...50-жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың басында радио, теледидары жоқ қиырдағы қазақ ауылдарында қызықты оқылатын 3-4 кітап болды. Олар: «Қазақ ертегілері» мен «Батырлар жыры» және Тұрмағанбет Ізтілеуов аудармасындағы «Рүстем дастан» мен ақын Жамбыл Жабаевтың толық шығармалар жинағы еді. Колхоздың күзгі жиын-терімі бітіп, қыстың ұзақ түнге созылатын айлары басталғанда, ел кешке бір үйге жиналатын. Сөйтіп соғым еті алдарына келгенше олар самауырдағы шайды сораптай отырып, мектеп оқушылары, біздерге жоғарыдағы кітаптарды рет-ретімен оқытатын. Кезек алғашқы аптада «Батырлар жырына» келсе, келесі жетіде «Рүстем дастанға», одан әрі қарай «Қазақ ертегілері» мен Жамбыл атамыздың жинағындағы ақындар айтысына ауысатын. Осылайша 1963 жылғы қарашадан наурызға дейінгі қыста 4-сыныптың 2-3 баласы біздер аталарымыз бен әжелерімізге аталмыш жинақтардың алғысөздерінен бастап, соңғы беттеріндегі алфавиттік анықтамаларға дейін түк қалдырмай оқып бергеніміз бар. Мына қызыққа қараңыз! Сол кітаптардағы деректердің бірі арада 30 жыл өткенде, яғни, еліміз егемендік алған кезде есімізге түспесі бар ма?! Ол – жыр алыбы Жамбыл бабамыздың «Сыздыққа» деп аталатын өлеңі және жинақ соңындағы сол туындыға берілген түсінік. Онда былай делінген:
«...1884 жылдар шамасында Сыздық Кенесарыұлы Қырғыз еліне келген. Олар үй тігіп, мал сойып, құрметпен қарсы алған. Қырғыз, қазақтан Орман ауылына 17 ақын жиналған. Солардың ішінде Жамбыл да болған. Қырғыз ағайындар басында әкесінің кегін қуып келді деп Сыздықтан сескеніп, қысылса да соңынан райласып сөйлескен. Сонда Сыздықтың айтқаны мынау еді депті Жамбыл хатшысы Ғалиға:
– Мен сендермен шабысқалы келгенім жоқ, табысқалы келдім. Сен де туысқанымсың. Жан ашуы үстінде әкемді өлтірдің деп кінә қояр жайым жоқ. Жалғыз-ақ тілегім: әкемнің сүйегін бер – аталарыма қосайын, алтын жүзігін бер – қолыма салайын, сарықасқа ерін бер – астыма мінейін, бұйымтайым осы, – дейді.
Қырғыздар алашапқын болып, іздестіру жүргізеді. Қонақтар қайтады-ау деген шақта Кенесарының алтын жүзігі мен сарықасқа ерін әкеледі. Бірақ сүйегін тауып бере алмайды. «Он бір жыра» деген жерге көмілген екен, білетін адам өліп қапты деп жауап береді.
– Қап, болмас! – деп отырды да Сыздық сарықасқа ердің басын қанжармен қақ айыра шауып, жіліншік-жіліншік алтындарды алды. «Әкемді өлтіруін білсеңдер де, алтынын алуды білмеген екенсіңдер. Уақасы жоқ, бұйырған нәсіп қой!» – деп қалтасына салды дейді. Жамбыл «Сыздыққа» деген өлеңді сонда айтыпты. Ақынның аузынан жазып алған әдеби хатшысы – Ғали Орманов».
Енді оқырмандарға өлеңді таныстырайық. Онда мынадай жолдар бар: «Сәлем бердім алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің, Кенесары асылдан. Сыздық атың жайылды. Бұл өңірге жасыңнан. Айбатыңды көргенде, Дұшпандарың бас ұрған. Даңқыңды естіп жүруші ем, Шартарапқа шашылған. Ақ жүзіңді көрген соң, Енді мауқым басылған. Ауылға жүр, қонақ бол, Атап алып, ат мініп, Ағайынға беріп қол, Аттанарсыз, Сыдеке, Ата жолы деген сол! Арнап келіп алғаның, Алтын жүзік, сарықасқа ер. Атаңыздың аруағын, Сыйлайды екен бір тайпа ел, Екеуінің қалғаны – «Он бір жыра» деген жер».
Мұндағы назар аударатын нәрсе – «Он бір жыра» деген жер аты. Ол өлеңде де, оған берілген түсінікте де қайталанып тұр. Оны бізге жеткізген Сыздық сұлтанның 1884 жылғы Қырғыз еліне келген сапарына куәгер, сондағы болған оқиғаны көзімен көріп, бар әңгімені құлағымен естіген Жамбыл ақын. Ал айтқан – соның алдындағы жағдайдан хабары бар қырғыздың сөз ұстаған қариялары. Айыпты болып отырған олар Сыздық сұлтанды алдай алмайды ғой. Білгендерін жеткізген.
Егемендік пен тәуелсіздіктің лебі есе бастаған 90-жылдардың басында Алаш ардақтыларының аттары ашық айтыла бастады емес пе?! Міне, сол кезде жұртшылық арасында Кенесары ханның басы мен сүйегін іздеп табу жөнінде қуатты қоғамдық пікір өріс алғанынан ел жақсы хабардар. Сонда осы жолдардың авторы Ғылым академиясына барып, екі ғалымға жоғарыдағы өлең мен түсінікті апарып көрсеткені бар. Олар мұны елеп-ескеретіндіктерін айтып, уәде берген. Бірақ жұмыстары көп болды ма, дерек аяқсыз қалды. Содан бергі уақыт аралығында Кенесары ханның қолға түсіп, көз жұмған жері Тоқмақ төңірегі, Кекіліктау мен Алмалы аумағы, Борды сайы деп айтылып, жазылуда. Жерленген жері де сол маңайда деген жорамал жасалуда. Ал «Он бір жыра» ауызға алынбайды. Біз бұл үшін ешкімге ренжіп немесе біреуді кінәлаудан аулақпыз. Ойымызда – жыр алыбы Жамбыл бабамыздың 1946 жылы атақты жазушы Сәбит Мұқановтың алғысөзімен жарық көрген толық шығармалар жинағындағы жоғарыдағы өлең мен оған жазылған түсініктегі дерек. Сол ескерілсе, зерттеушілердің есінде болса деген өтініш, тілек.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА
Суретте: жинақтың 674-бетіндегі түсінік