– Ержұман Өтешұлы, бүкіл ми жүйесін, саналы ғұмырын жұмысқа бағыттаған, өзіңіздей кәсібіне барынша адал жандар некен-саяқ. Бұл қасиет кісіге негізі отбасылық құндылықтар арқылы, ата-анасының тәрбиесінен даритын болса керек. Сіз үшін шаңырақтың шаттығы неде?
– Қарашаш, журналистік қызметімде газет жанрларының ішінде интервьюді көбірек пайдаландым. Бірақ ешқашан бірінші сұрақты былайша асқақтатып қоймаған едім. Жұмыс істеп жүрген соңғы кездеріне өзім куә болған маңғыстаулық меншікті тілші Саламат Хайдаров ағамыз бір мерейтойында: «Осында айтылған сөздерде, оқылған тілек-одаларда, келген құттықтауларда менің атыма көптеген жылы лебіз, ыстық ықылас айтылды. Мен өз деңгейімді, мүмкіндігімді білемін, сондықтан өзіме лайықталғанын қабылдаймын, ал артығына айыпқа бұйырмаңыздар», деген көрінеді. Саламат ағамыздың өлшемін сұрақтарыңа қатысты да айтқым келеді.
Елімізде алғашқы колхоздар құрылғанда соларға үрке қараған, бірақ советтердің дегеніне көніп, айтқанымен жүрген діни адамдардың ұрпақтарының отбасынан шыққанмын. Әкеміздің арғы аталары 1913 жылы қажылыққа барса, әкем Смайыл Өтешұлының өзі колхоздың қара жұмысымен қатар Есік өзенінің бойындағы шөптерден түрлі қайнатпалар жасап, емшілікпен айналысқан. Анам Күләш Рысбайқызы діни сауатын ашып, өзі айтатындай «Құранға түсуіне әкесінің өмірден өтуі тоқтау болған» екен. Соғыс кезінде бірі еңбек батальонына алынып, Новосібір облысында зауыт салуға қатысса, бірі таңғы алагеуімнен түн қараңғысына дейін кетпен шауып, сол кездегі ХТЗ тракторларының алғашқы жүргізушілерінің бірі болған. Ауылдың ауыр тірлігінің жұпыны тұрмысын кешкен қарапайым отбасының кіші ұлымын.
Бес жасымда әкем қайтыс болып, негізгі тәрбиешім анам болды. Екі ағайым жастайынан колхоз жұмысына араласты да, мен көбіне үй шаруасымен айналысыппын. Апамның жеңгесі, көршіміз Ұлтай апамның қарауымен өстім. Адамның адалдығы өз үйіне деген, айналасындағы үлкендерге деген қатынасынан қалыптасатын болса керек. Ауылдық жердегі үлкен тәрбиешілер қарт аталарымыз бен апаларымыз еді ғой. Мен солардың ыңылдап отырған әуендерімен әлдиленіп, әңгімелерін тыңдап өстім.
Бала кезде қасымдағы жолдастарыма дұрыс қатынаста болып, өз ісімді ойдағыдай атқаруды адалдық деп ұғынсақ, қазір атқарған ісің, сөйлеген сөзің, жасаған қылығың ертең алдыңнан қандай болып шығады, қандай қайтарымы болады деп ойланасың.
Шаңырақтың шаттығы өз ойларыңмен, өз пайымыңмен бірге өсіп, ұлғайып отырса керек. Бала кезімізде апамыз түске қарай жұмыстан келгенде, жүгіріп жүріп самаурынға қайнатқан шайымызды екі кесеге құйып, терлеп-тепшіп ішкені, жауын жауса, шидің үстіне жайып кеткен құртты су қылмай жинап алуымыз, кешкілік бұзауды емізіп қоймай байлап қоюымыз қуаныш еді. Сәл есейгенде біз оқысын деп он алты жасынан колхоздың қойын баққан үлкен ағайға демалыс беруіміз, қолғабыс жасауымыз айрықша іс болған. Жар құшқан отбасылық өмірде балалы болғанда, олар өскен сайын шаңырақтың шаттығы еселене түскен. Ал жақсы қартаю, алаңсыз қарттық қандай бақыт десеңізші. Қазір енді елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, күніге ұл-қыздарыңның есендігін білу, немерелеріңмен телефон арқылы тілдесу шаңырақтың шаттығын келтіреді.
– Көрнекті жазушы Дейл Карнеги: «Досыңыздың кім екенін айтсаңыз, сіздің кім екеніңізді айтып беремін... Бақыт тапқыңыз келсе, өзгелердің сізді мойындауы туралы ойламаңыз. Қуанышты өз ішіңізден табуға тырысыңыз», деген екен. Сол айтқандай, жан дүниеңіздің байлығын шын бағалайтын достарыңыз көп пе?
– Адам ғұмырында көп жандармен жолдас, қызметтес, ұжымдас, ниеттес болады. Қазір зейнеткерлік жаста солардың әрқайсысы еске түсіп, ойша іздестіре бастайсың. Қайда, не істеп, қалай жүргенін білгің келеді. Өзгелердің мені мойындауынан гөрі, менің өзгелерді мойындауым көбірек ойлантады. Өзім мойындаған адамдарды достарым санаймын. Ондайлар көп емес. Оларды өзім іздеймін, сағынып тұрамын. Хабарласып, әңгімелерін тыңдағанды ұнатамын. Еліміз үшін, ортасы үшін, отбасы үшін жақсы істер тындырып жүргендері көңілімді жадыратады. Ал жан дүниеңнің байлығын шын бағалайтын адам қандай болатынын білу мүмкін бе екен өзі? Сондықтан мен үшін өзімнің мойындауым маңызды көрінеді.
– «Өмір деген – жол үсті» кітабыңызда оқитын, көңілге тоқитын ғибратты көп ойлар бар. Тағы қандай тұшымды дүниелер жаздыңыз?
– Университетте Х.Бекхожин, Т.Қожакеев, З.Тұрарбеков, П.Құсайынов, М.Барманқұлов, Ә.Ыдырысов, Қ.Қамбаров, А.Мархабаев, Т.Дүйсебаева сынды ұстаздарымыз не үшін жазуды ғана емес, қалай жазуды да үйретті ғой. Журналистика факультетінде бес жыл бойы кураторымыз болған профессор Тауман Амандосов ағайымыз «күніге өзің үшін болса да жүз жол жазып қой» дейтін. Осы өсиетке барынша адал болуға ұмтылдым.
1976 жылы оқуды бітіріп, бір жылдай журналистика факультетінде ассистент болып, 1978 жылғы көктемде Тауман ағайдың айтуымен «Социалистік Қазақстан» газетіне әу бастағы жолдамам бойынша келдім. Ол кезде редакторы Сапар Байжанов, бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы болатын. Қызметке кіріскен екінші күнімде Бәкең шақырып әңгімелесті де, соңында газетке өз ауылым туралы ештеңе жазбауды тапсырды. Зейнеткерлікке шыққан соң ғана бала күнгі достарым жөнінде «Достар еске түскенде», Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауылдағы ауыртпалықтар, майдандағы өшпес ерлік, тылдағы жанқиярлық еңбек туралы «Ағалар естен кетпейді» деген кітаптар жазып шығардым. Артында қалған ұрпағының қандай болатынын әкеміз ойлап, көп сөз қылады екен. Әке арманын орындап, «Әулет» деген суретті кітап шығардым. Анам туралы, ауылдағы апаларым туралы жазғым келеді. Бірақ соңғы кездері қолыма қалам алмайтын күндер көбейіп барады. Өкінішті-ақ...
– Журналистердің арасында «Бүгін істейтін жұмысты ертеңге қалдырма» деген қанатты қағида бар. Өз тәжірибеңізде осы қағиданы қаншалықты ұстандыңыз?
– Газет дегеніміз белгілі анықтама бойынша коллективтік үгітші, коллективтік насихатшы ғана емес, коллективтік ұйымдастырушы да. Мен осындағы «коллективтік» деген сөзге де айрықша мән берер едім. Сонысына қарай газет – коллективтік еңбектің жемісі. Демек әр нөмірде сенің де үлесің болуы керек. Ал әр нөмір белгіленген мерзімде шығады. Газетті үзбей оқитын адамдар әр нөмірдегі кішкентай хабардың өзі дәл осы мерзімде қажет екенін аңғарады. Олай болса, ол хабардың нөмірдің қатталуынан кешіктірілмегені – тәртіп. Газет соған үйретеді, соған тәрбиелейді.
«СҚ»-ның редакциясына практикадан өтуге келген кезімде Қаби Мыңжанов, Әбдібек Нұрмағамбетов секілді алыптар қатарының соңғы өкілдерін, ұлы жазушыларымыздың талай кітаптарын мәшінкеге басып берген Бибіш Батырбекова, Халима Үсіпова, Сәнәм Мырзабекова секілді апайларды көрдім. Кейінірек тілшілік қызметке қабылданғанда Бекділда Абдуллин, Хайдар Баймұхамбетов, Хамидолла Рахматуллин, Сыдық Алдабергенов, Пернебек Бейсенов, Уахап Қыдырханов, Мыңбай Ілесов, Тәжібай Битаев, Мағзұм Көшеков, Совет Шиманбаев секілді редакцияның ақсақал журналистерімен, облыстардағы беделі обком хатшыларынан кем соқпайтын меншікті тілшілер: қызылордалық Байжігіт Әбдіразақов, шымкенттік Алтынбек Жолдасбеков, жезқазғандық Шәртай Сүлейменов, өскемендік Мұқан Әбуғалиев, оралдық Боранғали Ырзабаев, көкшелік Баян Нұрпейісов, талдықорғандық Сейдахмет Мұхаметшин, алматылық Саматай Кәрібаевтармен біраз уақыт қызметтес болдым. Сол үлкен журналистердің бәрі де газетке «сіз» деген көзқараста болды. Олардың бәрі үшін «газет тәртібі» деген қағида айрықша еді.
Редакцияға қызметке тұрған кез келген журналист жұмыс барысында ең алдымен машбюро мен корбюроның, хат бөлімінің сынағынан өтетін. Сондағы машинисткалар Өлмес Қалқабаева, Күлтай Биебаева, Шолпан Текеева, хат тіркеушілер Нәзигүл Байсарынова, Сарагүл Төребаева, корректорлар Ғайни Шәріпова, Тұрыскүл Дайрабаева, қабылдау бөліміндегі Халида Қазбақова секілді «СҚ»-ның қыздары» деген атпен танымал болған апайлар да «газет тәртібі» дегенде қаз тұратын.
Осындай қағиданың тәрбиесін көрген Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбеков, әділ дүйсенбек, Кеңес Юсупов, Сайраш Әбішева, Тоқтарбек Қызықбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Сабыржан Шүкіров, Жанат Елшібеков, Жұмагүл Солтиева, Қайсар Әлім және басқалары кейіннен танымал ақын-жазушылар, ғалымдар мен журналистер дәрежесіне көтерілді. Сол қағиданы қатаң ұстанғандардың бірі Сауытбек Абдрахманов басылымды ең ұзақ басқарған басшы ретінде белгілі болса, бүгінде Парламент депутаты болып жүр. Сұрақта айтылған қағидадан гөрі мен үшін «газет тәртібі», «нөмір талабы» деген қағидалар жақынырақ сияқты.
Аттары аталған журналистердің өткен жолына қарасақ та, жеті жылдан бері зейнеткерлікте жүріп, жетпіс дейтін жасқа жеткен өзімнің артыма бұрылып қарасам да, үнемі өмір деген жолдың үстінде жүретін журналистердің болмысы жарқ-жұрқ еткен найзағай секілді көрінеді маған.
– Ераға, белгілі қаламгер әріптесіміз Бауыржан Омарұлы «11-ші қаламұш» кітабында өзіңізді «...Қазақ журналистикасында сесі мен мысы Арқаның қысы секілді білікті бапкерлер жеткілікті. Тіпті, есімі қазақ баспасөзі деген ұғыммен әбден тамырласып кеткен адамдар бар. Соның бірі және бірегейі – Ержұман Смайыл» деп сипаттайды. Ал журналистикада өзіңіз кімді бапкер тұттыңыз? Кәсіби шеберлігіңіздің қалыптасуына кімдердің септігі тиді?
