– Бақыт Әбдіғалиұлы, биыл Қазақ циркі «Ер Төстік» бағдарламасын әзірледі. Бұл лазерлік шоу баяғы «Таңғажайыптар елінің» табысын қайталай ала ма?
– Цирк өнері де ел өмірінің бір бөлшегі. Елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің жаңа идеяларымызға түрткі болды. Нәтижесінде, цирк «Ер Төстікті» оятып, жаңа қырынан жаңғыртты. Лазерлік шоудың күшімен зұлымдық пен қайырымдылықтың арасындағы тартысты көрсетуге қол жеткіздік. Осыған дейін лазер жарық сәулесі күйінде ғана концертте, дискотекаларда пайдаланылып келген болатын. Ал біздің циркте алғаш рет кәдімгі сурет арқылы көрерменге арнайы бағдарлама ұсындық.
Көрермен өте жақсы қабылдады. Цирк тіл таңдамайды, күй таңдайды ғой. Бірақ бағдарлама екі тілде де жүреді. Қойылымға отбасымен келген атақты Асанәлі Әшімов ағамыз аттың құлағында ойнаған цирк әртістерінің шеберлігіне аса риза болды, ертегі циркте қандай тамаша көрсетілді деп ықыласын білдірді. Асанәлі ағамыздың келісі циркке кәдімгідей жарнама болды, себебі өнердің жілігін шағып, майын ішкен ағамыз таң-тамаша болған соң, басқа көрермендер де ағыла бастады.
– Шынында да бұрын цирк бағдарламасына ертегілер арқау бола қойған жоқ. Қазақ циркі биыл бірінші рет «Ер Төстікті» тірілтті.
– Кез келген цирк қойылымдары дивертисменттік түрде өрбиді. Яғни цирк әртістері бірінен кейін бірі шығып, жүргізуші хабарлап, өнерін жалғастыра береді. Бұл кейде кішкентай көрермен үшін аса қызықты бола бермейді, өйткені бүгінгі заман талабы басқа. Ал ертегі түріндегі қойылымдарда цирк жанрларын бір-бірімен қабыстырып, байланыстырып, кейіпкерлер оқиғаларды өрбітіп, тұтас бас-аяғы бар дүниеге айналады. Әрбір ертегі кейіпкері үшін 200-ге жуық костюм тігіліп, ол лазерлік шоумен көмкерілгенде сәтті болып шықты.
Біз жастарымызды классикалық туындыларға, бекзат өнерге тәрбиелеуіміз керек. Даңғаза, арзан музыка мен арзан өнерден адамдар шаршады. Ең бастысы, «Ер Төстікте» кәсіби композиторларымыздың шығармашылығын арқау еттік. Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджанов, Қуат Шілдебаев сынды және басқа да композиторларымыздың тамаша музыкалары мен кәсіби керемет орындаушылардың өнері үйлесімін әдемі тапты. Наурыз айында Астананың жиырма жылдығына осы «Ер Төстік» қойылымымен Қазақ мемлекеттік циркі отыз жылдан кейін алғаш рет гастрольдік сапарға шықпақ.
– Кезінде Қазақ циркінің шабандоздары әлемнің ешбір елінде қайталанбаған трюктер жасаған ғой. Солар кімдер еді?
– Сіз Омархан Жаманақов пен Орынбасар Құрманбаевты айтып отырсыз ғой? Бұл «Қос аттың астынан өту» деп аталатын трюк. Бар болғаны 13 метрлік шеңбердің ішінде атпен шауып келе жатып, үстіне шығып, яки болмаса қос аттың сауырынан өтпек түгіл, жай ғана үстінде құлап кетпей отырудың өзі өте қиын. Сондықтан атпен бірге қисая жүйткіп, оған икемделу үшін үлкен шеберлік қажет.
– Сол Жаманақов сияқты шабандоздардан сарқыншақ бар ма?
