Адамның ақыл-ойы ешқашан бір қазыққа байланбай, әрқашан азат болуы керек. Сонда ғана оның өрісі ашылып, алар асулары биіктей түседі. Ал ақыл-ойды бір бағытқа ғана байлап қойып, сол төңіректе ғана бол десе, онда сана арқандаулы аттай алысқа ұзай алмай, қазықтың маңын шиырлай береді.
Бізді ұзақ жылдар бойы «партия заманымыздың ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы» деп ақыл-ойымызды партияның қазығына байлап қойды. Содан оның айтқан сөздерінің бәрін құрандай қабылдап, басқа нәрсе туралы ойлауға құрсаулы басымыз жібермей, байланып қалдық. Соның кесірінен кеңестік тәртіптен шыққан біздің санамыз да, ой-жүйеміз де, философиямыз да биікке шырқамай, «алыстан сермейтін» Абай сияқты даналардың деңгейіне жете алмай, шендесуге жарамай қалғандаймыз. Әрине, құрсауды бұзып, ойын ашық білдірмесе де күңкілдеумен жеткізіп жүретін жеке ғалымдарымыз, ойшылдарымыз, ақын-жазушыларымыз болды, бірақ жалпы халықтың санасы құрсауланып қалған еді. Сондықтан да халқымыздың көбінің айтатыны «үкімет пен партия аман болсын, бізді бақытты етіп отырған сол» деумен келетін.
Осындай құрсаудың бағыты қазір өзгеріп, біз енді діни құрсауға түсіп бара жатқан сияқтымыз. Кейбір дүмше молдаларымыз мұсылманның бес парызынан басқа дүниелерді де басымызға тықпалап, дін ұстаздары, теолог ғалымдар ғана білуге тиісті күрделі дүниелерді өзі де терең білмесе де қарапайым жанның санасына құюға тырысып жатқандарын көріп жүрміз. Соның кесірінен қарапайым халықтың санасы құрсауланып, басқа ой, басқа тақырыпқа бата алмай, фанатизмге ұрынып барады. Ондайдың арты қайғылы жағдайларға да жеткізіп жатыр. Құранның негізгі мағынасына бойлай алмай, жобамен топшылайтын «ғұламалардың» түсіндіруімен теріс жолдарға түсіп, бірнеше ағымдар да пайда болды.
Солардың ішінде радикалдық бағытқа түскендер алды-артын болжай алмай, өзіне ұсынылған діни идеялардың дұрыс-бұрысын ажырата алмай, оған басы-бойымен бүтін беріліп, өзін ғана емес, жақын жандарын да жалған жолға түсіріп, арандатып жатады. Сондықтан діни сенімде әзірге орта деңгейден аспай, оған жан-тәніңмен берілмеу керек. Бұл Аллаға сенбе деген сөз емес, тек теріс уағыздар мен насихаттың құрбаны болып кетуден сақтану.
Араб ғылымы мен мәдениеті Исламның арқасында Қайта өрлеу (ренессанс) дәуіріне дейін (ХV-ХVI ғғ.) Еуропадан көш ілгері болғаны белгілі. Барлық ғылым саласында сол уақытқа дейін ашылған жаңалықтар мұсылмандарға тиесілі еді. Бірақ соның бәрі кейін арабтарда тоқырап қалды, ал ақыл-ойын тұмшалап, тұқыртпаған Еуропа алға түсіп, ғылым мен техникада, жаңа технологияда озыңқырап кетті. Ал Ислам әлемі арқандалған аттай, бір орамнан шыға алмай қалды.
«Құранды молда теріс оқыр, Дағарадай болып сәлдесі» деп Абай айтқандай, Құранның түбірін дұрыс түсінбей өзінше топшылайтын, кейде тіпті болмысты ешқандай логикасы, ғылыми негізі жоқ мифологиялық жолдармен түсіндіруге тырысатын толып жатқан «ұстаздар» шықты. Ғылыми дәлелі жоқ болса да қалың көпшілік олардың сөзіне сенді. Мәселен, әйелдің шашының әрбір талында шайтан бар, сондықтан оны жасырып ұстау керек дейтін «ғұламалар» бар. Еркек пен әйелдің шашының физиологиялық, биологиялық құрамы бір, айырмасы жоқ болса да тек әйелдің шашын шайтан ұялайды дегеннің қисыны жоқ еді. Сөйтсе әйелдің төбесінен күн тисе жан-дүниесі әлсіздеу болғандықтан, оның басындағы чакрасы жабылып қалуға бейім екен. Ол ғылыми жолмен кейін дәлелденген.
Соны жуырда Құранның білгірі Валерия Порохова айтты. Сондықтан олардың бастарын жауып жүргені абзал көрінеді. Сол сияқты араб әйелдерінің бетперде жамылып, пәренжі киіп жүретіндігінің де сыры белгілі болып отыр. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) 9 әйел алған ғой. Оның ішінде өзінің өлген достары мен үзеңгілестерінің жесір қалған әйелдерін балаларын жетімсіретпеу үшін алған. Солардың арасында басқа діндегілер де болып, олар да Исламды қабылдайды. Бірақ бұрынғы діндестері бұған қарсы болып, әлгі әйелдерді шіріген жұмыртқамен ататын көрінеді. Өздерін танытпас үшін әйелдер бетперде киіп, пәренжі жамылуды ойлап тауыпты. Пайғамбардың әйелінің осылай жүргенін көрген соң басқа әйелдер оны міндет екен деп ойлап, бәрі де солай киінетінді шығарған. Бір сөзбен айтқанда, пәренжі мен бетперденің мұсылманшылыққа ешқандай қатысы жоқ көрінеді.
Сайып келгенде айтарымыз, ешнәрсеге құлай берілмеу керек, бәрін де санаға салып салмақтап, логикалық сенімділігі мықты дүниелерді ғана бойға сіңіруге болады. Тіпті Құранның барлық түсініктерін еркін ақыл-ойға ғылыми жолмен толық танытатын заман да болатын шығар. Сананың шарықтап кемелденетін кезі сонда болады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»