Жаңа кітап жасымыз бар, жасамысымыз бар, Отанымызды сүйер патриоттардың күнделікті парақтар басты шығармасына, бағыт-бағдар алар шырағданына айналуы шарт деп есептейміз. Мұндағы қағидатты тұжырымдар жастар тәрбиесінде, орта және жоғары білім беруде әсіресе, мемлекеттік қызмет жүйесінде кеңінен талқыланып, ғибратты қайнарға алынса – ұтқанымыз дер едік.
Иә, осы шығармада айтылғандай, біз Елбасымен бірге қасиетті жерімізге ұйысқан ұлттарды ұйытып, ел татулығын, түрлі дін өкілдерінің өзара түсіністігін қамтамасыз еттік. Оттан да ыстық Отанымыздың өшпес шырағын жарқырата жаға білдік. Мың өліп, мың тірілген ата мұрамызды әспеттеп, келер ұрпақ мирас тұтар ұлттық құндылықтарымызды айшықтадық. Асу бермес реформаларды ауыздықтап, елдің тұрмыстық әл-ауқатын жаңа деңгейге көтердік, экологияға өң беріп, демографияны дамыттық. Көп ұзамай-ақ, әлемдегі дамыған отыздықты айтасыз, алғашқы ондықтың көшіне еркін енерімізге бек сенеміз. Себебі елімізде бәріміздің де зор шабытпен өнімді еңбек етуімізге барлық жағдай туғызылған. Бай-қуатты, тай-тұяқтымыз. Елбасы тұғыры – еліміздің ғұмыры. Біз ертеңіне үкілі үміт артқан байтақ жұртпыз!
Бұл туынды, түптеп келгенде, Елбасымыздың азат елі мен туған халқына деген перзенттік шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі дер едік. Елдің ертеңі мен кешегісі ой-санасынан бір сәтке де шықпайтынын аңғарасыз. Бұл ретте айтар пікірін кез келген қолайлы сәтте іркілмей ақтарып салатындығы да содан. Аталмыш кітап осы сөзіміздің жанды айғағы!
Дана халқымыз: «Құдай жаққан шырақты шайтан үрлеп өшіре алмайды» демеуші ме еді. Мыңдаған жылдар мұғдарында менмұндалаған шырағымыздың Тәуелсіздік жылдарында тіптен жарқырай түсуі, сөз жоқ, елін сүйген, жерін сүйген, жаным арымның садағасы деп Қазақ елінің келешегі жолында ертегіге пара-пар ерлік жасап жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлікпен пішілген кенен саясатының арқасы! Елбасының Меккедегі Қағба қақпасының алдында тұрып тәуелсіз туған халқымды бақытты ете гөр деп үш мәрте тілегенін білеміз. Құдіретті Алла қабыл алды шын ниетті. Еңсеміз көтерілді – елдігімізді қастерледік. Беделіміз артты – бәсекелестікке бел будық. Санамыз жаңғырды – тарихымызды таразыладық. Рухымыз өсті – халықтық қалпымызды бедерледік.
Автор Отанымыздың шеңберіндегі тындырылған, енді қолға сәтімен алынып жатқан шырайлы шаруаларды саусақпен санап тұрып дән риза күй кешеді. Бәрінің ақ бастауында барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай белсенділік танытып отырғандығын ерекше толғаныс үстінде жеткізеді. Расында, осынау ширек ғасыр мемлекетіміздің бар-жоғын түгендеумен, ұлттық болмысымыз бен шекарамызды шегендеумен өтіпті. Өзгелермен бой теңестіруді айтасыз, ғасырлар бойына елдігін түзіп келген көп мемлекеттерден мерейіміз асып түсті.
Кәрі тарихтың арғы-бергі иірімдерінде әлемді аузына қаратқан небір алпауыт елдердің іштен іріп, үйіндіге айналғандығы саналы жанға сабақтың төресі. Елбасымыз кітаптың өн бойында қол жеткен толағай табыстармен қатар орын алған олқылықтарды, тың реформаларды жүзеге асырудағы қазақстандықтардың бірлігі мен берекелі істерін де жүрек түбіне сыр жасырмастан толғайды. Нақтылы мысалдар алдыңызға тартылады. Жан дүниеңізбен беріле иланасыз. Сондай жасампаздық шеруіне миллиондаған замандастарымызбен бірге өзіміздің де ақжарыла атсалысқанымызды мақтаныш тұтамыз!
Қазақ елінің жаппай қырып-жоятын ядролық алапат қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшіліктің символына айналуы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанып, адамзаттың ақберен арашашысы бейнесіне енуі, сөз жоқ, мыңжылдықтар толқынында түзілген алғаусыз ұлттық құндылықтарымыздың өтеуі дер едік!
Бүгінде дөңгеленген дүниеде ширек миллиардтан астам түркілер түтінін түзу шығарып жатыр десек, солардың баршасының көшбасшысы тұғырына түркітектес мемлекеттер басшылары пәтихасымен Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерілуі мәртебенің мұзарт шыңы емес пе?! Кемінде төрт мың жылдықтың шеңберінде алдынан құс ұшыртып, жан қаратпаған тұрандықтардың қара орман жұртында бөрілі байрақты қолға ұстап қалуымыз – миллиондаған қандастарымыз шабытының шалқары, мерейінің асқары! Ұлы қағандардың асыл тақтарынан құрыштай құйылған төл табиғатымыз төрінен Мәңгілік Елдің мәрт оғландарына сай жасындай жарқылдай білуіміз – Ұлы Даланың ұлағаты, жасампаздығымыздың жарқын белгісі! Ал Алланың атқан әр ақ таңында Тәуелсіздік шапағатына шомылу – шексіз бақыт!
Әміре ӘРІН,
ақын, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы