Аймақтар • 04 Қаңтар, 2018

Алматы об­лы­сында медицина қызметкерлеріне 51 көлік табыс етілді

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Адам жанының арашашысы» деген сөз басқаны қайдам, дәл жедел жәр­дем қызметіне арналып айтылғандай кө­рінетіні бар. Көшеден көре қалсақ, ысырылып жол беру мәдениетін де енді ға­на меңгеріп келе жатқан сияқтымыз. Мұның бәрі адам шығынының азаюына, науқасқа дер кезінде көмек берілуіне сеп­­тесетін жайттар. Мұндағы ең басты қа­­жеттілік техника төңірегінде болаты­ны анық. Сондықтан медициналық жедел жәрдем көлігінің көптігі, әрине, жақ­сы. Мерекелер қарсаңында Алматы об­лы­сында медицина қызметкерлеріне заманауи жабдықтармен жасанған осындай 51 жаңа көлік табыс етілді. 

Алматы об­лы­сында медицина қызметкерлеріне 51  көлік табыс етілді

Көшеде дабылдатқан «жедел жәр­дем» көре қалсақ, «кімнің келіні туға­лы жатыр екен?», деп жақсылыққа жо­ры­ғыш қасиетіміз бар ғой. Көлік кілт­те­рін табыстаған облыс әкімі де ақ ха­лат­тылардың алдында сөйлеген сөзін осы төңіректен бастады. 

– Жыл қорытындысы облысымыз үшін табысты болып отыр. Көрсеткіштер өте жақсы. Сіздердің арқаларыңызда об­лы­сымызда демография да қарыштап да­муда. Жыл сайын 50-55 мың нәресте дү­ние есігін ашады. Тіпті Қаскелеңдегі ауру­ханада сәбилердің көптеп дүниеге ке­луінен дәрігерлердің жұмысы қарбалас болып тұр. Бұл үлкен қуаныш! Осыған орай келесі жылы Ұзынағаштан жаңа емхана салынады. Биыл мектеп табалдырығын 49 мыңға жуық оқушы аттаған. Осыған орай жаңа техникамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Келесі жылдан бастап облысымызда заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ауруханалар мен емханалар салынады. Бүгінгі күні аса күрделі операцияларды облыста өз дәрігерлеріміз жасай бастады және шетелде білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Тек соңғы 3 жылда 50-ден астам дәрігер Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Латвия, Польша, Израиль, Түркия сынды алыс шетелдерде білімін жетілдірді. Елбасының басшылығымен атқарылған осы игі шаралардың бәрі де сіздердің болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз еңбек етулеріңізге жасалған жағдай деп біліңіздер, – деді Амандық Баталов.

Соңғы жылдары емдеу мекемелеріне 218 санитарлық автокөлік кілті табыс­тал­ған. Ал сол санды толықтырып отыр­ған 51 көлікті сатып алуға облыстық бюд­жеттен 640 миллион теңге қаржы жұм­салған. Оның 33-і санитарлық, 18-і же­лілік, реанимациялық және кардио-ре­а­нимациялық бригадаға арналған кө­лік­тер. Аудандар мен қалаларға қа­жет­тілікке сай үлестірілетін болады. 

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы