Жинақтың алғысөзін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева жазыпты. Абай өсиет етіп кеткен «толық адамды» қалыптастыратын, үлгілі де тәрбиелі етіп шығаратын ұстаз екенін айтып, М.Әуезовтің ұстаз «ұлы есім» дегенін алға тартады.
Ұстаздар кітабында 130-ға таяу ұрпаққа білім берген аяулы жандардың өмір жолы, жеткен жетістігі, алға қойған мақсаттары баяндалады. Сабақ берудегі әдіс-тәсілдері де назардан тыс қалмаған. Астана ұстаздарының арасынан шыққан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі иегерлері молынан қамтылған екен. Тек қазақ мектептерінің ұстаздары ғана емес, орыс мектептерінде қызмет жасап жүрген үлгілі де өнегелі азаматтардың өмір жолы да қамтылыпты. Бір сөзбен айтқанда, ұстаздар қауымы туралы жинақтан алар тағылым, мәлімет аз емес. Төрт жүз беттен аса жинақты құрастырып, өз қаржысымен шығарған, бүкіл саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері Оспан Сүлейменұлы екенін айта кеткеніміз абзал.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»