Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсы болатын. Алматы қаласы. Көк базардың бас қақпасына қарама-қарсы бой көтерген тоғыз қабатты Баспасөз үйі. Елдің ең негізгі басылымдары осы жерден жарыққа шығып, жария болып аттанып жатады. Сол кездегі өзінің таралу данасы жағынан үш жүз мыңдық деңгейге жетіп, одақтас республикалардың алдын бермей келе жатқан албырт басылым – «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі кезім. Таңертеңгілік мезгіл еді. Ішке кіріп келе жатыр едім, жоғары көтерілетін баспалдақтың жанында тұрған еңселі, бойшаң да көрнекі тұлғалы, жасы алпыстың ауылына аяқ салған бір аға маған көз тоқтата қарап тұр екен.
Бұл кісіні соңғы кездері осы жерден жиі көре бастаған едім. Сәнді киініп, сыпайы тіл қатып, текті адамның болмысын танытып, кішіні баурап, ағаны алқалап, қазақы мінез-құлықты жасандылықсыз байқатып, емен-жарқын болып тұратын ағаны көріп, тоқтап сәлем бердім. Күректей қос алақанымен қолымды қаттырақ қысып, өзінің бауырына қарай тартты. «Інім, мен Аймұхамет деген ағаң боламын, «Дәуір» баспасының шаруашылық, есеп-қисап жағында қызметтемін. Асығып келе жатпасаң, сәл аялда, кеңірек танысалық», деді қамқор үнмен. Кідірдім. Екінші қабатқа көтеріліп, орындыққа жайғастық.
«Мен жасым келіп қалса да, жастар газетін қадағалап оқимын. Сені сыртыңнан жақсы білемін. Соның ішінде Әбділда Тәжібаев, Шыңғыс Айтматов, Зейнолла Қабдолов, Мұқағали, Сағи, ел мен жер, тіл мен діл туралы жазған мақалаларыңды оқығанмын. Тіл мен дәстүр, халқымыздың өнері мен мәдениеті туралы жазғандарыңды да жібермей оқып жүрмін. Бүгін жете танысудың реті келді, қалқам, жаза бер, халқымыздың ұшан-теңіз қазынасы қанша жазса да көптік етпейді. Менің жұмыс кабинетім осы екінші қабатта, кез келген уақытта келіп тұр. Әрқашан тілектес ағаңмын», деп ағынан жарылып, батасын берді. Сол күннен бастап Айекеңмен жиі кездесіп, арқа-жарқа әңгіме айтып, аға-інілік сыйластықтың сүрлеуіне түстік. Үлкен ғимаратқа кіріп келе жатып, екінші қабатқа көз салып, Айекеңді көрем бе деп, кідіре жүретін болдым. Ол кез мұндай ағалардың аяғы сиреп бара жатқан уақыт еді.
Халқымызда «Әкең өлгенмен, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ғибратты сөз бар. Мұның мағынасы тереңде жатыр. Сөздің құны мен құнарын шала білетін кей жастар бұл сөздің әуезін ретсіз қайыратын болды. Айекең де өмірден озды. Бірақ соңында жақсы сөзі, жарасымды тірлігі, жарқын мысалы қалды. Атын шығаратын азамат ұрпағы қалды. Тәуелсіздіктің тал бесігі тербелген кезде мұндай ағалардың ақыл-кеңесі ауадай қажет еді. Ит жылының қақпа қағар тұсында жеті белестің қоңырауын тербеткен Тайыр Аймұхаметұлы туралы жазу ниетінде қалам ұстап, ойға батқанда, осы бір дерек қаламға сұранды. Мен бұрын Тайыр ағамызды сырттай білетін жандардың бірі едім, ойлана қарасам, оны көптен білетін болып шыға келдім. Әкесінің көзін көрдім, қолын алдым, Айекең сол кезде партиялық жұмыста жүрген азамат ұлы бар екенін тоқмейіл көңілмен айтқаны есіме түсті.
Тәуелсіздік талай тұлғаларды тудырды. Талай тұлғаларды қалыптастырды. Азаттықтың алғашқы арайында ат жалын тартып мінген арқалы азаматтар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жанынан табылып, сенімді серіктерінің сапынан орын алды. Жұмыла іздене жүріп, оның сындарлы саясатының серпінін сезініп, төркінін түсініп, келер күнге ұмтылған кемел ойдың кемесіне бірге мінді. Желкенін жақсылықтың желі керген желдес сапарда тапсырылған мандатты жоғары ұстай білген азаматтардың алғы қатарында келе жатқан Тайыр Аймұхаметұлының өнегелі өмірбаянын өзекке тоқысақ, алғашқы еңбек жолын Алматы құрылыс басқармасында шатыр жабушы болып бастаған ол 1971 жылы Қазақ политехникалық институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша бітіріп, Алматы қаласындағы талай-талай көп қабатты пәтерлердің кілтін жаңа тұрғындарға тапсырудың бел ортасында жүрген.
Тегінде, ісі бірден көрініп, ізі бірден көзге түсетін құрылысшы мамандығының жақсы жағы көп. Әсіресе, кешегі кеңестік кезеңде тұрғын үйдің көкейкесті мәселесі көп жағдайда жергілікті ұлттың жан арманын жиі баурайтын. Бой көтерген үйлермен бірге ой көтерген Тәкеңнің жастық жалыны мен іскерлік қарымы тез танылып, жас инженер Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы болып жаңа қызметке кірісті. Көп ұзамай 1979 жылдың тамыз айында тағы бір саты көтеріліп, Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып бекіді. Сол кездегі комсомолдық жігер мен құштарлық, ізденімпаздық пен іскерлік осы саптың қатарына кіргендерден көш жерден көрініп тұратын. Солардың бірі – Тайыр Мансұров.
«Тайыр» деген сөздің мәні қандай деп сөз кебежесін сүзгенде, оның араб әлемінен келіп, азиялық ажарға бейімделгенін, «әль-таир» деген үндес дыбысы қазақыланып, бесікке бейімделіп бөленгенін білдік. Қазақша мағынасы – қайсар, бірбеткей, жігерлі, сенімді, құштар деген сөздермен астасып, қанатын жайып «құс» деген мағынаға дейін құлаш керетіні және белгілі болды. Демек Тайыр Мансұровтың өз атына сай өмір кешіп келе жатқан, білімі мен қабілетін биікте ұстап келе жатқан азамат екені дау туғызбайды.
Ол тәуелсіздік жылдарында талабы мен талантын қатар көрсетіп, Мемлекет басшысының артқан жоғары сенімін зор абыроймен ақтай білген тұлғалардың бірі. Жылдармен түйінделіп, қызмет баспалдақтарымен шегенделіп отырылған өмірбаянына қарасақ, ол комсомолдық қызыл билетін өзінің көптеген тұрғыластары секілді компартиялық қызыл билетке ауыстырып, мемлекеттік қызмет мектебінің ыссылы-суықты белестерінен өткен. Алматы облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып жүргенде аталмыш облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып шақырылып, бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейінгі жолдан өтті.
1986 жылы Алматы қаласындағы Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, екі жылдан соң, 1988 жылы, Мәскеуге, КПСС Орталық комитетінің Құрылыс бөліміне нұсқаушы болып шақырылды. Бір жылдан кейін Қазақстанға қайта оралып, Орталық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне бекітілді. 1989-1990 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүргенде тағы да Мәскеуге жол түсті. Орталық комитетке қызметке шақырылып, жауапты ұйымдастырушы, сектор меңгерушісі деген лауазымдарды бағындырды. Компартияның да қызуы төмендей бастаған уақыт келді. Жаңа, жақсылықты заман жақындап келе жатты.
Қазақ жерінде Тәуелсіздік қанатын қаққан жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі комитетінің орынбасары болып жауапты қызмет атқарып, өзінің ұйымдастырушылық және іскерлік қабілетін көрсетіп, сол кезде Қазақстан назарын өзіне аударған. Сол жылдары (1991-1994 ж.ж.) Мәскеудегі «Қазақстан» қорының президенті болып жауапты жұмысты дөңгеленткен. Кеңес Одағы ыдырап, әр республика өздерінің қам-қарекетін өздері ойлайтын әрі өздері шешетін кезең туды. Кадрдың қадірі артатын кез келді. Тайыр Аймұхаметұлының өмірбаянын қарап отырсақ, қызметтік өтілінің бір-біріне жалғасқан жақсы дәстүрі бар.
Тайыр Аймұхаметұлы 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Өкілетті Өкілі (елшісі) болып бекітілді. Сол жауапты қызметте ол сегіз жыл табан аудармай жұмыс істеді. Дәл осы кезеңде Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық, мәдени-әлеуметтік, рухани-гуманитарлық қарым-қатынастар жоғары деңгейде дамып, еларалық интеграция, барыс-келіс, табыс-бөліс уақыт талабына сай қалыптасты. Басшылықтың сан-салалы тапсырмалары әрқашан сәтімен жүзеге асып, сабақтастық пен қанаттастық кең айдынға шықты.
Тарихи дерек тапжылтпайды. ТМД мемлекеттерінің арасында тәуелсіздік кезеңінде тіні әлсіреп кеткен қарым-қатынасты жаңа заман талабына сай жаңаша құрудың қажеттілігі көріне бастады. Әдетте бағалы бастама мен баянды тірліктің алғы сапында аршындап жүретін Елбасымыз 1994 жылы Еуразиялық экономикалық ұйым құру туралы бастама көтеріп, оның маңызы мен мақсатын кеңінен ашып көрсетті. Кейін халықаралық атауға ие болған ұйымның басты мақсаты бұрынғы кеңестік республикалардың экономикалық байланыстарын заман талабына сай дамыта интеграциялау, Кеден одағының қалыптасу процестерін жеделдету, Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру, гуманитарлық және сауда-экономикалық ықпалдастықты тереңнен дамыту болатын.
2000 жылы 10 қазанда Астанада Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қатысқан Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың жаңа келісімшарты жасақталды. Осылайша бұрынғы Еуразиялық ұйым өзінің пәрмені мен қуатын жаңа деңгейге көтеріп, бұрын қалыптасқан уағдаластықты одан әрі өрістете, әлемдік экономикалық интеграцияның тыныс-тіршілігін терең қабылдай отырып, әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың басты тетіктерін жаңаша өркендетудің жолдарын пайымдады. Әлемдік экономикалық және халықаралық сауда жүйесін интеграциялық жағдайда дер кезінде реттеп, қажетті жағдайда өзгерістерге бейімдей отырып, жүйелеудің жолдары нақтыланды. Бұл орайда жаңа Қауымдастық өткен келісімшарттағы оң нәтижелерді ескере және оны жаңаша дамыта отырып, интеграциялық процестерді орындауда пәрменді шешімділік пен нақты іскерлік мүмкіндіктерді барынша пайдаланудың алғышарттарын тиянақтады.
Еркін сауда айналымын толық деңгейде қалыптау, ортақ кедендік тарифтерді бір жүйеге түсіру, капиталдың еркін айналымы, қаражаттық нарықтың жүзеге асуы, Қауымдастық ауқымында бірыңғай валюталық шеңберге кіру, ішкі нарықтық қатынастарда сауда-саттықтың жалпы қағидасын қалыптастыру, мақсатты бағдарламаларды жүйелеп жүзеге асыру, өндірістік және кәсіпкерлік қызметте біртектес жағдай қалыптастыру, бірыңғай көлік жүйесін орнықтыру, ортақ энергетикалық база жасау, шетелдік инвестицияларды алудың баршаға тән ережесін жасау, әлеуметтік саясаттың көкейкесті жағдайларын өзара ынтымақтаса шешу, ұлттық заңдылықтардың өзара үйлесімділігін орнықтыру, БҰҰ-мен тығыз қарым-қатынасты жүзеге асыру секілді аса маңызды келісімдер халықаралық қауымдастықтың қажеттілігін даусыз дәлелдеп берді.
Осынау аса маңызды, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін ұлттық маңызы бар жауапты жұмыстарды атқаруды Тайыр Мансұровқа Президент сеніп тапсырды. Сыртқы істер министрлігінің төтенше маңызды елшісі қызметінде болып, одан кейін Елбасының кеңесшісі қызметін атқарған Тайыр Аймұхаметұлы 2007 жылдың тамыз айында тағы да, үшінші рет Мәскеуге жол тартты. Ол Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы болып тағайындалды. Осы лауазымда жеті жыл жемісті еңбек еткен Тайыр Мансұров бертінге дейін Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Коллегия мүшесі – Министр дәрежесінде қызмет атқарып келді.
«Өз ісінің маманы» деген қарапайым тіркес бар. Сол айтқандай бұл міндет оған етене таныс. Ел мүддесі үшін елеулі еңбек атқарып, уақытпен санаспай, жырақта жүрдім деп жасымай жұмыс атқарып жатқан азаматтың абыройлы жолы Алматыдан басталған. Әкенің аманатын, ананың махаббатын елдік деңгейге көтерген Тайыр Аймұхаметұлы қай жерде, қандай лауазымда жүрсе де биіктен көрінумен келеді. Ол ел мақсатын екшеген елші болып әбден қалыптасқан жан. Әке көрген оқ жонатыны рас, ана көрген тон пішетіні рас, тектінің тәлімін көрген тұлға болатыны рас. Мұның жарқын мысалының бірі – Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров.
Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан. Елшінің ептілігі мен ерендігі бейбіт күндермен безбенделеді. Тәуелсіздіктің даму тарихында екі ел арасындағы ең көп құжат: келісімдер мен шарттар, заңдар мен ережелер, меморандумдар мен мәмілелер Тайыр Мансұровтың кезінде барынша жемісті болды десек, онымыз асыра айтқандық болмас. Әсіресе екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып, ол ТМД елдері арасында үлгілі үрдіске иек артты. Қазақстан мен Ресей арасындағы көп векторлы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, ынтымақтастығымыз нығая түсті.
Оның елімізге сіңірген еңбегі Отанымыздың «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен аталып өтуінің өзі де көп жайттан хабар берсе керек.
Тайыр Мансұров – сөз қадірін білетін азамат. Оның бұл қасиеті кезінде өзім сырлас дос, сыралғы іні болған Аймұхамет ағадан дарыған болар деп ойлаймын. Елбасымыздың: «Тату-тәтті елдің, экономикасы өркендеген елдің, сауатты ұрпақ өсірген елдің, ел ішінде, басқа жерде жүргенде өз Отанын мақтап, мақтан ететін елдің, Отанын шын сүйетін азаматтары бар елдің елдігі мықты болады», деген маңызы манифестен кем емес жүрекжарды сөзін терең түсініп, өз табиғатында соған сай ғұмыр кешіп келе жатқан азаматтардың арасында Тайыр Аймұхаметұлының есімі бар.
Айтылған сөздің ақиқатын дерекпен өрейік. 2003-2007 жылдар аралығында Тайыр Мансұров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарды. Сол кезде «Ана тілі» ұлт апталығында жария болған Елбасымыздың: «Қазақстанның болашағы – мемлекеттік тілінде» деген бағдарламалық сұхбатын бүкілхалықтық талқылау қызу жүріп жатқан болатын. Осыған байланысты қазақ тілін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы түзіліп, ол қордаланған бірталай түйіндерді шешуге жол ашты.
Тайыр Мансұров осы бастаманы бірден іліп әкетіп, облыс көлемінде жаңа бағдарламалық жұмыстар жүйесін құрды. Қазақ тілінде іс жүргізудің жинағын, тілашар құралдарын шығарып және республикалық деңгейде семинар-әдістемелік өткізіп, ел аймағында бастамашы болды. Ол кітаптар республикамыздың барлық өңірлеріне таратылып, үлгі, көрнекі құрал ретінде жақсы мысалға айналды. Әкім болған төрт жылдық кезеңде (2003-2007 жылдар) осындай ұлттық ұлағатқа толы көптеген игі істердің басында жүрді. Тәуелсіздік талаптарын танытуда жақсы қызмет атқарды.
Осы орайда халқымыздың «қамшыгер» деген қуатты сөзі еске түседі. Ұлы дәстүрлерімізден бастау алатын, ата-бабамыздың аманатын асқақтатуда ар өлшемі болатын бұл сөздің қоғамдық-саяси маңызы жаңа заманда жаңаша реңге айналып, өз төріне шықса деп армандаймыз. Қамшыны білек емес, жүрек ұстайды. Халықаралық ұйымның қамшыгері болып, «Мәңгілік Ел» болу мұратымызды жүзеге асыруда өз қолтаңбасын тоқтаусыз түсіріп келе жатқан азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров туралы көкейге келген сөзді оның жеті ондық белеске аяқ артқан тұсында айтудың реті келді.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
«Парасат» орденінің иегері