Білім • 04 Қаңтар, 2018

Жаңа бағдарлама мұғалімдерге үлкен жүк болып отыр

964 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жалпы, біз Білім және ғылым ми­нистр­лігінің білім саласына ен­­гізіп жатқан жаңалықтарын, со­ның ішінде, жаңартылған бағдар­лама мәселелерін құптаймыз. Жаңартылған бағдарлама – жас жеткіншектердің дамуына, оқушы­ның ой-өрісінің өсуіне, оның функционалдық сауаттылығын арт­тыруға даңғыл жол ашып отыр. 

Жаңа бағдарлама мұғалімдерге үлкен жүк болып отыр

Оған қоса, оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік кешендердің қоғам­дық пікірді, ата-аналардың талаптары мен ел зиялыларының көз­қарастарын ескере отырып, жыл сайын қайта шығарылуын да құп­тарлық іс деп санаймыз. 

Әйткенмен, жаңартылған бағ­дар­лама жоба ретінде мектептерге жол тартқанда, ол мұғалімге үлкен жүк болып жетіп отыр. Жалпы, мек­тептерге жоба емес, оның жан-жақ­ты ойластырылған нұсқасы келуі ке­рек еді. 

Бұрнағы жылы кей мәселелер әлі түсініксіз болды, бірі орында­лып, бірі іске аспай жатты. Ал ұстаздар тап былтырғыдай қина­ла қоймаған еді. Өткен жылы мәсе­леге жан-жақ­ты қарап, барлық жұ­мыс­ты қолға ал­ған кезде жағдай күр­деленіп кетті. Рес­публика бойын­ша топ құрып, бір-бірімізбен байланысқа шыққалы тәжі­рибелі мұ­ға­лім үшін де, жас маман үшін де ұйқысыз түндер мен шарасыз әре­кеттер жүйкеге күш болып түс­­ті. Күнді түнге айырбастаған кей әріп­тестеріміз түнгі екі-үште хабарласып жатады. 

Біз үшін бүгінде не қиын? Бірін­шіден, әр іс-әрекетімізге есеп беру, әр өткізген жұмысымызға сараптама және модерация жасау; екін­шіден, қаптаған қағаздарды шығару. Сон­дықтан салалық ми­нис­трліктен мына мәселелерді же­ңілдету шараларын қарастыруды сұрар едік. Біз­дің тамыз айында ұзақ мерзімді жос­пар жасауға, биылғы оқу жылына арналған үлгілік оқу жоспары мен жаңа оқу жылына нұсқаулықты шы­ғарып алуға шамамыз жетеді. Ал орта мерзімді жоспар (оқу жоспары) тым көп болғандықтан, электронды нұсқасын пайдалануға, қысқа мерзімді жоспардың орнына жан-жақты талданып жасалған (авторларға алыс!) оқулыққа әдіс­теме­ліктерді қолдануға рұқсат етілсе деген тілегіміз бар. Ал бүгінгі өткен сабаққа сараптама, модерация, ата-анаға рубрика тәрізді жұмыстар мүл­дем алып тасталса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ оқушы порт­фолиосының талаптарын жеңіл­дету, жоғарыдан келіп жатқан тек­серістердің әдістемелік көмекке ауыс­тырылуы сұралады. Бұған қоса, тест­тік жұмыстар үшін оқушыға және ұстазға жеке дәптер шығарылғаны жөн болар еді. Сыныптағы 25 балаға бір тесттік жұмыс үшін (ата-анаға рубриканы қосқанда әр оқушыға кемінде үш бет) 75 парақ қағаз керек, бір тоқсанда азы 20 тест, нәти­жесінде, 1500 парақ қағаз (3 пәшке) қажет. Әр ұстаз картридждің бояуын есептемегенде, бір тоқсанда 6-7 пәшке қағаз жұмсайды. Жас маман үшін бұл үлкен шығын. 

Бұдан басқа қиындықтар мен шығын­дарды (күнделік.кз; мектеп­те ғаламтордың нашар істеуі; жеке компьютердің жетіспеушілігі; интер­белсенді тақталардың жоқтығы немесе толыққанды істемеуі; электрон­ды құрылғылардың ескіруі немесе уақ­тылы антивирус қосуға қаржы бөлінбеуі) есептемеген күннің өзін­де, егер жоғарыдағы айтылған мәсе­лелер шешілсе, әр ұстаз «бү­гін­гі сабақ­ты қалай өткізсем, қан­дай ресурс­тар іздесем» деумен оқу­шы­ның алдына жақсы көңіл хошымен ба­рар еді. 

Ұстаз үшін сабақты қызықты етіп өткізу; жеткіншектерді рухани тұр­ғыда тәрбиелеу; ертеңгіліктер өткізу; оқушылардың дамуына жағдай жасап, түрлі шараларға, мектепішілік жұмыстарға қатыстыру; дәптерлері мен күнделіктерін тексеру; ата-ана­лармен жұмыс істеу; өз білімін кө­теру; жоғарыдан күнделікті келіп жат­қан нұсқауларды орындау; т.б. іс-әрекеттер күн  сайын атқарылатын жұ­мыстар. Алайда, қазіргі таңда арқасына еселеп артық жүк түскен (жас мамандарды былай қойғанда) тәжірибелі мұғалімдердің өзінің жүрегі шайлығып отырған жағдай бар. 

Білім және ғылым министрлігі рес­публика бойынша сабақ беретін 2-сынып ұстаздарының осы хатын аяқсыз қалдырмайды ғой деп үміттенеміз.
 
Жамал СМАҒҰЛ,
2-сынып мұғалімі 

Ақмола облысы, 
Біржан сал ауданы, 
Сәуле ауылы