– Біздегі «Номад» тобында небір жігіттер бар. Түркия, АҚШ, Ресейдегі телесериал, көркем фильмдерге күрделі трюктерді орындау үшін «Номад» тобының жігіттері шақырылады. Олардың аттары да әбден үйретілген. «Жат» десе – жатады, «тұр» десе – тұрады. «Ер Тұғрыл», «Тобол», «Викингтер» сияқты көптеген картиналардағы, өзіміздің «Көшпенділер», «Кек», «Батыр Баян» сияқты фильмдердегі қауіпті трюктерді біздің шабандоздар орындаған.
– Осы Қазақ циркі өзін-өзі асырай ала ма?
– Әрине, асырай алады. Ол үшін кәсіби мамандарды, цирк жанрларын көбейту керек. Қазір қандай қызметке болса да жарнама қажет. Мәселен, қазір әлеуметтік желілердегі жұмыс та жақсы нәтижесін бере алады. Міне, осы бағыттағы жұмысымызды жандандырып жатырмыз. Негізінен циркті үш нәрсе құрайды: ол үйретілген жануарлар, клоундар және елді таң-тамаша қалдыратын цирк әртістері. Осы үштіктің үйлесімі цирк өнерін өрге шығарады.
– Жануарлар демекші, оларды ұрмай-соқпай үйретуге бола ма?
– Жануарларды ұрып-соғып өнерге баулу деген – түбегейлі қате пікір. Өйткені өзіңіз ойлаңызшы, бір тонна тартатын атты ұрсаңыз, ол оны міндетті түрде есіне сақтайды. Орайы келгенде қораның ішінде немесе көлікке мінгізіп жатқанда кузовына қысып жібереді. Жануардың да тілін табу арқылы ғана айтқаныңды орындатуға болады. Ол үшін уақтылы тамақтандырып, кәмпит-күлшесін беріп отырасың.
Менің бір таңданғаным, бір жануар бір трюкті жасаса, екіншісі оны жылдам қайталайды. Олар өзінен соны керек етіп тұрғанын ішкі түйсікпен түйсінеді. Ендеше, ұрып-соғу деген артық әңгіме.
– Алматыдағы цирк аттары іргесінде тұр ғой. Қойылымдар болмаған кездерде оларды трейлерде ұстау қатыгездік болар?
– Қойылымдар болмаған кезде біз оларды вольерлерде қаңтарып ұстамаймыз. Қала сыртындағы Таутүргенде арнайы орынға бос жіберіп қоямыз. Қойылымдар басталған кезде бір мезетте 12 атқа дейін алып келе алатын көліктеріміз бар. Бақанас жақта да мамандарымыз бар, олар түйелеріміздің де мінез-құлқын жақсы біледі. Тұжырымдап айтқанда, жануарлардың бабы жасалып, олардың қойылымдарға әзірлігі үнемі бақылауда болады.
Адамдар тек өздерін ғана ақылды деп ойлайды. Алайда, кейбір жан-жануарлардың түсіну түйсігі адамнан да артық. Мәселен, жылқыларымызды жуындыратын кезде өздері жүгіріп келіп, себезгінің астына тұра қалады. Тіпті, аюлар да қуанып, құнжыңдап жетіп келеді. Ризашылықтары көздерінен көрініп тұрады.
– Осы тоқсаныншы жылдары балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткенде Қазақ циркінің іліп алар мықты әртістері шетелдік шапитолармен келісімшартқа отырып, кетіп қалуға мәжбүр болды. Солардың оралғандары бар ма?
– Сол кезде АҚШ-қа кетіп қалғандар әлі сол жақта жұмыс істеп жатыр. Ресейге кеткендердің көбі қайтып келді. Өйткені бөтеннің аты бөтен. Себебі дайындық кезінде олар манеж бен көмекшілерін бере бермейді. Бірақ әртістеріміз қиналса да тәжірибесін байытып қайтты. Қазір цирктің бетке ұстар өнерпаздарына қолдан келгенше жағдай жасап, халықаралық фестивальдарға қатысу үшін костюмдерін тігіп, керек-жарақтарын тауып береміз.
