Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Әлемді әнімен әлдилеген Димаш

837 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Артта қалып бара жатқан мына ескі жылдың Қазақ еліне не бер­генін, бұл жылдың есте қалар қандай тамаша сәттері болға­нын, жалпы өткен-кеткенімізді ойша шолсақ, жүректі елжіретіп, жүзі­мізді рахман нұрымен сәуле­лен­дірер жағымды жаңалық­тары­мыз Құдайға шүкір, «жоқ» деп ауызы­мызды қу шөппен сүртпейміз, жет­кілікті-ақ екен. 

Әлемді әнімен әлдилеген Димаш

«Жүзден – жүй­рік, мыңнан – тұлпар» демек­ші, солардың арасынан халық­тың ықыласына ерекше көп бөлен­гендерін бөле-жарып айтар бол­сақ, сирек дауыс иесі Димаш Құ­дай­­бергеновтің Аспанасты елін­д­егі танымал «Мен әншімін» теле­жо­басына қатысып, қазақтың атын өнері­мен асқақтатқан үлкен жеңі­сін ауызға алмау әсте мүмкін емес еді. 

Жүз жылда бір-ақ рет дүниеге келетін тұлғалар болады деген сөздің жаны бар-ау, сірә. Ел еркесі Әміре әнші 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ һәм өткен ғасыр басындағы рухани құбылысымыз десек, ал ЭКСПО халықаралық көрмесі Астанада өткен жылы Алла тағала қазақтың көңілін көк теңіздей толқытып, тағы бір ерекше сұлу бітімді әншісімен қуантты. Миллиард қытайдың арасынан оза шауып бәйге алып келу дегеніңіз Құдай біледі, бүкіл ғұмырын соған арнаған адамның өзіне тым қиын соғады-ау. Оның үстіне қазір өнер иесінің өз-өзін мойындатуы, талантына табындыруы оп-оңай өңгерілер олжа емес. Иланту, мо­йындату дегендер жай бер жағы екен, біздің Димаш баламыздың өнерін қатты сүйгендері соншама, он­дағы жанкүйерлердің жандары қалмай сыртынан «Димаши» деп ат қойып ала қойғандарын қарамайсың ба?.. Париж ЭКСПО-сы әлемге Әмірені, ал Астана ЭКСПО-сы өткен биылғы жыл дүние жүзіне Димашты сыйлады. Бұл жай кездейсоқ сәйкестік емес. Араға бір ғасырға жуық уақыт салғанда түпсіз терең тұңғиық сыршыл сезімге бәріміз бірдей бой алдырып, әсем әннің тағы бір арайлап атқан ақ таңына куә болдық. Адам баласына тән дауыс өлшемінің шеңберіне сыймайтын ғажайып зор дауыс тек қазақ даласын ғана е­мес, бүкіл әлемге кеңінен жайы­лып, шығар тауы әлі алда балауса қанаттың мұнан да асқаралы биіктерге самғай беруін Құдайдан тілеп, әлеуметтік желіден үнемі үнімізді білдіріп отырдық. 

Ол әйгілі «Грэмми» сыйлығы­ның қы­тайлық нұсқадағы бас бәйге­сін иеленді. Қытай астанасы Бей­жің­де өткен Азияның жаңа әндері фес­тивалінде «Жылдың ең үздік шетел­дік өнер адамы» аталымы бо­йынша марапатталды. «Азия­ның ең танымал әншісі», «Халық­аралық дәрежедегі танымал әнші», «Жылдың ең танымал әншісі», «Жылдың ерлер арасындағы үздік әншісі», т.б. жүлделерді иеленді.

