Бұл кітапты энциклопедияға теңеп жатқанымыз да дұрыс деп ойлаймын. Себебі Президент бұл кітапта соңғы 30 жылдағы тарихымызды, өзінің көзімен көрген тарихын айтып берген. Тарихта қалатын бұл кітап тұтас бір кезеңнің картинасын көрсетіп тұр. Сондықтан мұндай еңбекті көпшілікке көрсету керек. Мұндай еңбекті жан-жақты насихаттау керек.
Менің ойымша, Президентіміздің бұл еңбегі бұрынғы еңбектерінен өзгеше. Себебі барлық салаларды үлкен үш кезеңге бөліп қараған. Біз кезінде бұл кезеңдердің куәгері болдық. Сондықтан да кітапты оқып отырған кезде көп нәрсе еске түсті. Көп нәрсені қайтадан басымыздан өткергендей болдық. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы сол кезең туралы толық мәліметті қамтиды. Оқиғаларды сипаттап қана қоймайды, терең талдайды.
Тағы бір айта кетерлігі, тәуелсіздік туралы жазылған кітап қазақ халқы тарихының 30 жыл өмірі қамтылған кезең туралы толық ақпаратты қамтып, оның құндылығын, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңнің қиындығы мен қызығын қатар көрсетіп тұрған ерекше туынды. Сондықтан ол сөзсіз оқырманның көңілінен шығады деп ойлаймын.
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
ҰҒА академигі
Дәуірнамалық еңбек
Қазақстан тәуелсіздігін қалай алды? Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет қалай қалыптасты? Қандай жұмыстар атқарылды? Президент мемлекет үшін маңызды шешім қабылданар сәттерде не туралы ойлады? Оны қандай мәселелер толғандырды? Міне, мұның барлығы кітаптан жауабын табуға болатын сан түрлі сұрақтардың кішкентай бір бөлігі ғана.
«Тәуелсіздік дәуірі» атты кітап – дәуірнамалық еңбек. Ол біздің қазақстандық жолдың символы. Ол біздің жаңа тарихымыздың жазбасы. Бұл кітапты оқулық ретінде пайдалану керек деген ұсыныстар айтылып жатыр екен. Ол да артық болмайды. Себебі әрбір азамат өзінің тарихын білуі керек. Ал бұл кітап − Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі тарихы. Бұл – Қазақстанның 26 жылдағы барлық өткелдерінің жинағы. Сондықтан оны барлық азаматтар оқуы керек деп ойлаймын.
Елбасының бұл кітабы тәуелсіздігіміздің 26 жылдығында шыққанына қуаныштымын. Бұл кітап Қазақстан үшін үлкен байлық деп айтуға болады. Кітапта тәуелсіздік кезеңіндегі барлық кезеңдер мен оқиғалар туралы айтылған. Ол оқиғаларды көпшілігіміз білгенімізбен, тереңінен тану мүлде бір бөлек деп ойлаймын. Осы ретте бұл кітап тәуелсіздік кезеңінің, Елбасымыз айтқандай, Тәуелсіздік дәуірінің айнасы іспетті. Себебі кітаптан толықтай бір кезеңді, жаңа заман тарихын көруге болады.
Кітаптан алар тағылым да, үлгі де көп деп білемін. Ең бастысы, кез келген жастағы оқырман өзіне керекті дүниені бойына сіңіре алатыны анық. Сол себепті кітаптың болашақ ұрпаққа жететініне, біздің қазіргі жастарға ғана емес, одан кейінгі ұрпақтарға да мирас болып қалатынына бек сенімдімін.
Бұл еңбектің тағы бір ерекшелігі – автордың кез келген оқиғаға, кез келген шешімге қатысты көзқарасы байқалады. Сонысымен-ақ кітап өз құндылығын жоғалтпайды.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Жаңғыру кезеңдерінің жылнамасы
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабын көпшілік тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы деп атап жатыр. Мен сол теңеумен толықтай келісемін. Себебі туындыда Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі оқиғалары толығымен қамтылған. Сондықтан да жастарымыз, оның ішінде студенттер қауымы бұл кітапты күнделікті серігіне айналдырып, оқып жүруі керек. Менің ойымша, бұл кітап жастар үшін өте пайдалы болмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл кітап қазақстандық даму үлгісінің эволюциясы. Сонымен қатар ол мемлекетіміздің жаңғыру кезеңінің үшеуін де көрсететін жылнама іспетті. «Тәуелсіздік дәуірі» − біздің тәуелсіздігіміздің тарихы, болашағымыздан үміт күтетін мақсаттарымызды белгілеп берген кітап.
Менің байқағаным, кітаптан тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңнің оқиғаларын ғана емес, Елбасының жеке көзқарасын да көруге болады. Сонымен қатар белгілі бір шешімді қабылдау кезінде Президенттің қандай ойда болғанын кітаптан оқи отырып біз белгілі бір деңгейде шешім қабылдауға әсер еткен факторларды да, себептерді де көре аламыз.
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабының бір ерекшелігі – автор тәуелсіздік алғанға дейін де, кейін де ұлт үшін, халық үшін, мемлекет үшін маңызды оқиғалардың басы-қасында жүрген. Сондықтан оқырман саяси шешімдерді еркін түсініп, бойына бірден сіңіріп алады деп ойлаймын.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор