» дейді ауыл ақса­қалдары. Мәселен, ағымдағы жыл­дың 11 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласы бойынша 43 млрд 575 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,9 пайызды құраған. Осының нәтижесінде аудан дәнді дақылдарды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша облыс­та алдыңғы орын­дардың қатарынан көрінген. Атап айтқанда, қой мен ешкі өсіруден бі­рінші, ірі қара, жылқы және түйе өсіруден екінші, құс саны бойынша бесінші орынға тұрақтаған. Осы және өзге де жетістіктер туралы «Егемен Қазақстан» газетінің жур­налистерімен кездесуінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев кеңінен айтты.

– Бүгінгі күні ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 3497 шаруа қожалықтары жұмыс іс­тейді. Маусымаралық уа­қытта Алматы қа­ласы мен аудан­ халқын көкөніспен тұрақты түр­де қамтамасыз ету мақ­сатында жал­пы көлемі 8,6 га құрайтын 8 жы­лыжай жұмыс істеп, жыл бойы 1131 тонна өнім өндірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қазіргі таңда елімізде еңбек етем деген адамға барлық жағдай жасалған. Көптеген заманауи технологияларды пайдалана отырып ауыл шаруашылығын да­мытуға бағытталған нысандар іске қосылды. Соңғы жылдардың өзінде ауданымызда үш бірдей іргелі білім ошағы бой көтерді. Осынау киелі топырақтан қазақ халқына қызмет ететін әлі талай марғасқалар шығуы тиіс, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Сөз арасында аудан басшысы та­ри­хы тереңде жатқан ел газеті «Еге­менге» ерекше құрметпен қа­рай­тынын, ел өмірінде бұл ба­сы­лымның алар орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ ауданның құрметті қариясы, Жам­был аудандық Қоғам­дық кеңес тө­рағасы Әскербек Абаев ақсақал да «Егемендегі» елеулі өзге­рістерді тіл­ге тиек ете келе: «Соңғы уақыттары ғасырлық тарихы бар басылым мазмұн жағынан да, мән-маңызы жағынан да тың тыныс алып келеді. Басылым басшы­сы Дархан Қыдырәлі бастаған үлкен ұжым Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда табандылық танытып отыр. Ел тарихында «Егемен Қазақстан» газе­тінің орны қашанда бір төбе», деп ризашылығын білдірді.

Сапар барысында аудан ақса­қал­дарымен, зиялы қауым өкіл­дерімен жолығудың да реті кел­ді. Қанша жыл­­дан бері осы мекен­нің тыныс-тір­шілігінің айнасы болған «Атамекен» газетіндегі қалам­дастарымызбен қауышып кездесу соңы ән мен жырдан шашу шашылған рухани кешке ұласты. Халықтың басылым тарапына айтылған жылы лебізін біздің газетке ғана емес, жалпы қазақ баспасөзіне деген құрметі деп түсіндік.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