Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2017

Ұлттық арна ұсынады

579 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Qazaqstan» ұлттық телеар­насының Жаңа жылға дайындаған бағдарла­ма­лары­ның таныстырылымы өтті. Мереке қарсаңындағы апта мәңгілік махаббат жайлы аңыз негізінде түсірілген «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» атты 6 бөлімді көркем телехикаяның тұсаукесерінен басталады.

 

Ұлттық арна ұсынады

«25-29 желтоқсан аралығында күн­делікті сағат 21.45-те ұлттық арна көрер­мендері қазақ мәдениеті мен өнері­нің ұлы мұрасының экрандалуын тама­шалай алады. Телехикаяның бас про­дюсері – Баян Мақсатқызы. Сце­нарий авторы – Әннес Бағдат. Бас­ты рөлдерді Гүлзада Тұрлаш, Ер­жан Мұқатаев, Бақтияр Қожа, Жақ­­сы­бек Құрманбеков пен Марат Абай-Ділдә сынды актерлер сомдады. Сенбі күні, 30 желтоқсанда, сағат 20.00-де бірнеше ай бойы көрер­­мендерге кәсіпкерліктің қыр-сы­рын ашып, бизнестің оңтайлы жолын көр­сеткен «Үміткер» реалити-шоуы­ның шешуші шығарылымы өтеді. Сондай-ақ жаңажылдық жоба­лар­дың арасын­да «Әзіл әлемі», «Тамаша» әзіл театры­ның 90-жыл­дары түсірілген ең үз­дік топта­малары, еліміздің танымал вай­нер­лері, бейнеблогерлері мен қоғ­ам қай­раткер­лерінің қатысуымен өте­тін арнайы «ХА-ХА шоу: Жаңа­жыл-2018» жобасы көрерменге жол тар­та­ды, деді «Qazaqstan» ұлттық телеар­­на­сының басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Сонымен қатар ол мереке күндері «Мен қазақпын» халық­ара­лық мегажобасының гала-кон­церті­нің қайталауы мен мерекелік концерт­терді тамашалай алатынын жеткізді.

«31 желтоқсан сағат 22.30-да танымал шоу-бизнес жұлдыздарының қатысуымен жаңажылдық сиқырға толы «Сыңғырлаған сиқырлар» мерекелік шоу-бағдарламасы эфир­ге жол тартады. Аталмыш жоба­ға Кәмшат Жолдыбаева, Айгүл Иманбаева, Бүркіт, Әли Оқапов, Айқын Төлепбергенов, Кеш You, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Төре­­ғали Төреәлі, Олжас Абай және «Qazaqstan» арнасының танымал жүргізушілері Жансерік Бей­сеев, Айсұлу Рыспанова, Ирина Тен, Баян Бақкелдіқызы, Нартай Арал­бай­ұлы қатысады. Ең кішкентай телекө­рермендеріміз үшін 31 желтоқсан сағат 12.35-те әйгілі «Walt Disney» кинокомпаниясының қазақ тіліне дубляждалған «Рапунцель» мульт­фильмі көрсетілетін болады», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»