Қытайдағы «Мен әншімін» тележобасында Лара Фабианның репертуарындағы «Адажио» әнін тамаша орындап шыққан Димашты атағы жер жарып тұрғанына қара­мастан белгілі әншінің өзі құттық­тап, ыстық ықыласын жеткізді. Әлеуметтік желіні қолданушылар да жұртты қай кезде елеңдетіп, еліктіріп, жіпсіз байлап қоюды біледі-ақ. Лара Фабианның орын­дауындағы «Адажио» мен Димаш­тың шырқауындағы бұл ән өте көп тыңдалып, білікті мамандар пікіріне арқау етілді. Жас орындаушының «Адажиосы» көмескі тартып бара жатқан рухани көне сүрлеуге жан бітіріп, әннің әрін одан әрі айшықтай түсті. Сонымен бірге тележоба арқылы елге танымал талай әншінің есімін қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосты. Өрімдей жас жігіттің бо­йына осыншама құдіретті өнер қай­дан қонған? Бірде пианинода ойнап, «Адажионы» керемет шеберлікпен орындаса, енді бірде қазақтың қасиетті қара дом­бы­расын күмбірлетіп күй тартуы, халық әні «Дайдидау», «Айқ­ара­көзді» шырқауы бір-біріне ұқса­май­тын, қайталанбайтын қос арнаны көз алдымызға келтіреді. Ағысы алабөтен сол қос айдынды кеудесіне қатар қондырған өнерпазды арғы-бергі тарихты талмай қаузасақ та таппайтын сияқтымыз. Ірілі-ұсақты өзендер бастауын бұлақтан алады, теңізге, көлге құяды. Киелі ән өнері де солай-ау. Димаштың жазықта да, таулы-қыратта да сыр бермей, дүлдүлдей жортып, желдірте жөне­летін шеберлігі, яғни бұлақ бас­тауының мөлдірлігі дәстүрлі төл тамырдан қанып сусындауынан деп білеміз. «Тамыры жоқтың – табаны тайғанақ» демекші, оның әуелі әннің сөзіне, мәтін мәніне айрықша көңіл бөліп, мұқият зерделеп орындауы содан болса керек. 

Әншінің «Махаббат бер маған», «Ұмытылмас күн» әндері тұнып тұрған лирика. Өте нәзік, сыршыл сазға құрылған әуен кісіні жалықтырмайды. Бұларды тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді. Жастық тақырыбына арнал­ған­мен, әсем саз жалпы жәмиғатқа жат емес. Әнді ол шағын қойылым іспетті қарайды. Бірде драманы, енді бірде комедия жанрын­дағы спектакльді тамашалағандай әсерге бөленесіз. Халықты эмоция­ға кіргізеді, өзімен бірге ілестіріп алып кетіп отырады. Әнді қалай бас­тау керектігін, шарықтау шегін­де дауысты аспанға шалқыта құй­қыл­­жытуды, төмен қарай қалай құ­­йын­дай құлдилатуды терең мең­гер­­ген. Содан соң классикалық, ха­лық­тық, эстрадалық әндердің қай-қа­й­сысы да көмекейден қарға ауна­ған түлкідей құлпырып шыға келеді. 

Біз әңгімеміздің басында оның өнеріне әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлері табынып, шексіз сүйіспеншілік білдіріп жатқанын айттық. Францияның «France 2» телеарнасы «Сингер-2017» ән бай­қауында бақ сынаған Димашты арнайы бағдарламаларына шақы­рып, ән шырқатты. «Сіз мына керемет дауысты естіп тұрсыз ба? Бұл ғажап дауыс иесінің есімі – Димаш. Бүгін біз осы жас жігіт туралы және оны Қытайда соншалықты танымал еткен әлеуметтік желілер жөнінде әңгіме қозғайтын боламыз», дейді Франция телеаудиториясының 40 пайызын қамтып отырған та­ңе­р­­тең­гілік бағдарламаның жүргізушісі.

Енді бірде желіден Эдгар есім­ді Франция азаматының хаты жа­рия­ланғанын оқыдық. Мұнда: «Димаш, сізге анамның оқиғасын айтып бергім келеді. Менің қарт анам Мамахи (96 жаста) сізді қатты жақсы көреді. Рас айтамын. Ол маған соңғы тілегін айтты. Жұмаққа аттанбас бұрын сіздің ән айтқаныңызды өз көзімен көргісі келеді... Ол күн ұзаққа сіз туралы жаңалықтарды айтып отыруымды сұрайды. Сіздің соңғы шығарған жаңа әндеріңізді, жаңа шыққан видеоларыңызды және тағысын тағыларды. Мен оған бұл ғажайып шындыққа айналады деп уәде бердім. Мен тек Жаратушы бұл уәдемді орындауға сәл көмектесіп жібереді деген үміттемін. Құрмет­пен, Эдгар (Франциядағы Француз Ривьерасы, Ницца)», делінген. Қарт ананың жарық дүниедегі жалғыз үмітіне орай ниет­тес жұрт астына тілектерін жа­бы­ла арнап жазды. Өмірінің соңын­да бір рет ән тыңдағысы кел­ген неткен асыл жан еді, ә! Сол таң­дау­дың қазақ­тың қарапайым қағыл­ез баласына түсуі әсте тегін бол­маса керек-ті. Жүректерге нұр сыйлаған ән қанаты қалықтай берсін. Талмай.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»