Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында қос кітаптың тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, «Елбасы Жолдаулары өркендеу кепілі. Элбоши мактублари – тараққиет кафолати» кітабы және «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты фотоальбомы.
Өзбек тілінде жарық көрген «Елбасы Жолдаулары – өркендеу кепілі. Элбоши мактублари – тараққиет кафолати» кітабында 20 жыл ішіндегі 21 Жолдау және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сынды тарихи құжаттар топтастырылған. Жинақ ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мен «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының жарияланғанына 20 жыл толуына орай 1000 данамен жарыққа шықты.
«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» фотоальбомында түркітілдес елдердің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласы болып жариялануына орай өткен іс-шаралар толық қамтылған. Халықаралық басқосулар мен байқаулар, жалпы атаулы жылдың өту барысы жайлы мәліметтер мен фотосуреттер жинақталып, таралымы 500 данамен шығып отыр.
– Отанымыздың даму тарихы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атымен тығыз байланысты, – дейді газеттің бас директоры Әлішер Сатыбалдиев. – Қазақстан Республикасының Ата заңында келтірілген құзыреттіліктер аясында дайындалған осынау құжаттар мемлекетіміздің дамуында үлкен әрі маңызды мағынаға ие болды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ұсынысымен бастау алған кітапта редакцияның жиырма жылдық еңбегі көрсетіліп, пайдалануға ыңғайлы жинақ дайындалды.
Елімізде өзбек тілінде жарияланатын мемлекеттік газет «Жанубий Қозоғистон» редакциясы мемлекет саясатын насихаттаумен қатар, өзбек әдеби мұрасын жинақтауға ықпал етіп келеді. Редакция тарапынан осыған дейін «Истиқлол ёғдуси», «Ел жүрегінде», «Тўёна», «Ирмоқлар туташганда», «Қанат-қақты» сияқты қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық және әдеби кітаптар басып шығарған.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы