Білім • 29 Желтоқсан, 2017

Нәтижесі құпталса, жаңашылдық жақсы

396 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл басталғанда алда он екі ай бар деп арқаны кеңге салып, той-думанмен алғашқы күндерді артқа тастаған соң, уақыт шіркін, оқтай зулап, айды ай аттап, жыл соңына қалай жеткеніңді білмей қала­сың. Биыл да солай болып тұр. 

Нәтижесі құпталса, жаңашылдық жақсы

Осы жыл ішінде білім мен ғылым саласы бойынша не істелді дегенге келер болсақ, жар салып айтқан реформалар бары­сындағы жаңашылдық, ол туралы алуан түрлі пікірлер легі есіңе түседі. Нәтижесі нақ­тыланбай, қорытынды түйін жасалмай, тыңнан түрен салған ұмтылыстар алдан шығады. Әрине, дәуір көшіне ілесу үшін ізденіс керек. Тек оған дайынбыз ба, бастап жіберіп орта жолда қалдырып кетпейміз бе деген екіұшты сұрақтың түп-тамырына үңіліп барып қадам бассақ, селкеу ойға жол берілмесі анық. Білім және ғылым министрлігінің бас­ты жетістігі деп әртүрлі жол­мен жа­зылып, әртүрлі жол­мен мектеп­терге «кіріп» кеткен баламалы делінетін кітап­тар­ға тыйым салы­нып, базалық оқу­лықты тү­бегейлі енгізуі дер едік. Бұл ұр­пақ үшін ұтымды іс бол­ғаны ақиқат. 

Басты айтарымыз, жаңар­тылған оқу мазмұнында білім беру бастамасы, яғни барлық мек­­тептерді функциялық сауат­­тылыққа бейімдейміз деген тәсіл жалғасын тапты деуге бо­лады. Бұл үрдіс биыл 2, 5, 7-сыныптарда іске асты. Төрт жылға жос­­парланған жұмыс алдағы үш жылда барлық сыныптарда шешімін табады. Мұның арқауы қайда жатыр дегенге келсек, мектептегі бас­ты тұл­ға мұғалім дей отырып, заман талабына қарай ынталы, үне­мі жетекте жүре бермейтін, өзін­дік көзқарасы бар, алған білі­мін тіршілігіне қолдана алатын, жақсы дағдыны санасына сіңір­ген оқушыны қалыптастыру бо­лып табылады. Бастысы, мұғалім мен бала арасындағы бірлік алтын арқауға айналады. Бұған ата-ана өз үлесін қосады. Бірақ бұл келісті жұмысқа кейде кедер­гі келтіретін жағдайлар мұға­лімдердің әзір болып шықпауы, оқу базасының кемдігі, оқулық­тардағы ала-құлалық, тағы бас­қа­лар. 12 жылдық оқуға көшу жұмысын биыл 0-11 бойынша атқаруға ниеттендік. 12 жыл­­дықтың іргетасы 0 сынып мек­тептерде, балабақшаларда ашылды. Сол балабақшалардағы бүл­діршіндер келесі жылдың бі­рінші сыныбына хат танып, есеп шығаруды бес сау­сағындай меңгеріп келіп жатса құба-құп дейік. Сол секілді бес күндік білім беруге көшудің нормаларын Білім және ғылым министрлігі бекіткен еді. Оны жүзеге асыру қиынға соққанын бүгіп қала алмаймыз. Бұрынғы бір күнгі бес-алты пән жеті-сегіз пән сабағына созылып, бұдан құтылу үшін негізгі пән мен қосымша пәнді анықтап алу керектігі талайдың басын қатырып, со­ңында жоға­рыдағылар мектеп басшылары мен мұғалімдерге сіл­теп қия бетке шыға берді. Мұға­лімдер оқушыларға үй тапсырмасын бермеу жайы да әр­алуан пікірге арқау болды. Та­ғы бір тың тыныс, білім ұяларындағы қамқоршылар кеңесі. Бұл дегеніміз мұғалім- ата-ана-оқушы бірлігі бюд­жет пен қайырымдылық қар­жысын ынтымақта іске асыру еді. Құптауға болады. Өзіміз үлгі тұтатын елдерде білім ісіне қамқорлық жасаушылар өте көп. Қамқоршылар кеңесі үлкен рөл атқарады. Сол бізге де жұғысты болса, талай тірлік оңалары хақ. Үш ауысымда білім беретін мектептердің жағ­дайы да ойлануға тұрарлық. Әсіресе бұл қалаларда оңай бо­лып жатқан жоқ. Ауылдан ағылған жұрт қаланы тығы­рыққа тіреуде. Сөзіміз жалған болмасын, мысалға жүгінелік. Елі­мізде 2015 жылы үш ауы­сымда оқытатын білім ұяла­ры 87 болса, қазір 130-ға жетіп­ті. Кей деректерде 188 делінеді. Ал Астанада бұл көр­сеткіш бұрын 3 мектеп еді, енді 27-ні құрапты. Есесіне ауылды жерлердегі мектептер қысқару үстінде. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 20 шағын мектеп жабылып қалғаны сөзімізге дәйек. Отанымыздағы 1523 ауылда мектеп болмағандықтан 30 мың­нан астам оқушы көрші ауылдарға барып білім алуға мәжбүр. Төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту жайының да күмән мен күдігі аз болмай тұр. Басты күдік «тілі қатып» қалған ересек мұғалімдерді қысқа мерзімде оқытып, содан олар биология, химия, тағы басқа пәндерден сабақ беріп кетуі қалай болар екен? 

Биылғы басты жаңалық – бір замандары сыбайластар тырп етпейтін болады, әділдік салтанат құрады, жүзден жүйріктерге жол аш­тық деп жар салған ҰБТ-ға ен­ген өзгерістер дер едік. Сол өзгерістер бойынша талап­керлер сынақ тапсырды. Сы­нақ­тың нәтижесіне келсек, өті­ніш берген 92 827 үміткердің 88 583-і емтихан тапсырып шық­ты. Еліміз бойынша орташа балл көрсеткіші 80,5 пайыз болды. Былтыр бұл 81 пайызды құраған еді. Емтиханға қатысқан 14066 талапкер 50 балдық көрсеткішті бағындыра алмады. ҰБТ-ға қатыспаған қаншама мыңдаған баламен бірге 14066 бала білімінің төмендігі кімді де болса ойландырмай қоймайды. Бұрын олимпиада, халықаралық ғылыми жоба жарыстарына қа­тысып, жүлдегер деп танылған талап­керлер ҰБТ-ға бармай бірден грантқа ие болатын. Биыл олар да ҰБТ-да бақ сынады. Мұны құптауымыз керек. Өйткені түрлі жолдармен жеңімпаз атанып оқу­ға түсетіндерге тосқауыл қойыл­ды. 

Енді Білім және ғылым министрі берген кейбір деректерге үңілер болсақ, елімізде 9828 балабақша жұмыс істеп, онда 862,3 бүлдіршін тәрбие алып, білім үйреніп жатыр екен. Бұл балабақшалардың 3058-і жекеменшік болып есеп­теледі. Оларда қызмет ететін 90 мың педагогтың 98 пайызының білімі жоға­ры. Шығыс Қазақстан, Қызыл­орда, Павлодар облыс­тары балабақшамен толық қам­тама­сыз етсе, 9 облыс 90 па­йызға қамтыды. Төрт облыс респуб­ликалық деңгейден төмен көрсеткіште көрінеді. Орта білім саласы бойынша елімізде 7414 мектеп жұмыс істеп, онда 3,05 миллион бала білім алуда. Оларға сабақ беретін 11 мың ұстаз өз білімін көтеріпті. 70 мың мұғалім ағылшын тілінен білім жетілдіріпті. Кәсіптік білім берумен елімізде 824 колледж жұмыс жасап жатса, оның мемлекетке тиесілісі – 476, ал жекесі – 344. Онда білім мен тәжірибені ұштастырып жатқан студенттер – 489,2 мың. Әрбір оқушыға жұмсалатын ақша 393,4 теңгені құрапты. Ал студенттердің стипендия­сы – 16759 теңге. Елімізде жо­ғары оқу орындарының ұзын са­ны 130 десек, онда 514 465 сту­дент жоғары білім алып жат­са, оның 477 081-і бакалавриат­та, 33 212-сі магистратурада, 3 452-сі докторантурада оқып жүр. Биылғы мемлекеттік грант 37 932-ні құрағаны белгілі. Назарбаев университетіне осы мем­лекеттік гранттың 475-і бөлінген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғы­лым­ ака­де­мия­­сының 70 жылдығын­да сөйлеген сөзінде «Соңғы үш жылда ғылымға 100 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дами беруіне жағдай жасай беретін боламыз», деген еді. Шынында, еліміздегі 383 ғы­лыми мекемелердегі жұмысты қаржыландыруға биыл 40,8 миллиард теңге бөлініпті. Өт­кен жылғы көрсеткіш 38,1 мил­лиард болатын. Осының нәтижесінде көптеген ғылыми жаңалықтардың ашылуына­ мүмкіндік жасалуда. Шетел­дер­мен қарым-қатынас та өз нә­ти­жесін беріп келеді. Ға­лым­да­рымыздың ашқан жаңалықтары айналымға ене бастапты. Қоры­тындылай келгенде айтарымыз, ғылым мен білімдегі жұмыстың нәтижесі құпталса, жаңашылдық жақсы қорытынды берері дау тудырмайды. Мұны өркениетті елдердің өсу жолынан айқын аңғарамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазба байлығы жоқ болса да ғылым мен білімді терең меңгерген елдердің ақыл-оймен өркениет көшінің алдында келе жатқанын қадап айтуы тегін болмаса керек. 

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»