– Журналист әріптестерім туралы жазғаны үшін ғана емес, жалпысында Бауыржан күшті қаламгер, алғыр азамат болып қалыптасты. «Лениншіл жасқа» алғаш келгенде ебедейсіздеу, аңғалдау болып көрінетін. Курстас досым Сүлеймен Мәмет өз арамызда «тірі классигіміз» деп мақтан тұтатын қазіргі белгілі жазушы досым Қуаныш Жиенбайдың тәлімгерлігімен шыңдалды, пісіп-жетілді. Мен туралы жазғанын алғаш газеттен бас алмай оқып шыққанмын. Екінші рет кітаптан астын сызып, асықпай оқыдым да, менің тұрғымнан кей сөйлемдерін редакциялау, кей сөздерін алып тастау артық болмас еді деп түйгенмін. Мәселен, «есімі қазақ баспасөзі деген ұғымға етене болған адамдар бар. Соның бірі...» деп кетсе, жетіп жатар еді. Қалай дегенде де өзіңнен кейінгі іні-қарындастарыңның сен туралы жазғаны жақсы екен.
Журналистік қызметімде сегіз бас редактордың қарамағында жұмыс істеппін. Сапар Байжанов «Социалистік Қазақстанның» басшысы кезінде қатардағы тілші, Көрік Дүйсеевтің кезінде партия тұрмысы, насихат бөлімдерінің меңгерушісі болдым. «Лениншіл жаста» Сейдахмет Бердіқұлов, «Егемен Қазақстанда» Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды ұлы ағаларымның, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов секілді керемет замандастарымның бірінші орынбасарлары болып, екі рет бас редактор, акционерлік қоғамның президенті болып көріп те – барлығы отыз үш жыл қызмет атқардым.
Үйренгісі келген, үйрене білген адамға бұл аз мерзім емес қой. Үлкен ағалардан адалдықты, адамдарға қиянат жасамауды, қарамағыңдағы қызметкерлерді өзіңнен кем көрмеуді, әр күннен, әр кездесу, әр сапар, әр оқиғадан ой түюді, берілген тапсырма, айтылған ойды дамыта білуді, бүгін ертеңгі күнге жоспар жасай жүріп жұмыс істеуді, өмір бір орында тұрмайтынын, бүгін бар дегенің ертең өзгеретінін үйрендім. Орынбасарлық қызметте маңыздысы, бастығыңның орнын басуды көздеу емес, орындаушылық қабілетіңмен танылу, соны көрсету, басқаларды соған тәрбиелеу деп ұқтым. Жаман болған жоқпын, нақтырақ айтсақ, ешкімнен кем қалған жоқпын. Саналы ғұмырымда менің айнымас көмекшім, өмірлік қосағым, берік тылым болып келе жатқан жан жарым Жақан Сүлейменқызының: «Бәрі қолыңнан келіп тұрғанда маған бір кішкентай бизнес ашып бермедің ғой», дейтін назы болмаса, жетпіс жасқа қалыпты жеткен сияқтымын. Ұл мен қызым, келінім мен күйеу балам бар, төртеуі де елі үшін қызмет атқарып жүр, алты немеремнің алды екінші курстың студенті, кішісі әлі балабақшада, шүкіршілік етемін.
Журналистикадағы бапкерлерім, қалыптасуыма септігі тиген тәлімгерлерім дегенде үш адамның аттарым атағым келеді. «Социалистік Қазақстан» газетінде дипломдық практикадан өтуге келгенде өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Мамадияр Жақып ағамның қарамағында болдым. Мәкең диплом тақырыбына газеттің экономика мәселелерін жазуды таңдауыма көмектесіп, оның жазылуына ұйытқы болды. Ол кейін «Жетісу» газетінің басшысы болып жүргенде Колбиннің қудалауына ұшырап, Шер-ағаңның тұсында «Егеменге» алынды. Университетте Лениндік стипендиат болып, қызыл дипломмен бітірдім. Ойдағыдай білім алдым. Сол тұста «СҚ»-да маркстік-лениндік саяси сабақ болып тұратын. Бір ағамыз Коммунистік партияның рөлі туралы лекция жасап, мен «КПСС кейін тарап кеткенде не болады?» деген сұрақ қойғанмын. Лекция өткізген бөлім меңгерушісі ағайымыз «СҚ»-ға жаңадан қызметке келіп жатқанда мына қойған сұрағың аполитичный болды» деп мені біраз тұқыртқан. Сонда тікелей бастығым насихат бөлімінің меңгерушісі, нағыз бапкерім Бекболат Әдетов қоғамдық құрылымдардың ешқайсысы мәңгілік еместігін, КПСС те сондай ұйым екендігін айтып, қорғап шығып еді. Бекеңнен сөйлем құрудан бастап, өткір жаза білуге дейін үйрендім. Әлі де болса ақыл-кеңестерін айтып тұрады. Тағы бір бапкерім жаңағындай саяси сабақтарға жетекшілік еткен, сол тұста қарамағындағы екі қызметкердің пікірлеріне түсіністікпен қарай білген «СҚ»-ның орынбасары, кейін «Халық кеңесі» газетін шығарған алғыр қаламгер Сарбас Ақтаев ағамыз болды. Осындай адамдарға жолықтырған тағдырыма ризамын.
– Қазір алдыңғы буын өкілдерінің дені естелік-мемуар жазудан алдына жан салмай кетті. Бұл үрдіске сіз қалай қарайсыз?
– Егер кейінгілерге үлгі боларлықтай айтар ойларың болса, естелік-мемуар жазғанның әбестігі болмас. Жалпысында, өз ұрпағың үшін болса да, өмірбаяның жөнінде жазып, артыңа бірдеңе қалдырғанның артықтығы жоқ.
– Журналистің басқа мамандық иесінен ең басты айырмашылығы – өмір бойы қолынан қаламын тастамай, ақпарат алаңынан алыстамайтыны, қоғаммен қоян-қолтық араласып, қиядағыны қырағылықпен шалатыны, сергек зерделеп, үнемі ой құшағында жүретіні, іс-әрекеттерінің бәрі көпшіліктің көз алдында өтетіні... т.т. Дегенмен қазір не жазып жүрсіз, аға?
– Мен мектепті бітірген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында жұрт жаппай өндірістік, экономикалық мамандықтарды таңдап жатқанда, төрт рет конкурстарда бір-екі балым жетпей «құлап қалып» жүріп, журналистік мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бұл мамандық маған мың сан адамдармен кездесуге, семейлік атақты шопанмен, алматылық тоқымашы келіншекпен, үш-төрт облыстың әкімдерімен дос болуға жол ашты. Қасымдағы жолдастарымның болмысына терең үңілуге мүмкіндік берді. Журналистік қызметімнің арқасында еліміздің барлық түкпірлерінде болып, әлемнің талай елдерін көрдім.
Қызметте жүргенде партияның съездері, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз туралы, алғашқы аяқ алыстарымыз, жас мемлекетіміз шешіп жатқан сандаған міндеттер жөнінде жазудан, сол тақырыптардың жазылуына ұйытқы болудан қол тимеді. Қазір енді өз жаныма жақын адамдар туралы жазып жүрмін.
– Ағаш жапырағымен, жер топырағымен құнды, ал адам баласы кіндік қаны тамған Отанымен, туған жерімен еңселі ғой. Туып-өскен алтын бесік мекеніңізге ат басын жиі бұрып тұрасыз ба?
– Алматы қаласынан алпыс шақырым жердегі, Есік және Талғар өзендерінің Қапшағай теңізіне құяр тұсындағы бұрынғы Фрунзе, қазіргі Туғанбай
ауылында туып-өскенмін. Апам, үлкен аға-жеңгем бар кезде ауылға жиі баратынмын. Астанаға көшкелі бері жылына үш-төрт рет баруға жағдай туады.
