27 Желтоқсан, 2017

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаевпен сұхбат

1041 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл тынысы – ел тынысы

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаевпен сұхбат

– Асқар Санатұлы, негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын ауданның бүгінде ахуалы қандай?

– Ағымдағы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 25,0 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде егін шаруашылығы 13,2 миллиард теңге, мал шаруашылығы бойынша 11,8 миллиард теңге болып отыр. Нақты көлем индексі 107,9 пайызды құрады.

Егін орағы науқаны да оңтайлы аяқталды. Аудан бойынша 83633 гектар масақты дақыл толық орылып, орташа өнімділік 25,5 центнерден кел­ді. Қамбаға 213264 тонна астық құ­йылды.Одан басқа майлы дақыл, қант қызылшасы, көкөніс, картоп, бақша дақылдары да мерзімінде жиналды.
Ауданымызда биыл 33905 бас мүйізді ірі қара, 419920 бас қой мен ешкі, 15100 бас жылқы, 62 бас түйе, 22800 бас шошқа қыстауға кірді. Осыған орай 2017-2018 жылғы мал қыстату науқанына 44900 гектар шабындықтан 188500 тонна шөп, 27500 тонна сабан алынып, 85000 тонна жем, 4000 тонна сүрлем және 5000 тонна пішендеме дайындалды.

Шопандардың үйлері мен қора-жайлары да толық жөндеуден өткізіліп, азық-түлікпен және адам күшімен толықтай қамтылған. Барлық мал қыстату орындары су көздеріне жақын орналасып, қыстық отыны және жемшөп қорлары мал қыстату орындарына жеткізілген. 

– Қазір ел Үкіметі тарапынан ұсақ шаруаларды ірілендіру үшін кооперациялар құру туралы нақты тапсырмалар берілді. Аудан бұл жүйеге қаншалықты назар аударып, іске асырып жатыр?

– Ауданымызда бұл бағдарлама жақсы жолға қойылған. Аудан халқы аталған бағдарламаның тиімділігі мен пайдасын түсінуде. Мысалы, ауданымызда ет бағытында «Бай Алғабас», «ҚұланАгроGrupе», «Береке» және «Жарлысу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері құрылып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 400,0 миллион теңге несиелік қаржылар алып, 2030 бас бұқашықтар бордақылануда. 
Сүт бағытында «Сұлутөр» және «ALA-TAU AGRO» ауылшаруа­шы­лық өндірістік кооперативі құ­­рылып, Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қорынан 116,5 мил­лион теңге несиелік қаржы алып, 414 бас сауын сиыры сатылып алынды. 

Сонымен қатар жыл ішінде «Аспан», «Жаңатұрмыс» сияқты ауылшаруашылық өндірістік коо­пе­ративтері құрылды. Келер жы­лы да сүт бағытында – 2, ет бағы­тын­да 3 кооператив құрылатын болады.

– Сонымен қатар агросалаға жаңа технологияларды енгізу мәселесі де күрделі. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қандай?

– Ауданымызда бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде 2017 жылдың өніміне отырғызылған 402 гектар қант қызылшасының 40 гектары тамшылатып суару қондырғысы арқылы суарылды.

«Луговой жылқы зауыты» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігінің 300 гектар жоңышқа, картоп, көкөніс дақылдары жаңа технология арқылы жаңбырлатып суарылады. Сонымен қатар тамшылатып суару әдісін қолдана отырып «СПК Тараз» арқылы жылына 40,0 мың тонна өнім беретін 1000 гектар жеміс-жидек ағаштарын отырғызу үшін жер телімі бөлініп беріліп, өз жұмыстарын бастады. «Шәушен» шаруа қожалығының соңғы заманауи технологиямен жаб­дықталған мал сою, етті тоңазытып сақтау кешені іске қосылды.

«Жасмин» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесіп егістік алқаптан 1 жылда 2 рет өнім алу жобасы 2018 жылдан бастап іске асырылатын болады. Сондай-ақ 2018 жылы соңғы үлгідегі 1 гектарлық өндірістік жылыжай кешенін соғу жоспарлануда.

Әңгімелескен Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»