04 Қаңтар, 2018

Apple компаниясы өз тұтынушыларынан кешірім сұрады

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Apple компаниясының тұтынушылары  ескі iPhone модельдері компанияның кезекті жаңартылған бағдарламасын орнатқан соң, жұмысын баяулататыны туралы шағым жасады. Өткен аптада осы жағдайға байланысты компания тұтынушыларына «Біз сіздерден кешірім сұраймыз» деп хабарлама жолдады.  

Apple компаниясы өз тұтынушыларынан кешірім сұрады

Apples.kz

Бұл хабарлама тұтынушылар мен компания арасындағы кері байланыстың жақсы жолға қойылғанын көрсеткенімен, мәселенің заңдық жағы тағы бар. Осы мәселеге қатысты Калифорния, Нью-Йорк және Иллинойс штаттарында компания мен тұтынушылардың құқығын қорғау органдары арасында сот процесі жүріп жатыр. Сондай-ақ, Израиль мен Франция тұрғындары да өз құқықтарының аяқ асты болғанына наразы.

Телефон қолданушылар Аpple компаниясын тұтынушыға тиесілі нәрсеге рұқсатсыз зиян келтірді және бұл туралы алдын ала ашық ақпарат таратпады деп кінәлап отыр. Сонымен бірге, Бостон университетінің заң ғылымдарының профессоры Ван Ло  да «Сіздер менің телефонымды маған зиянды жолмен өзгертумен қатар, сіздер маған оны ескерткен де жоқсыздар», - деп өз қарсылығын білдірген болатын.

Алайда, компания қызметкерлері бұл жағдайды уақыт өте келе телефон қуаттағыштары өз қызметін баяулатады деп қана түсіндірген. Сонымен қатар, компания осы олқылықтың орнын толтыру үшін қуаттағыш құнын төмендететінін хабарлады.

Аталмыш компания смартфондарын қолданушылар компания  ескі модельдерінің жұмысын қасақана баяулату арқылы жаңа өнімдеріне сұранысты арттырады деген пікірлер бұрыннан бар. Алайда, тұтынушылардың қарсылығы  мен сот процестеріне қарамастан, Apple компаниясы ескі қуаттағышпен жұмыс істейтін смартфондар қызметін төмендететіні туралы ешқандай мәлімдеме таратқан жоқ.

 

Мәдина Жәлелқызы,

"Егемен Қазақстан"