Аймақтар • 02 Қаңтар, 2018

Оңтүстік Қазақстанда бір жылда 6,5 мың пәтер пайдалануға берілді

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 6 553 пәтер пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Оңтүстік Қазақстанда бір жылда 6,5 мың пәтер пайдалануға берілді

2016 жылы өңірде көпқабатты  44 үй, яғни, 214,6 мың шаршы метр болатын 2 564 пәтер тапсырылды. Ал, өткен жылы облыста барлығы 976,9 мың шаршы метр болатын 245 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiлді. Оның 347,2 мың шаршы метрі, яғни, 91 үй пайдалануға беріліп, 4 733 баспана ел игілігіне үлестірілді. 2016 жылғымен салыстырғанда өсім 61,8 пайызға артқан, делінген баспасөз хабарламасында.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев жыл басныда облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі - баспана екенін айтып,  қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына басымдық беріп, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жайын қарастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудағы кезекті бір жиынында қаладағы үйлердің 70 пайызын жер үйлер құрағандықтан олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету аса көп шығынды талап етіп отырғанын және жеке тұрғын үй құрылысы көптеп салынуынан орталықтың сәулеттік келбетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізгенін ескерткен. Осы ретте, облыста алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үй салу қарқыны еселене түспек. Яғни, 2018 жылы өңірде осы жылдан өтпелі көпқабатты 154 тұрғын үйдің құрылысы мен  қосымша жаңадан  көпқабатты 100 тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Жалпы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6 553 отбасы баспаналы  болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі  көпқабатты болса,  272,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй.

Аталған тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияларды құрайды.