Парламент • 04 Қаңтар, 2018

Сенат депутаттары Зеренді ауданында болды

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы Зеренді ауданында жұмыс бабындағы сапармен болды, деп хабарлады Палатаның баспасөз қызметі. 

Сенат депутаттары Зеренді ауданында болды

Сенаторлар аудан орталығындағы қазақ тілінде білім беретін мектепті жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Білім ұясын жаңарту жөніндегі жобаны іске асыру екі жылға жоспарланған болатын. Депутаттар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болған кезде жаттығу бөлмелері мен спортзалды және бассейнді аралап көрді. Р. Әкімов дене шынықтыру және спортпен айналысуға ауыл тұрғындарын тартудың маңыздылығын айта келіп, кешен жұмысына оң баға берді.

Аудан активімен кездесуде сенаторлар Парламенттің өткен жылғы заң шығару жұмысының қорытындылары туралы хабардар етті. Д. Әділбеков депутаттар бекіткен 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі шығыстары әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті. Депутаттың пікірінше, қаржыландырудың 45 пайызға жуығы адам капиталын дамытуға арналып отыр. Таяуда қабылданған жаңа Салық кодексінің ерекшеліктері туралы да жан-жақты айтылды.

Шараға қатысушылар депутаттарға бірқатар сауалдар қойып, ұсыныстар айтты. Сенаторлар кездесуде айтылған ұсыныстарды заң шығару жұмыстары барысында назарға алатын болады.