29 Желтоқсан, 2017

Қалдық па, байлық па?

544 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл бұрын Алматыға сапарлап келген Жапонияның Сен­­­дай қаласында тұратын бел­гілі қазақ ғалымы Нұрбосын Жан­пейісовпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Тохоку университетінің профессоры, суперкомпьютер саласының маманы туған еліне ұзақ жылдан бері келіп тұрған беті екен. Сол уақта Күншығыс елінде ала­пат зілзала болып, артынша мұхит­тан цунами келіп, Фукусима атом электр стансасы жарылып, арал­дағы мемлекетке айтарлықтай шы­ғын алып келсе де, жапон жұрты абыр­жымай, апат салдарымен ел бо­лып күресіп, барлық қиындықты еңсеріп жатқаны, басқа да жапон құндылықтары туралы ағамыз шешіле сөйледі, біз де ынтамен тыңдадық. 

Қалдық па, байлық па?

Сұхбатта отандасымыз Талды­қор­ған қаласына туысқандарына сапарлап барғанын, жолда тоқтағанда көліктен түскен балаларының жан-жаққа қарап таң қалғанын жеткізді. Табиғатқа емес, әрине. Жолдың қос қап­талына. Өйт­кені күре жолдың шетінде қоқыс шашылып жатқан-ды. Шетте өскен Жанпейісовтердің балалары қоқысты тазалауға да, адам­дардың оны қалай болса солай лақтырып, шашып кеткеніне де емес, орасан байлықтың аяқ асты болып игерусіз жатқанына таңғалыпты. Міне, мәселе қайда?! Жапо­нияда әр үй, әр отбасы, әр тұрғын қоқысты саралап, жеке-жеке шығарып қояды. Мысалы, пайдаланылған қағаздар мен оқылған кітап, газет-журналдарды бөлек, пластик ыдыстарды, шыны шөлмектерді және тамақ қалдығын жекелеп жинайды. Әрқайсысын алып кететін компаниялар бар. Оны қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізеді. Осылайша, қоқысыңыз құнды шикізат көзі, табыс кілтіне айналған. Тіпті Жапонияда көше жиектерінде қоқыс жәшігі болмайды екен. Әркім өзінің қоқысын бірге алып жүреді. Шылым шексеңіз де, тұқылын қалтаңызға салып аласыз. Адам бүгінмен ғана емес, келешекпен де өмір сүруі тиіс. Әңгімеге араласқан ағамыздың жұбайы үйде отырған жапон әйелдеріне дейін жеке тұлға ретінде ғаламдық мәселеге үн­ қосатынын ұмытпайтынын, яғни ыдыстың майын шүберекпен сүр­тіп алып барып қана жуатынын, өйт­кені, майлы су алдымен құбырды кірлетсе, екіншіден, мұхитқа қосылып, қоршаған ортаға залалын тигізетінін естен шығармайтынын айтты.

Міне, бізге де осы іспетті экосана ке­рек. Қазіргі қалаға шоғырлану, индустрияландыру кезеңінде қоршаған ортаға деген жауапкершілік өте өзекті. Сондықтан қалдықты да байлыққа айналдырудың жолын табу қажет. Мәселен, Атырау қаласындағы «Эко­пластик» кәсіпорнының директоры Әзілхан Байбатыров пластик материал­дарын қайта өңдеу, одан жасалған бұйымдарды кәдеге жарату арқылы жоғары сападағы құрылыс материалдары өндірісін құруға болатынын айтады.

Қарапайым ғана деректерге назар аударсақ, 1804 жылы 1 миллиард адам жер ресурсының 10 пайызын ғана пайдаланса, 2017 жылы 7,5 миллиардтан астам адам жер ресурсының 90 пайызын пайдаланып отыр. ОПЕК елдерінің баяндауынша, планетада күн сайын 100 миллион баррел мұнай өндіріледі. Халықтың 92 пайызы ластанған ауа­мен тыныс алып отыр, осыдан жыл сайын 6,5 миллион адам ажал құшады. Жылдан жылға шығарылатын қалдық 6-7 пайызға ұлғайып барады. Тынық мұхитындағы қоқыс алаңы мұхиттың 1 пайызына тең болып үлгерген. Оның негізгі бөлігі пластик болып отыр. Гринпистің зерттеуінше, мұхитта өлген жануарлар дүниесінің 40 пайызынан астамының ішінен пластик заттар табылған. Қазақстанда 4 мың қоқыс полигонында 5 миллиард тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар жинақталса, оның ішінде 200 миллион тонна пластмасса қалдықтары бар. Бұл материалдың шіруі 500 жылға дейін созылады екен. 

Қазір елімізде бұл саладағы қайта өңдеу үлесінің көлемі небәрі 3 пайызды ғана құрайды. Ал пластикті қайта өңдеу экологиялық мәселелерді шешуге көмектеседі, жаңа жұмыс орындарын құруға септеседі және ел нарығында жаңа салаға жол ашады. Атыраулық кәсіпкердің айтуынша, пластмассадан жасалған тауарлар мен бұйымдарды қазақстандық импорттың үздік бестігіне енгізуге мүмкіндік бар. 

Жалпы, қалдықтардың қозғалысы бойынша екі картинаны көруге болады. Мәселен, ТМД елдерінде қатты тұрмыстық қалдықтардың 97 пайызы жерге көміледі. Ал Еуропада бұл көрсеткіш орта есеппен 40 пайызға жуық. Екінші модельде пластиктен бастап макулатура, металл, әйнек және электронды қалдықтарды жекелеп жинау жүйесі арқылы қайта өңдеу, жаңа тауар алу жолға қойылған. Ал қалғаны электр қуатын алу үшін өртеледі. Швецияда тіпті осы ең соңғы жылу алудан қалатын қалдықтың өзі 4 пайызды ғана құрайды екен. Олар жылудың 20 пайызын қоқыстан алып отыр. «Реал» футбол командасының формасы шөлмектерді қайта өңдеу арқылы тігілгенін біреу білсе, біреу білмес, сірә. Токиода ең соңғы қайта өңдеуден қалған қалдықты өртеу арқылы 16 шлак зауыты құрылыс материалдарын шығарып отыр. Әлбетте, мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Ең бастысы, біз табан астында жатқан тонналаған қалдық емес, байлық екенін сезінуіміз керек.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»