Биліктің қадамы
Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи елдегі шеруді Иранның «жаулары» қару, ақша, саясат және барлау қызметтері арқылы ұйымдастырды деп айыптады. Сарапшылардың пікірінше, Хаменеи «Иранның жаулары» деп Израиль, АҚШ-ты және Тегеранның аймақтағы бәсекелесі Сауд Арабиясын меңзеген. Сондай-ақ Иран Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Шамхани Сауд Арабиясына қарсы Иран жауап қатады және оның қаншалықты қатаң болатынын «олардың өзі сезіп отырған болу керек» деп мәлімдеген.
Ал Иран президенті Хасан Рухани билік мемлекет мүлкіне зиян келтіретіндердің, қоғамдық тәртіпті бұзған немесе тәртіпсіздікке шақырғандардың қылығына төзбейтінін ескертті. Тәртіп сақшылары бірнеше күн ішінде 400 адамды қамауға алды. Оның жартысы 1 қаңтарға қараған түні Тегеранда қамалды. Билік Telegram және Instagram желілеріндегі халықты наразылыққа шақырды деген аккаунттарды бұғаттап отыр.
Халықаралық қауымдастықтың ұстанымы
«Ирандағы ірі көтерілістер. Жұрт ақыры ойланды-ау. Олардың байлығы, ақшасы ұрланып, терроризмге жұмсалып жатыр. Халық енді оған төзбейтін секілді. АҚШ адам құқығын бұзушыларды назарда ұстап отырады», деді АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісіндегі парақшасында. Ал оған жауап ретінде Хасан Рухани АҚШ президентін «Иранның жауы» деген мәлімдеме жасады. Сонымен қатар АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хэлей Иран билігінің шеруді сыртқы жаулардан көруін «мүлдем қисынсыз» деп атады. Елші Хэлей Ирандағы жағдайға байланысты АҚШ БҰҰ-ның төтенше отырысын өткізу туралы ұсыныс жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
АҚШ-тан бөлек Еуропалық одақ, Түркия және Франция Ирандағы шеруге қатысты өз алаңдаушылықтарын білдірген. Мәселен, ЕО Иран билігімен байланыста екендігін айта келе, Тегеранды өз азаматтарына бейбіт шеру ұйымдастыру құқығын қамтамасыз етуге шақырса, Түркия наразылықтың кеңінен таралып, жағдайдың ушығып кетуіне алаңдаушылық танытқан. Ал Франция билігі шеру кезінде құрбан болғандар мен қамауға алынғандардың санына қатысты өз уайымын жеткізген.
Шерушілердің талабы
BBC мәліметі бойынша, Иран халқының соңғы он жылда жағдайы біршама нашарлаған көрінеді. Алғашқыда Машхад қаласында бағаның өсуі мен жемқорлыққа қарсылық ретінде басталған шеру кейіннен ел билігіне саяси талаптар қоюға ұласты. Наразылық шерулеріне көбіне жастардан жиналған топтар қатысып жатыр. Олар клерикалдық режімді құлатуды талап етеді. Сонымен қатар кейбірі монархияны қайтып орнатуды талап етті. Акциялар Иранның шағын қалаларына да тарап кетті. Алдағы уақытта көлемі артуы мүмкін. Дегенмен, саяси талаптардың қаншалықты орындалатыны белгісіз. Өйткені шерушілердің арасында нақты бір көшбасшылары жоқ.
«Жасыл қозғалыстан» «жұмыртқа шеруіне» дейін
2009 жылы сайлаудан кейін президент лауазымына Махмұд Ахмадинежадтың отыруы көпшіліктің наразылығын тудырды. Салдарынан наразылық акциялары өтіп, оған «Жасыл қозғалыс» деген атау берілді. Сол тұста оппозицияны миллиондаған адам қолдады. Қозғалыстың негізгі қозғаушы күші ел астанасы Тегерандағы орта тап болды. Шеру кезінде кемінде 30 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қамауға алынды. Бұл Иранда 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін тіркелген ең ірі шеру болды.
Ал тұрмысы төмен халықтың басты тұтыну тағамы саналатын жұмыртқа бағасының қымбаттауына қарсылық ретінде туған қазіргі наразылықтар «жұмыртқа шеруі» деген атауға ие болды. «Жасыл қозғалыстан» бұл шерудің бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, «жұмыртқа шерулері» орта тап көптеп саналатын ірі қалалардан бөлек, күнкөрісі төмен 50 шақты орта және шағын қалаларда өтуде. Екіншіден, 2009 жылғы «Жасыл қозғалыс» кезінде наразылықты оппозиция лидері бастап жүрсе, қазіргі шеруде нақты көшбасшылар жоқ. Үшіншіден, тоғыз жыл бұрын шерушілер сайлаудағы заң бұзушылықты алға тартып, сол кездегі президент М.Ахмадинеджадтың билігіне қарсы шықса, осы жолы шерушілер президент Х.Руханимен қатар елдің рухани көсемі Аятолла Хаменеиге қарсы ашық наразылықтарын білдіруде.
Осы ерекшеліктермен қоса, нақты болжауға қиындық туғызатын биліктің болашақтағы қадамдарын және халықаралық қоғамдастықтың ұстанымын есепке ала отырып, дәл қазір «жұмыртқа шеруінің» соңы неге ұласатындығын дөп басып айту мүмкін емес. Алайда, сарапшылардың бір тобы шеру революцияға ұласып, елдегі режімнің ауысуына алып келеді десе, екінші тобы азаматтық соғыстың ауылы алыс емес дегенді айтады. Үшінші бір топ билік қатаңдық таныту арқылы өз билігін сақтап қалады деп болжауда.
Шалқар НҰРСЕЙІТ,
«Егемен Қазақстан»