Көптен бері бар техникасын сайлап әзір отырған, әрең отырған коммуналдық қызмет ұйымы қиюласқан көшелердің қарын тазалауды сағат 05.00-ден бастап кеткенімен, үзіліссіз қозғалыстағы көліктер көше тазалау жұмыстарын мейлінше қиындатқаны да рас.
Ұйқыдан көзін ашқан қала халқын және бір қатты таңдандырғаны – жапалақтап әп-әдемі жауып тұрған аппақ қардың кенет алай-дүлей қатты құйындатқан боранға ұласуы еді. Небәрі 20-25 минуттай ұйытқып соққан қарлы құйын зәулім ағаштарды, жол жағалай тізіліп тұрған бағандарға ілінген жарнама қалқандарын шайқап-шайқап аяқастынан қалай басталса, бір мезетте солай сап тыйылды. Бір күн бұрын ғана 8 градус жылылықты көрсеткен термометр бағаны –8 градусқа дейін төмендеді.
Қала әкімінің баспасөз қызметі көлік кептелісіне қарамастан, көшелерді қардан босату «майданына» 604 арнаулы техниканың қатысқанын хабарлап жатты. Оларға коммуналдық қызметтің 2322 жұмысшысы көмектескен. Барлығы 184 арнайы жасақталған автокөлік климаттың аяқасты ауысуынан болатын көктайғақтың алдын алу үшін көшелерге құм қоспаларын аямай шашты. Әрине, мұндай науқанның бабымен жүруіне қаладағы мыңғырған қоғамдық және жеке көлік нөпірінің қозғалысы кедергі келтіретіні бар. Осыған орай қарбалас атқарылған барлық жұмыс қалалық ІІД жол-көлік полициясының көмегімен жүзеге асты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше табиғаттың оқыс мінез көрсетуіне орай мегаполисте ешқандай да оқыс оқиға тіркелмеген.
...Түс ауа Алматының аспаны шайдай ашылды. Бұл жолғы ұлпа қар әдеттегідей тез еріген де жоқ. Қыс айының нағыз ызғары сезіле бастады. Алматыға көптен күткен қыс түсті...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