Керуенін тартқанда
Мәңгілікке ел,
Үлпілдейді үкідей таңғы үміттер.
Қасиетті қазақтың байтағына
Жасарып кел,
Жаңа жыл,
Жаңғырып кел!
Қыранымды самғатып қияныңа,
Қанат байлап ұшайын қиялыма.
Қазақстан!
Қастерлі хас тұлпарым –
Болат таға байлайын тұяғыңа.
Өрден асып зуласа өмір – күлік,
Алтын жалын сылайын төгілдіріп,
Атырау мен Алтайдың аралығын
Әппақ нұрға алайын шомылдырып.
Әлдилесе ұл-қызын дала – бесік,
Құс – көңілім, дариға-ай,
Қалады өсіп.
Алты қанат ақ орда іргесінен
Іңір туа тұрғандай самал есіп.
Бақытымның байланған бағы нұрдай,
Тағдырымның таланы,
тамырындай.
Күндер қашып барады көз ұшында –
Сайдан ұшқан
Сарыарқа сағымындай.
Тәуелсізбін!
– тәубе – деп зерделедік,
Беретіндей тұлғам бар төрге көрік.
Қазақстан!
Қарышта,
Қиялай шап –
Аламанға ат қосқан елден едік.
Көңілі күн,
жұртымның жаз әлемі,
Ай бетіне айшықтап жазар еді...
Төріме шық, Жаңа жыл –
Жаңа жырым
Бақытым да, барым да
ҚАЗАҚ ЕЛІ!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