Аймақтар • 04 Қаңтар, 2018

Ақтөбе аймағында үш ауысымды оқуды азайту қолға алынды

546 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында үш ауысымда білім беретін 24 мектеп бар. Бұл жайт білім беру стандарттары мен нормаларына сәйкес келмейтіні аян. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына қатысты алғанда да мұның қайшы келетін тұстары көп. 

Ақтөбе аймағында үш ауысымды оқуды азайту қолға алынды

Осы арада ең алдымен үш ауысымды мектептердің пайда болуына әкеліп соқтыратын басты факторларды айқындап алғанымыз жөн. Мұның өзі біріншіден, белгілі бір аймақтағы тұрғындар санының өсуінен , ішкі көші-қон үдерісінің артуынан және отандастарымыздың атамекеніне оралуынан пайда болатын табиғи үдеріс. Айталық қазіргі кезде Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында үш ауысымда оқытатын мектептердің жойылмауына осы айтылғандардың қай-қайсысы да әсерін тигізіп отырғанын аңғару қиын емес. Мысалы, өткен күз айында облыс орталығында 1200 бала оқитын №6 Ғұбайдолла Ақтаев атындағы орта мектепте болғанбыз. Мұнда біз мұғалімдермен кездесіп, ой-пікір алмасқан едік. Сонда көзіміздің жеткені, мектептегі оқушылардың денін Өзбекстаннан қоныс аударған ағайындардың балалары құрайды екен. Сол кезде мектептің үш ауысымға ауысып кете жаздап, әупіріммен әрең тұрғанын аңғарып қалып едік. Тіпті бұған дейін мұндай жағдай бірнеше рет орын алыпты. Бұл қолайсыздықтан іргелі білім беру шаңырағы өз оқушыларының белгілі бір бөлігі жаңадан ашылған мектептерге ауысуы арқылы арылыпты. 

Дәл осындай көрініс күні кеше Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында орын алғанына куә болып оралдық. Шағын ауыл мектебі ғимаратында 1000-нан астам жеткіншек сығылысып оқып келіпті. Орынның тым тарлығынан мектеп басшылары дәлізді кабинет жасауға мәжбүр болыпты. Осындай жағдай мұғалімдер бөлмесін жасақтауға да мүмкіндік туғызбапты. Құрқыл­тайдың ұясындай орында үш ауысымды оқыту үдерісі жүргізілген жағдайда оның сапасы және қосымша сабақтар өткізу жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық. Жоғарыда айтып өткендей, мұндай күрделі жағдайдың қалыптасуына ауыл тұрғындары санының өсуі, отан­дастардың Сарыжар ауылына келіп орналасуы әсер етіпті. Бір жақсысы, тәуелсіздік күні қарсаңында мұндай ыңғайсыздық жойылып, мектеп екі ауысымдық жүйе тәртібіне ауысты. Жағымды жайт Сарыжарда «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 320 орынды 3 қабатты жаңа мектептің пайдалануға берілуі арқасында мүмкін болды. Сөйтіп алдыңғы айтылған мектеп ғимаратына түсіп отырған ауыр жүктеме біршама азайды. Жаңа мектептің жобалық құны 697 миллион теңгені құрайды. Мұнда дербес пән кабинеттері, компьютер сыныптары, кітапхана, спорт және мәжіліс залдары заманға сай жабдықталған. Бұған қоса интерактивті-мультимедиалық құрал-жаб­дық­тар орнатылған. 

Өңірде қабырғасы ағаштан тұрғызылған немесе қамыс пен саманнан, тастан салынған мектептер де жоқ емес. Алайда, облыс аумағында кеңінен қарқын алған жаңа мектеп құрылыстары бұрынғы шаруашылық тәсілмен тұрғызылған ескі мектеп ғимараттарын ауыстырады. Мысалы биыл өңірде 31 мектептің құрылысы басталса, соның 12-і бүгінге дейін пайдалануға берілген. Жыл аяғына дейін тағы да үш мектеп есіктерін оқушыларға айқара ашады деп күтілуде. 

Ал құрылысы жүргізіліп жатқан және пайдалануға берілген мектеп ғимараттарының басым бөлігі оқу үдерісі үш ауысымда жүргізілетін білім шаңырақтарын ауыстырмақ. Үш ауысымдағы мектептер қатарын азайту және жою үшін қазір облыс аумағында жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп келеді. Соның бірі 600 орындық мектептің құрылысы Алға қаласында жүргізілуде. Бұған қоса мектеп жанынан 100 орындық интернат салынуда. Бой көтерген жаңа мектеп ғимараты жеті бөліктен тұрады. Аталған құрылыс жаңа білім беру стандарттарының барлық талаптарына сәйкес келеді. Бұл білім шаңырағы пайдалануға берілген кезде 1500 адам тұратын жаңа құрылыс ауданындағы үш ауысымдық оқу мәселесі өзінен өзі реттелмек. Түйіп айтқанда, облыста үш ауысымдық мектептер проблемасын түбегейлі шешу жөнінде кешенді жоспар бекітілген. Мұнда жоғарыда айтылып өткендей жанында интернаты бар мектептер құрылысына басымдық беру қарастырылып отыр.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