Балалық шағым өткен, әкем мен анам мәңгілік қоныс тепкен мекен маған ыстық. Талай елдерді аралап, әлемнің небір алып шаһарларын көрген мен үшін туған ауылым ең үлкен қорғаным. Қандайлық танымалмын, өстім десем де сол ауылға кішкентай бала болып барамын. Өскеніне, ұлғайғанына қуанамын. Ауыл адамдарының алдында өзімді әркез қарыздар санаймын.
– Өзіңізді біреулердің мақтап-мадақтағанын жек көресіз, жағынып, жалтақтауды білмейсіз, шымбайға батса да шындықты айтасыз... Адамды қандай қасиеттеріне қарап бағалайсыз?
– Адалдығына, қарапайым сөйлесе білуіне, ата-анасын ардақтауына қарап құрметтеймін, жаныма жақын тұтамын.
– Абай атамыз Он төртінші қара сөзінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Оң мен солын онша айыра қоймаған қаншама жасқа сіз де көмек қолын создыңыз, жақсылық жасадыңыз... Баспасөзде жасындай жарқырап жүрген сондай шәкірттеріңізден кімдердің есімін айрықша атар едіңіз?
– Хакім Абайдың айтқандарын ұғыну, түсіну, түйсіну келе-келе қалыптасатын болса керек. Алғаш кітап жинай бастағанда алған қос томдығын әлсін-әлсін қарап қоямын. Әр оқыған сайын жаңаша сыр ашамын, ұлы ұстаздың жаңаша ғибратын табамын.
Мың сан шәкірттерімнің ішінен жарқырап жүргендерін атап, әрқайсысына бір ауыз сөзден арнағанның өзінде газеттің бір беті жетпес. Баяғыда «СҚ»-ның насихат бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде бір жап-жас қыз бала келді. Ашық екен, біраз ойларын айтты. Мен де бірер сұрақ қойып, оларыма жауап естідім. Кейін осы қыз жөнінде айтып жүріп, Шер-ағаңның тұсында «Егеменге» қызметке алдық. Сол кішкентай қыздың қазір енді газетте белді қызметкерге айналып, менен сұхбат алып отырған Қарашаш Тоқсанбай екенін айтсам болатын шығар.
Журфакта бір жыл ассистент болғандағы студенттерімді атасам, тіпті таң қаласың: Мейрамбек Төлепберген, Жұмабек Кенжалин, Қайнар Олжай, Қайыммұнар Тәбеев, Әмір Оралбай, Шархан Қазығұл... Жарқырап көріне білген, көрініп жүрген қандай жігіттер десеңізші! «Лениншіл жаста» жүргенде журфактың бірінші курсымен кездесіп, араларынан он екі ұл-қызды таңдап алдым. Солар үнемі редакцияға келіп, газет шығару дегеннің не екенін біліп еді. Өкінішке орай редакцияда бос орын болмай, жұмысқа ала алмай қалдық. Алайда солардың екеуімен кейін бірге жұмыс істедік, олар: Нұртөре Жүсіп пен Еркін Қыдыр. Тағы екеуін атайын: Баян Бекетова танымал ақын, Бейбіт Сапаралы тамаша зерттеуші журналист болды.
«Егемендегі» кезімде курстасым, алпыс жасқа да жетпей о дүниелік болып кеткен досым Ербол Шаймерденұлы бір кітап берді. Оқып шығып, авторын Солтүстік Қазақстаннан қызметке шақырдық – біліп тұрған шығарсың қазіргі жүйрік журналист Жақсыбай Самратты. Семейдің қалалық газетінің редакторы, өзім сыйлайтын қарындас хабарласып, бір қыз бала туралы айтты. Сөйлестік, жазғандарын көрдім. Қазір ол «Егеменнің» мықты бір қызметкері дәрежесіне көтерілді – сіңлің Ләйла Тілеубаеваны білесің ғой. Айта берсе, ондай шәкірттерім жетіп жатыр.
Бірақ мен ешкімге өзімнің жақсылығымды, тәлімгерлігімді таңбаймын. Мен үшін соны өздерінің біліп жүргені жеткілікті. Өмір солай жалғаса береді екен.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»