Иә, шаһардың «Семей» деп жаңадан аталуы халық рухын көтерген мәні зор шешім болды. Осындайда Президентіміздің «Қазақтың тарихи тамырын жалғаған, дәстүр мен елдікті үйлестірген Түркістан мен Семейдің орны қашанда бөлек!» деген ұлағатты сөзі ойыма орала береді.
Қала атауы өзгергеннен кейін, оның затын, соның ішінде төлтаңбасын өзгерту мәселесі туындады. Әрине, Елбасының тағы ұсыныс беруін күтіп отыру жарамас. Жергілікті тарихшылар мен шығармашылық адамдары, көнекөз қариялар мен мекеме басшылары ортақ ұсыныс жасаса, қалалық мәслихат депутаттары сөзбұйдаға салмайтыны анық. Өйткені игі бастама жалғасын тауып жатса несі айып?!
Басқа қалалардың төлтаңбасы әлдеқашан өзгертілгенімен, Семейдің жаңа төлтаңбасы жоқ. Есесіне Ресей империясының отары болған дәуірде қолданылған қала гербі әлі де заңсыз айналымда жүр. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ғой. Алашорда ту тіккен Семей қаласы төлтаңбасының мәселесі оттың басы, ошақтың қасындағы әңгімеге итере салатын ұсақ-түйек емес, мұнда қазақтың ұлттық мүддесі бар. Сондықтан Семейге тәуелсіздігімізді тайға таңба басқандай айғақтап тұратын төлтаңбасы керек. Абайдай алыптың, Шәкерімдей шежіренің, Мұхтар мен Қайымдай қазақтың қайсар ұлдарының талбесігіне айналған киелі мекенде патшалық герб неге заңсыз айналымда жүр? Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр өткенімен ескі құлдық таңбасындай көшелерде самсап тұр. Ал Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев «Бұл заңды герб емес. Сондықтан кім қалай пайдаланамын десе де өзі біледі» дейді. Оу, «герб» деген қаланың бұрынғы басшыларының бірі айтқандай, қайда қойғысы келсе де қоя беретін «сауда белгісі» емес қой. Бұл саяси және идеологиялық мәнге ие мемлекеттік рәміз емес пе?! Семейден басқа қалалар мен аудандар төлтаңбаларын тәуелсіздік талаптарына сай жаңартып алды. Ал Семейдің төлтаңбасын жаңарту ісі қала басшыларының қасаң көзқарасын танытып, қозғалмайтын қара тас сияқты әлі тұр!
Қазақстан үшін Семейдің орны айрықша. Бұл – ежелден еліміздің рухани-мәдени астанасы саналатын киелі мекендердің бірі. Сондықтан да қаланың жаңа төлтаңбасын бекіту заман талабы. Жалпы, Семейдің төлтаңбасын жаңарту мәселесінің көтерілгеніне биыл 16 жылдың жүзі болады екен. Алғаш рет 2001 жылы «Семейге жаңа төлтаңба қажет!» тақырыбымен дөңгелек үстел өткізген едік. Осы жылдар аралығында 20 мәрте түрлі деңгейдегі басқосулар ұйымдастырылып, 35 мақала жазылды. Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде қала жетекшілігіне тағайындалған 9 әкімнің алтауының алдында болдық. Бірақ барлық ұсынысымыз нәтижесіз аяқталды. Егер Семей қаласының жаңа төлтаңбасы қабылданса, патшалық гербтің аты да, заты да көзден кетіп, көңілден ұмыт болар еді. Қала әкімдігі екі рет заңды түрде байқау өткізгенімен жеңімпаз болған жаңа төлтаңбаны қабылдау мәселесін түрлі желеумен кешіктіре берді. Мұның астарында кейбір жат пиғылдағы топтардың қаланың 300 жылдығын атап өту ниеті болуы мүмкін. Қазіргі қала әкімі Ермак Салимов те өз сөзінде «Семейге 1000 жыл екенін дәлелдей алмасаңыздар, онда 300 жылдықты тойлаймыз!» деп қалды. Қала билігі осы мәлімдемесі арқылы тұрғындар арасына сына қаққандай. Бұл елдің ішкі тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе болғандықтан мұндай бастамаларға абай болуымыз керек. Яғни, отарлаушылардың бекет салған жылын атаудың еш қажеті жоқ.
Қала тарихын қазіргі Семейдің орнында тұрған (840-950 жылдар) қимақ қағанатының астанасы болған Қимақия қаласының іргетасы қаланған кезінен бастамай (Қараңыз: «Қазақ Совет энциклопедиясы», 10- том, «Семей», 114-бет, 6-том, «Қимақ қағанаты», 557-бет), керісінше қаладан 18 шақырым жердегі (қазіргі «Старая крепость» елді мекені) отарлаушы патша әскерінің ат қорасы мен миссионерлерінің тұрағы болған «Семь палат» бекеті кезінен бастау тарихымызға жасалған қиянат. Ғылыми деректер бойынша, Семипалатный бекеті су тасқынына жиі ұшырағандықтан, бүгінгі Семей қаласының тұрған орнына 1776 жылы көшіріліп тұрақтап қалады. Бұл туралы сол кезде Семей жеріне келіп, «Жеті сарай» аталған будда ғибадатханасының қирандыларын көрген орыс зерттеушісі П.С.Паллас өз күнделігінде «Семь палат» – қазіргі «Старая крепость» аталатын жерде салынған. Долон, Белокаменка, Стеклянка, Глуховка сияқты қарапайым орыс бекініс-станицасының бірі. Ерекшелігі, «Семь палаттың» «Жеті сарайға» байланысты аталуы ғана және «Семь палат» қазіргі Семейдің орнындағы бекініс емес» деп жазады. Осы арада «Семь палат» (жеті шатыр) пен «Семь палата» (жеті сарай) сөздерінің ұқсастығына да назар аудару қажет. Жалпы, орыс әскері келердің алдында бұл жерде (1635-1758 жылдары) қалмақтың Зордшинхийд қаласы тұрған еді. Бұл қалашық жоңғар мемлекеті күйреген соң, өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын. Аталған деректерге қарағанда, Семей қаласына 300 жыл емес, 1177 жыл болады.
Сондықтан жоғарыдағыдай үстірт шешім қабылдамас бұрын, кәсіби тарихшылар мен археологтардан жасақталған зерттеу тобын құрып, ғылыми нәтижелерді қоғамға жеткізудің маңызы зор. Бұл тарапта семейлік ғалымдар зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдардан бері нәтижелі жүргізіп келе жатыр. Осы ретте қала тарихының көне бастауы туралы археолог А.Исин, тарихшы М.Кәрімов, өлкетанушы Ә.Сәдуақасов бастаған кәсіби мамандар да көтергенін айта кеткіміз келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ», деді. Біздің қалаларымыздың басым бөлігі Ұлы Жібек жолының бойында жатқандықтан тарихи жастары да шамалас. Яғни, мыңжылдық тарихты халықаралық қоғамдастыққа дәлелденген Түркістан, Тараз, Алматы қалаларын атасақ та жеткілікті. Семей қаласының жаңа төлтаңбасында да осы көне тарих көмбесі көрініс тапса дейміз.
Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ,
«Туған қалам – Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы
СЕМЕЙ