Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Шығыс Қазақстанда операцияны енді құлтемір жасайды

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскемендегі №1 қалалық ауруханаға елімізде теңдесі жоқ ота жасайтын робот сатып алынды. 

Шығыс Қазақстанда операцияны енді құлтемір жасайды

Аталған құрылғы осы емхана базасында жуықта ашылатын роботтандырылған хирургия және трансплантация орталығында орналастырылатын болады. «Робот хирургиялық, урологиялық, гинекологиялық отаның барлығын жасай береді. Ота денені кескілемей, бірнеше жерден тесу арқылы жасалады. Ресейде Да Винчи маркалы роботтар бар. Оның құралдары бір отадан кейін жарамсыз болып қалады. Жаңалап отыру қажет. Ал біз алған робот ұзақ мерзімге арналған. Сондықтан бағасы да қымбат», - дейді аталған емхананың бас дәрігері Юрий Старокожев. Оның айтуынша, құлтемір алдағы уақытта ауруханада жасалатын барлық отаның 30-40 пайызын өз мойнына алмақ.

Қазіргі уақытта роботты техникаға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы жеткізіліпті, тек блоктағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қалыпты. «Бұл орталықтың ашылуы медициналық туризмді дамытуға серпін береді деп ойлаймыз. Өйткені, мұнда облыс пен еліміздің тұрғындары ғана емес, ресейліктер де емделеді деген жоспарымыз бар», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Жаңа жыл қарсаңында осы орталық жұмысымен танысып, Лондонның ең үздік ауруханаларында біліктіліктерін шыңдап, арнайы курстардан өтіп келген өңірдің медициналық қызметкерлерімен кездесті. Бұл мамандар роботтандырылған хирургия, ана және бала өмірі, онкология, жүрек-қантамырлары аурулары бойынша өз білімдерін жетілдіріп оралған болатын.

«Біздің облыстық ауруханадан 13 адам Германия мен Англияда білімдерін жетілдіріп қайтты. Менен басқасының бәрі 30-35 жастағы мамандар. Батыстан үйренетін басты дүние – ұзын-сонар кезектің жоқтығы. Мұндай жүйе біздің диагностикалық орталықта бар. Сол тәсілді облыстық ауруханаға да енгіземіз. Оларда шұғыл түскен науқастар бөлек қабылданады. Қалған науқастар «жоспарлы госпиталь» бөлімінде қаралады. Біз де жаңа модуль салып, шұғыл медициналық көмек блогын ашпақпыз», - дейді облыстық аурухананың меңгерушісі Жайық Жұмаханов.

Облыс әкімі Д.Ахметов бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайтынын айтып, санитарлық қызметкердің де еуропалық медицина деңгейімен танысуы керектігін айтты. «Медицинаның сапасын көтеру үшін заманауи құралдар алу жеткіліксіз. Сондықтан бұл жұмыс жалғасады. Енді өздеріңіз оқып келген жетекші клиникалармен әріптестік байланыс орнатыңыздар. Олардың білікті мамандары осында оталарға қатысып, практикалық сабақ жүргізсін. Болашақта Зырян, Аягөз қалаларында, Үржар ауданында инсульт орталығын ашуымыз мүмкін. Онда да соңғы үлгідегі құралдар мен шетелден білімін жетілдірген мамандар жұмыс істейтін болады. Дәрігерлерге үлкен мүмкіндік ұсынып отырмыз. Оған ілесе алмағандар көштен қала береді», - дейді аймақ басшысы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы