Батыл да байыпты жазыла бастады
Мен сексеннің ортасына аяқ басқан еңбек ардагерімін. Ұстаздық білім берген институттан кейінгі саяси ой-өрісімді, білім-білігімді арттырған, пайым-парасатымды толықтырған күнделікті басылымдар менің жан азығым, ғұмырлық университетім болды. Сол ғұмырымда алдымен «оразамды» «Егемен Қазақстанның» беттерін парақтаумен ашамын. Бұл әдеттен айныған күнім болған емес. Өйтпесем қоңылтақсып, қымбатымды жоғалтқандай «ашқұрсақ» жүремін. Өйткені кең-байтақ республикамыздағы күнделікті саяси, экономикалық көрсеткіштер, кадрлық және шетелдегі жаңалықтар алдымен осы газетте байыпты баяндалады. Басылым танымдық талдамаларды, ұлттық болмысымыздың күнгейі мен көлеңкелі жақтарын ғылыми тұрғыда батыл да байыпты жаза бастады. Ұлттық ерекшеліктеріміз, ұлағатты қайраткерлеріміздің жасампаз іс-әрекеттері кеңінен баяндалатын болып жүр.
Қысқасы, «Егеменнің» әр саны еріксіз сағынтатын құтты қонаққа, өзіне тәу еттіретін «сиқыршыға» айналып барады. Бұл рухани жаңғыру қозғалысы кезіндегі ұжымның насихатшылар көшін бастауға ден қойған игі қадамы. Оқырманының жан азығына айналған ғасырлық тарихы бар бас басылымға осы жылға жазылу науқаны жалғасып жатыр. Бұл орайда мен тұратын кенттегі 20-дан астам ардагер аса белсенділік танытып отыр. Өздері түгел жазылып, өзгелерді де, жастарды да үгіттеп жүр.
Орайы келгенде айтарым, шетелдік оқиғалар туралы материалдар жиі жазылып тұрса екен. Сосын ел өміріне, дәстүрімізге, экономикамызға жат қылықтар дәйекті де батыл жазылса екен. «Сөз сойылды» асыға, сағына күтеміз. Оның ішінде нақты фактіге құрылған дүние болса оқырман қызыға түсер еді.
Сұлтанқазы ҮСЕНОВ,
еңбек ардагері
Қызылорда
Төлемақы қабылдаудағы шикілік...
Таяуда бір танысымызбен жолығып қалдық. Пайдаланған электр энергиясына төлем жасап келе жатқан беті көрінеді. Жүзінен ашудың табын байқап, сабырға шақырып, істің мән-жайын білмек болып, әңгімеге тарттық.
– Ай сайын тиісті мекемеге барып, пайдаланған электр энергиясына төлем жасап тұрамын. Бүгін барғанымда қызметші қыз пайдаланған электр энергиясына қосымша тағы да 70 теңге төлеуім керек екенін ескертті. «Не үшін?» десем, «көрсеткен қызмет үшін» дейді. Сонда қалай, ол бізге көрсеткен қызметі үшін ай сайын тұрақты еңбекақы алып отырған жоқ па?
Меніңше, бәрін «осылай екен» деп нарыққа жаба беруді қоюымыз керек. Айталық, біз тұрып, өмір сүріп жатқан аудан бойынша 60 мыңнан астам халықтың күнделікті электр энергиясын тұрақты пайдаланатыны белгілі жайт. Осындағы 10 мыңның үстіндегі тұрғын үйде 11 мыңнан көп отбасы жоғарыда біз айтқан электр энергиясын тұтынады екен. Сонда әр тұтынушыдан 70 теңгеден алғанның өзінде, ай сайын қанша қаржының мекеме кассасына түсетінін өзіңіз есептей беріңіз.
Біреудің қалтасындағы қаржыны санаудан аулақпыз. Алайда, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, тұтынушылардың бәрі бірдей төлем төлеуге қабілетті емес екендігін де ескеруіміз керек емес пе?
Менікі дұрыс екен деп, өзім білемдікке салынып, заңды, заңсыз бүйректен сирақ шығара беру де жөн емес-ау...
Бір мезгіл халықтың жағдайына қарағанға не жетсін!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы
Жастай берген тәрбие абзал
Қазіргідей озық технологиялар, жаһандану үрдісі тамырын тереңге жайып, бәріміз ұлттық құндылықтардан қол үзіңкіреген тұста ердің құнын бір ауыз сөзбен шешкен халқымыздың шешендік, ұлағатты сөздерінің қадір-қасиетін жан-тәніңмен ұққандай боласың. Осыған қарап-ақ баланың ұядан қанат қағып ұшып, азамат санатына жеткенге дейінгі тәлім-тәрбиесіне аса ықтиятты, жауапты болғанын аңғарамыз. Ертеден қара кешке дейін компьютерден түспейтін жастардың бойынан инабаттылық, сыпайылық, мейірімділік қасиеттердің жетіспейтінін көріп, осылар неге қатыгезденіп барады деген суық ойдың сумаңдап қоя беретіні бар.
Мектеп жасына жеткен баланы ата-анасы ұстаздар қауымына сеніп тапсырады. Ұстаз үшін нағыз сын басталады. Осы үдеден көріну оңай емес. Аянбай еңбек ету, тер төгу аз. Ата-анамен үнемі тығыз қарым-қатынас жасай отырып, сапалы білім берумен қатар рухани жағынан жан-жақты кемелденуіне де ерекше мән берген дұрыс. Қазіргі таңда ұстаздар оқушыны дербес тұлға ретінде қалыптастыру, сыни ойлау жағына көбірек ойысып кетті де, тәрбиенің кемшіндігі осындайда байқалып қалады.
Кей ұстаздар да білімді алдыңғы орынға шығарып, тәрбие жағын ұмытып қалдырып жатады. Баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын десек ұлттық тәлім-тәрбиенің тұнып тұрған асылдары мен інжу-маржандарын теріп алып, бойларына сіңіре білейік дегім келеді. Мектепте білім мен тәрбиеге қатар көңіл бөлінсе, ел қорғаны, қалқаны болатын азаматтардың қатары қалыңдай түсері сөзсіз.
Гүлнарай ТАЛАСБАЕВА,
М.Ахметбеков атындағы
орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Солтүстік Қазақстан облысы,
Шал ақын ауданы
Науқастың жанына шуақ шашқан
Алты баланың анасы Орынша Ермағамбетқызына биылғы қазан айында күрделі ота жасалынып, құдіретті Жаратушының және ота жасаған дәрігерлердің біліктілігі арқасында аман қалды. Отаның сәтті жасалуына және отадан кейінгі жағдайын қалыпқа келтіруге барын салған Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансері қызметкерлері – онколог Тайман Аманов, хирург Руслан Сәйденов, мейірбикелер Шынар Төлегенова, Мейрамгүл Рахметова, Бақытжамал Мақпозова, Толқын Қошқароваға алғыс білдіреміз. Анамыздың айтуынша, бұл дәрігерлер әр науқасқа айрықша ілтипатпен қарап, науқастың жан дүниесіне шуақ шашқан ерекше жандар екен. Ақ желеңді абзал жандардың отбасына ынтымақ, бақ-береке тілейміз!
Хадиша СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Шыңғырлау ауылы
Мектепке ұлағатты ұстаздың есімі берілді
Шайыр ауылындағы орта мектепке Маңғыстау өлкесіне танымал, «Білім беру ісінің үздігі» Тұрар Жалғасбайұлы есімі берілді. Тұрекеңнің алдынан сан алуан шәкірттер өтті. Барлығы да білімді және ел тұтқасын ұстаған ел азаматтары болды. Ұлағатты ұстаз 1950-1987 жылдар аралығында осы мектептің директоры болып ерен еңбек етті. Аудандағы білім жүйесін алғашқы құрушылардың бірі болды. Еңбек жолын өз ауылында мұғалімдіктен бастап, Қызан, Шебір, Жармыш бастауыш мектептерінің меңгерушісі, Ауыздыбас орта мектебінің директоры болды. 1964 жылы «Халық ағарту ісінің үздігі» атағын, 1974 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы