– Қазбек Ғазизұлы, қазіргі жастар үшін мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалған. Өнер көгіне қанат қағам деген өркенге көкжиек кең. Өзіңнің де 17 жылың шетелде, оның үстіне, Еуропада өтті. Балет өнерімен ондағы жұртты таңғалдыру қиын деген пікірді жиі естіп қалып жатамыз. Сонда көпшіліктің жүрегіне қалай жол таптың?
– Жер бетінде адамға туған жерінен ыстық құтты мекен бар ма?! Мұның қасында шетелдің небір тамаша шаһарларының өзі түк емес. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы – ғажайып өнер адамдарының кіндік қаны тамған жер, Ескендір Хасанғалиев ағамыздың туған жері. Алтын кіндік, туған топырағымды күллі қазаққа танымал аға-апаларымның атымен мақтаныш тұтамын. Тоғыз жасқа дейін мен де сол ауылдың шаңын жұтып, шалғынында аунап-қунап өстім.
...Шетелге ат басын бұрмай тұрып әуелі өзіме дәріс берген ұлағатты ұстаздарыма тоқталғым келеді.
Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография училищесінде сабақ беретін тәжірибелі педагог-мамандар жыл сайын өнерлі балаларды оқуға тарту мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірін жаяу аралап шығады. Қандай тамаша дәстүр! Іріктеу сынағына 9-10 жастағы өрендер таңдалады. Мен ол кезде, яғни 1991 жылы Орал қаласында №21 мектепте оқып жүрген кезім болатын. Мектепке екі мұғалім келді. Оқушыларды үлкен залға жинады. Қимыл-қозғалысымызды байқап көрген соң, нәтижесін көп ұзамай жария етті. Маған: «Сыннан өттің, оқуға келе беруіңе болады» деді. Класс жетекшіміз Гүлбарам Қуандыққызы туған анамдай, күні бүгінге дейін ол кісімен Астанада араласып тұрамыз.
Алматы хореография училищесінде Рима Алексеевна Лукомскаяның мектебінен көп нәрсе үйрендім. Бұ кісінің өнер мектебінен өту үміткерлер үшін үлкен бақыт. Үш жыл балеттің әліппесін жаттатқызып, сахналық қимылдың қыр-сырын үйреткен шебер. Менің өнерге құштарлығымды осы кісі оятты. Одан кейін кәнігі мамандар Владимир Голов, Елдос Усин сабақ берді. Әнуарбек Жәлилов, Эдуард Мальбеков сияқты саңлақ шеберлерден үйрендім...
– Шетелдік мамандардың көзіне кез келген адам іліге бермесе керек-ті. Ол үшін балет өнері иесінің бойында қандай қасиет болуы керек?
– Қатаң тәртіпті сақтауға міндеттісің. Мұны бір рет бұзған адамның бәрін қайтадан нөлден бастауына тура келеді... Қазір әлемнің қай түкпіріне барып білім аламын десеңіз, есік ашық. Мұнан артық не керек? Бақ өздігінен көктен ұшып келіп төбеңе қона салатын көбелек емес қой. Оған жету үшін тынбай еңбектену керек. Сол үшін балетке келген жастарға өзге мамандық иелеріне қарағанда өзгеше талап қойылады. Сондай-ақ қазір өнер адамдары бір-бірімен мидай араласып кетті. Бір-біріңнен білмегеніңді емін-еркін үйренуіңе, тәжірибе алмасуыңа мүмкіндік мол. Мұны өз басымнан өткерген соң, жақсы білемін. Мұндай дәстүр барлық жерде бар. Тіпті Ресей театрларына дейін шетелден танымал режиссерлерді, солистерді шақырады. Мұны орыс сахнагерлерінің тәжірибесі жетпегендіктен шақырып жатыр деп ешкім айта алмайды. Бізбен де сондай танымал компания айналысты. Олар негізінен театрларға білікті хореографтарды шақырып, тамаша балет туындыларын қоюды мақсат тұтады. Міне, осы компанияның қолдауымен Америка, Доминикан елдерінде, Пуэрто-Рикода өнер көрсеттім, шеберлік шыңдаудың түрлі мектептерімен таныстым.
1999 жылы Францияның балет театры Қазақстанға гастрольдік сапармен келді. Солармен қосылып сахнаға шықтым. Олар менен әлемдік деңгейдегі сахналарда өнер көрсетуге қалай қарайтынымды сұрады. Талап-ережелері бойынша өзім орындаған рөлдерімді бейнетаспаға түсіріп, жолдадым. Содан Франция театрының басшысы Роберт Бертье мырзаның өзінен шақырту алдым. Сөйтіп Париж сахнасында өнер көрсету мәртебесіне ие болдым. Бір жыл сонда әжептәуір тәжірибе жинақтадым. Тағы бір айта кететін жайт, арада бір-екі жыл өтсе де кейін бұл компания сенің әрбір басқан қадамыңды жіті қадағалап, өнеріңнің әрі қарай дамуына қолдау көрсетіп отырады
– Сондай әлемдік деңгейдегі театрларда кімдердің бейнесін сомдадыңыз?
– Майндағы Франкфуртқа жақын маңда Висбаден қаласында Гессен мемлекеттік театры орналасқан. Соның негізгі қойылымдарының бәрінде ойнадым. «Щелкунчикте» – Бекзаданың рөлін, «Дон Кихотта» Базильді сомдадым, сондай-ақ француз шансондары Джулбер Веко, Жак Брель орындауындағы шығармаларға қойылған билеріммен көпшілікке таныла түстім.
Франция мен Германияның басты балет труппаларында солист, премьер-солист ретінде орындаған он жеті жылдағы рөлдерімді ойша сараласақ, Тулузадағы Капитолия, Париждегі Францияның Жас балеті, Висбадендегі Гессен мемлекеттік, Саарбрюкен қаласындағы неміс мемлекеттік опера және балет театрларында әлемге әйгілі хореографтардың қойылымдарында өнер көрсетіппін. «Неаполь», «Сильфида», «Раймонда, «PasdeDeux», «Тақырып пен вариациялар», «Лағылдар», «Шағын ажал», «Аққу көлі», «Сіз үшін өлуге дайынмын», «Нақтылыққа мастанған құмарлық», «Бетховеннің жетінші симфониясы», «Синатраның тоғыз әні», «Алисаның ғажайыптар еліне саяхаты», «Жизель» «Корсар», «Кармен»... т.с.с. көптеген спектакльде басты бейнелерді сомдадым. Шетелдік рок балет, барокка дәуірі музыкасы, шансон және классикалық жанрлар бойынша сахналанған спектакльдерде биледім.
– Сахна өнері ұжымдық өнер болып табылады. Бірақ соған қарамастан жекелеген өнер иелерінің шеберлігі үлкен рөл атқаратыны тағы мәлім. Ал сіз өзіңіздің сахналық жұбыңызға қаншалықты тәуелдісіз?
– Бірде Гонконгте Франция күндері атап өтілетін болды. Жұмыстан соң көлігімді тұраққа қойып, үйге қайтып келе жатқанымда алдымнан басшымыз жолығып: «Гонконгке барғың келе ме?» – деп сұрады. Ойланбастан «иә» дедім. Сол сапарда америкалық Нанетт Глушакпен таныстым. Оның сахнадағы жеп-жеңіл қимылы аспанда қалықтап ұшып жүрген ұлпадай әсер қалдырады. Жалпы, балетте жұбыңның биіне көп нәрсе байланысты деп айтып жатамыз ғой. Бұл жағынан маған Құдай өте ақкөңіл жайсаң жандарды жолықтырды. Мен олармен әуелі арамызға сенім көпірін тұрғызып алмайынша ешбір іске тәуекел етпейтінмін. Мұндай шығармашылық байланыстар адами шынайы сыйластыққа қана құрылады. Содан да болар, мен сахналық серігімнің қай жерде демін ішіне жұтатынын, қай тұста терең тыныстайтынын аңғарып тұрамын. Және де олар рөліме кедергі келтіріп, сәтсіздікке ұшыратқан емес. Соның бірі міне, осы Нанетт Глушакпен Джордж Баланчиннің көптеген балеттерінде бірге биледік. Шетелде Дж.Баланчинге құрмет зор. Түбі грузин, санкт-петербургтік хореограф әуелі Еуропаға кетіп, әрі қарай түпкілікті Америкада тұрақтап қалған. Осы автордың 1949 жылы Нью-Иоркте қойылған хореографиясын, «Серенада» балетін «Астана Балет» театрына алып келдік. Бүгінде бұл шығарма репертуарымыздағы бірден-бір тұшымды туынды саналады.
– Сіз өзіңізді балеттің қай мектебіне жатқызасыз?
– Қай жерде өнер көрсетсем де маған тек қазақ ұлттық балет мектебінің өкілі деп қарайды. Жалпы, ел арасында француз балеті техникасы, орыс балет мектебі деген сияқты ұғымдар бар екені рас. Мұндай түсінікке түбегейлі бой алдырып кетпес үшін мысалы, мен оған және Америка, Куба, Италия балеті техникаларын қосар едім. Өйткені бұл елдердің мәдениеті мен өнерінде, оның ішінде балет өнерінде соңғы уақытта керемет құбылыстар пайда болуда. Француз бишілері аяқпен қалай жұмыс істеу керектігін, ұсақ та нәзік иірімдерді жақсы меңгерген. Сол сияқты Дж.Баланчиннің қайталанбас өз техникасы болған. Мысалы, ер адам 1 минут 10 секунд билесе, Баланчиннің хореографиясы бойынша америкалықтар бұл элементті 48 секунд билейді. Яғни айырмашылық – техникасының жылдамдығында. Француздардан соншама айтарлықтай көп нәрсе үйренген жоқпын. Өйткені Қазақстанның балет мектебі бишілерді өте жоғары деңгейде даярлайды. Онда барғанымда достарым менен қызығып: «Мынадай керемет техниканы қай жерден оқып үйрендің, қай елден келдің?» деп қайта өзімді сұрақтың астына алатын. Оларға Алматыда оқығанымды, сосын кезінде Санкт-Петербургте, Ваганова атындағы балет академиясында Рудольф Нұриевпен бірге оқыған Әнуарбек Жәлилов сынды мықты ұстаздардан оқып, тәлім алғанымды айтамын.
– Шетелге кеткенде қанша жастасыз?
– Германияға 20-дан сәл-ақ асқанда бардым. Жақсы ұстаздар кездесті. Онда жұппен қалай жұмыс істеу керектігін, жоғарыға жеңіл көтере білудің нәзік техникасын үйретті. Шеберлік жағынан шыңдалдым. Сосын билеп жатқанда түріңнен сенің ішкі қиналысың, эмоцияң көрінбеуі тиіс... Музыкамен қосыла билеуге, аяқ-қолды, көзді, ойды бір мақсатқа жұмылдыра білуге дағдыландырды. Бірақ осылардың бәрінен бір секунд болсын ойың алда жүруі керек екен. Балетте қимылдан ой бірінші тұруы керек деген қағида бар. Техникалық шеберлікке келсек, ол күнделікті қайталай беру арқылы бірте-бірте әйтеуір қалыптасады. Тағы бір маңызды мәселе – координация. Мұнда әркімнің әдіс-амалы әр түрлі. Оны айтып отырған себебім, біреудің қимыл, әрекетін тура солай айна-қатесіз қайталап шығу мүмкін емес. Үйретуші маман мықты хореограф болған жағдайда ғана солист өз координациясын тауып алады. Аяқ-қолдың қимылын бір мезгілде ортақ ой мен бір мақсатқа жұмылдыруды меңгереді.
– Еуропада қандай атақты адамдарды кездестірдіңіз?
– Германияның өзінде бишілер аса көп емес. Көбісі сырттан келіп қатысады. Қоюшы-хореографтар да тап солай. Жапонияның 2 мың орындық залында, Германиядағы 1200-1300 орындық залдарда өнер көрсетуіміз сондай танымалдардың арқасында.
Францияда Париж операсының жұлдызы Моник Людиермен биледім. Бразилия, Испания, Америка, Жапония, Франция театрларының солистерімен бірге өнер көрсеттім. 2011 жылы Жапонияның Киото қаласында өтетін турнеден Фукусима апатты аймағының радиациялық зардабына байланысты Париж операсының бишісі саналы түрде өзі бас тартты. «Соның орнына барасың ба?» деп сұрады ұйымдастырушылар. Олар бұл қалаға ешқандай да радиация қаупі төніп тұрмағанын, қорқатындай түк жоқ екенін түсіндіріп айтты. Соның арқасында тіршілік көзін туризм құрайтын ғажайып Киото қаласына жолым түсе қалды. Сыртынан кім не десе де, елдің нағыз мәдени орталығы болғандықтан онда жыл сайын көптеген өнер фестивальдері өтеді екен. Тарихи ескерткіштер өте көп. Басқасын былай қойғанда, бір ғана осы қаланың өзінде 1600 будда храмы, 400 синтоистік шіркеу бар көрінеді. Тарихи сәулет өнері ескерткіштерінің молынан ұшырасуын жұртшылық осыдан мың жылдай бұрын Киотоның Күншығыс елінің астанасы болғандығымен байланыстырады.
Сөйтіп осы сапар барысында нәзік сезімге құрылған би стилін қалыптастырушылардың бірі Илер Лоранды жолықтырдым. Кезінде Моник Людиермен билеген кісі. Осы саңлақ маған «Дон Кихоттың» Базилін қалай орындау шеберлігін үйретті. Қазір бұл адам – Мәскеудегі Станиславский және Немирович-Данченко атындағы балет театрының көркемдік жетекшісі.
Бразилия, Куба, Британия елдерінде би өнерінің қыр-сырына әбден қанығып өскен белгиялық белгілі хореограф Рикардо Амарантемен қазір қоян-қолтық шығармашылық байланыстамыз. Астанада «Гайя» спектаклін бірлесіп қойдық.
– Амарантенің қатысуымен «Астана Балет» театрында тағы қандай тың туындылар қойылды?
– Театрдың көркемдік жетекшісінің шақыруымен мен «Астана Балет» театрына жұмысқа орналастым. Өзіммен бірге белгілі хореограф Рикардо Амарантені алып келдім. Жасы 37-де. Келісімшартпен жұмысқа тұрған қоюшы-хореографтың осы аралықта сахналаған туындыларының саны жетіге жетіп қалды. Мен әрі аудармашымын, әрі театр солистері мен Амаранте арасындағы көпірмін, яғни көмекшісімін. Өзім де билеймін. Бұрын мұнда тек қыздардың ғана труппасы жұмыс істейтін, қазір аралас, 8 ұл бала қосылды. Р.Амарантенің «Махаббат. Үрей. Жоғалту», «Баяу жалын», «Сағым сәттері» сияқты неоклассика стиліндегі жаңа қойылымдарының басы-қасында жүргендіктен мен бұларға шебердің қаншалық тер төккенін жақсы білемін.
– «Астана Балет» театры өнерінің шетелдіктерге дәріптелу жағы қалай? Және басқа балет театрларынан несімен ерекшеленеді?
– «Астана Балеттің» тұшымды туындыларын жинақтап, былтыр Жапонияға барып келдік. Польшаның Варшава, Врослав қалаларында болдық. Сол бағдарламаны жаңғыртып, Париж, Брюссель, Санкт-Петербург қалаларында өнер көрсеттік. «Серенада», «Контрасты» балетінің премьералары өтті биыл. Астанада осы екі туындыны біріктіріп ұсындық. Мұндай жоба бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Әр қойылым жұрттың көп уақытын алып, жалықтырмайды. Ерекшелігіміз – «Астана Балетте» ондай үлкен ауыр балеттер әлі сахналанған жоқ, көбі концерттік бағдарламалардан тұрады. Бір актілі балет, қысқа-қысқа тұшымды дүниелер бар.
– Солистің сахнадағы кейбір қимыл-қозғалыстары тап солай тағы қайталанып жатқандай әсер қалдырады. Бұл балет өнері үшін қалыпты жағдай болып есептеле ме?
– Балетте жаттанды нәрселер бар ма дейсіз ғой. Негізі солай сияқты көрінгенмен, шеберлік тәсілі, әр орындаушының стилі бөлек-бөлек. Жастарға осы жағынан көп бағыт-бағдар сілтеуге тура келеді. Кейде уақыт шіркін өмірдегі барлық түйткілді тез шешіп тастауға мұрша бермейді. Сондайда уақыттан біраз кешеуілдеп қалып жатқаныңды сезінесің, осы тығырықтан шығаратын жол іздейсің. Сол үшін бір күн болса да жастарға көкейге тоқығандарымды көбірек үйретуді қалаймын. Олардың мықты маман болып қалыптасуына уақыттың көп жұмсалуы маңызды емес, маған маңыздысы – әдіс-тәсілдерімді, техникалық шеберлігімді өзімнен кейінгі өрендерге үйрету, шәкірттеріңнің әлемдік биіктерді бағындыруы. Осы тұрғыдан өз бетімен сұрап, білсем деп жүрген жастарды көргенде қуанамын. Білмегеніңді сұрағанның несі айып?! Қазір жастары 20-дан сәл-ақ асқан балауса жастарға қолымнан келгенше ерлер биінің техникасын үйретіп жүрмін.
Әлгінде қимыл-әрекеттердің қайталануына келсек, бидегі қимылдардың қайталануы заңды құбылыс болып саналады. Мұнда түк те өрескелдік жоқ. Әр хореографтың өзіне тән би нұсқалары бар десек, бірте-бірте осылар сахнаға әбден орнығып, құндылыққа айналып кетеді. Жетіледі. Дамиды. Толығады.
– Ондағы солистер мен біздегі би дәстүрінің арасында қандай айырмашылықтар бар?
– Би тілі – бәріне ортақ. Айырмашылық жоқтың қасы, алайда қызық жайттар баршылық. Мысалы, аяқтың ұшымен билеу тек әйелдерге ғана тән деп есептейміз. Бірақ кей елдер мұны елей қоймайды. Сондықтан кейде әйелдердің балетке киетін туфлиімен аяқтың ұшымен билейтін ерлерді кездестіріп қалып жатамыз. Кейбір хореографтар мұны солистерден әдейі сұрайтын көрінеді. Бірақ өз басым мұны құптамаймын. Әлемдік балет өнерінің ғасырлар бойы сақталған классикалық әсем әдебінің бұзылмағаны абзал. Пуанти – әйелдерге ғана жарасатын аяқ киім.
– Кімдерді құрмет тұтасыз?
– Қазір әлемдік балетте атақты адамдар өте көп. Мен Михаил Барышниковтың өнерін бағалаймын. Ресейдегі А.Ваганова атындағы орыс балет академиясын бітірген. 1974 жылы шетел асып кеткен. Содан Америкада тұрақтап қалған. Жасы 60-тан асқан кісі. Бірақ соған қарамастан мұндай тұлғалар балетте өте сирек кездеседі. Әйелдер ішінен француз бишісі Сильви Гилемді құрметтеймін. Сахнадан қол үзбей 53 жасына дейін билеген нағыз майталман жан еді.
– Балет солистері қолдары қалт еткенде немен айналысады?
– Өзім сырғанақ тепкенді, хоккей ойнағанды жақсы көремін. Шаңғы спорты ұнайды. Әрине, бұлар балет үшін өте қауіпті ойын түрлері болып табылады. Өйткені кез келген уақытта ауыр жарақат алуың мүмкін. Соған қарамастан мұз айдынында серуендегенді сүйемін.
– Қанша тілде еркін сөйлейсің?
– Немісше, ағылшынша өте жақсы сөйлеймін. Французшам да жаман емес. Осылардың ішінен неміс тілін өте жылдам әрі жеңіл үйрендім. Осы тілдерде фильм тамашалаймын, газет, кітап оқимын. Достармен сөйлесіп тұрамын. Бірақ өзімнің ана тілімді қайда жүрсем да ұмытқан жоқпын. Біздің үйдің адамдары бір-бірімен қазақша сөйлеседі.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»