Соңғы екі жылда біраз жетістікке де қол жеткіздік. Тәжірибелі әртістеріміз Қытай, Испания, Ресейде өтіп жатқан байқаулардан жүлдемен оралды. Көлік ұтып алғандары да бар. Өнерде тек өз қазаныңда ғана қайнап, өсе берем деген болмайды. Шетелдік фестивальдарға міндетті түрде қатысып, бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдеуіміз керек. Ең бастысы, Алматыда өзіміздің Цирк фестивалін өткізуіміз қажет, ол дүние жүзіне Алматымызды дәріптеуге, туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. 15-20 мемлекеттен фестивальға келген қатысушылар қаншама жарнама жасап кетеді десеңізші.
– Бүгінгі Қазақ циркінің жас жұлдыздары кімдер?
– Әділет Тиканов, ағайынды Қадыровтар, Талғат, Индира Оңалбаевтар, Аня Демидова, Марина Стародубова, Нұрлан Алшынбаев пен Серік Бурашевтің жігіттері бар. Бұлар өте мықты дарындар. Бірақ цирк әртістері тұйықтау келеді. Даңғаза, жарнама дегенді білмейді. Мені көр, мені жаз демейді. Цирк әртістері аспанда шарықтап жүріп, арқандарға өрмелеп небір өнер көрсетеді. Бұл үшін оған жүрек пен жанкештілік, құдайдың берген қабілеті, сенім қажет.
«Щелкунчикте» періштелерді ойнайтын небір мықты кішкентай өнерпаздарымыз бар. Олар өнер көрсеткенде көрермен қуаныш-қошеметтен орнынан дүр етіп көтеріледі. Міне, таңғажайып өнердің құдіреті.
– Сіздердің көрермендеріңіз қиялдары аспанмен таласқан айрықша аудитория. Оларды залда ұстап отыру, тыныштандыру қиын ба? Өйткені, олар таңданады, қорқады, жылайды...
– Циркке тек балалар келеді деген пікір қате. Адамдар циркке таңдану үшін, таң қалу үшін келеді. Адам баласының мүмкіншілігі шектеусіз, талай таңғажайыптар жасай алады. Қысқасы, таңғажайыптар таусылмақ емес. Біздің әртістер де сол көрерменін таңғалдырушылар санатынан.
– Осы әр елдің циркінің өз ерекшелігі, дамыған жанрлары бар. Трансформациялық шоуларға бейімделіп алған шапитолар да жетеді. Ал Қазақ циркінің «фишкасы» қандай?
– Бізге де талай елдің циркі келген. Біз де талай елдің циркін көрдік. Бірақ кейбір елдердің циркі іш пыстырып жібереді. Неге? Өйткені олар бірсыдырғы. Музыкасы да бірдей, орындайтын жанрлары да ұқсас. Біздің Қазақ циркінің өзіндік ерекшелігі, әртүрлі жанрды қатар меңгерген. Соның ішінде көзге ұратыны шабандоз әртістеріміздің трюктері мен акробаттарымыздың өнері жоғары бағаланады.
– Ал балалардың қазір сүйікті клоундары бар ма? Мен «сайқымазақ» деген сөзден әдейі қашып отырмын...
– Бұл жанр бүгінгі таңда цирктердің ең басты проблемасына айналды. Манежге шыққаннан көрермендерін баурап алатын 5-10 ғана клоун қалды десем өтірік емес.
– Дүние жүзінде ме?
– Жоқ, Еуропа мен Азияда деп айтуға болады. Оның өзінде Еуропада жүрген клоундардың негізі – ресейліктер. Франциядағылар да солар. Олардың да өз сайқымазақтары бар. Бірақ нөмірлері көрерменді тәнті ете бермейді, ал Батыстың әзілдік қойылымдары Азияда жақсы жүре бермейтіні тағы бар. Бірақ Қазақ циркінде Ақбаев, Шадко, Өмірзақовтар бар. Нөмірлері өз болмысымызға арналған, жақсы қабылданады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»