Әдебиет • 05 Қаңтар, 2018

Абыз-ғұмыр

578 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақтың ардақты ақыны, көр­кем­сөз абызы Мұзафар Әлімбай ғұмыр­нама­сының басты кредосын өзінің мына өлең жолдары айқындап тұрғандай: Дүниені таза тапсыру парыз, Кезегі келген көктемге.

 

Абыз-ғұмыр

Осылай жырлаған ақын бар адами болмысымен, табиғи дарынымен бұл ұс­танымынан ешқашан ауытқыған емес. Мұзағаңның өмір жолы мен шығар­машылығын зерделеп зерттеген кісінің бұған көзі жетері хақ. Ақын ағамыз қазақ­тың саф алтындай табиғи мінез-құлқын, тереңнен толғайтын телегейлігін бойына сіңіріп өскендіктен, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғып, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткендей.

Мен даламмен өлшеймін тағдырымды, 
Маған дос сол Даламның досы ғана,
Немесе: 
Туған елді лайық неге теңермін?
Елім – Емен: 
Жапырағымын Еменнің.
Туған жердің нәрін жұтып, нұр құшып,
Еменімнің арқасында көгердім.
Шалқып Емен жайқалады менсіз-ақ,
Еменсіз мен қайтіп күнім көрермін?! – дейді ақын аға.

Иә, әрбір «Отаным», «елім», «хал­қым» дейтін адамның жанының шырағ­данындай иман-ұғымы осылай болуға тиісті. «Отсыз жүректе ғана Отан жоқ» – осы имани ұғым Мұзағаңды тағдырдың небір сұрапыл дүмпулерінен аман алып шыққан. Елінің басына түскен қилы-қилы қиындықтар мен қайғылы, қасіретті кезеңдерде де жұртының жанына нұрлы сөзбен нәр беріп, ұрпақ санасын саралап, халқымыздың дана даралығын танытып, ұлттық келбетін сақтап қалуға жанұшыра атсалысып жүр­ген зиялыларымыздың бірі – сан қыр­лы талант иесі Мұзафар Әлімбай. «Елдің қамын ойлаған ерте есейер» деп ақын өзі айтқандай, Ертістің керекулік өңірінде, Маралдыда, мұғалімнің отбасында дүниеге келген оның азаматтығы мен дарынын дәуір күрделілігі, аласапыран жылдар құйыны сомдап, мақсатын айқындатты.

Мұзафар ағамыздың әкесі Айтма­ғанбет ХХ ғасырдың басында Уфа қала­сындағы «Ғалия» медресесін бітіріп, туған ауылын­да мектеп аш­қан. Сол мек­теп әлі бар екен. Анасы Зейнептің бойына ақындық дарыған кісі болыпты, он екі құр­сақ көтерген, 9 перзенті шетінеп кетіпті. Тірі қалғандардың ішін­дегі кенжесі Мұзафар 4-5 жасынан бастап ана аузынан Абай, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев, Иса, Естай жырларын естіп, жаттап өседі. Жалпы, Маралды атырабында ақын-жыраулар, ертегішілер, әншілер көп болған. Солардың бірі Мағауия Бәс­те­миұлы парсы, араб тілдерін жетік меңгерген айтулы ақын екен. 1935-1938 жылдары жас Мұзафарға Шығыс поэзиясының жеті жұлдызын таныстырып, тағылым берген сол кісі.
1938 жылы Мұзафар Әлімбай Пав­лодар қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. Сол жерде жүріп поэзияға құш­тарлығы артып, қалалық әдебиет үйір­месіне қатысып, өлеңдер жаза бастайды, олар облыстық газетке шығады. Педучи­лищені үздік бітірген жас жігіт Ұлы Отан соғысы басталғанда, облыс­та құрылған мәдени-үгіт бригадасында болады. 1941 жылдың желтоқсанында ол әскерге өз еркімен аттанып, 3 айдай қатардағы сарбаз, кейін саяси жетек­шінің орынбасары етіп бекітіледі. 1942 жылы ол 101-ші дербес атқыштар брига­дасының миномет дивизиясында батарея командирінің саяси қызмет жөніндегі орынбасары, 1943 жылы армияда саяси қызметкерлер институты таратылғанда, Мұзафар Әлімбай танк училищесіне оқуға жіберіледі. Жауынгер-командир кейін кадр офицерлері қатарында қалды­рылған. Тек 1948 жылы сәуір айында ғана Қазақстан Үкіметінің араласуымен әскерден босап, елге оралған. Сол жылы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түскен ол «Пионер» журналының бөлім меңгерушілігіне бекітілген. 1949 жылы «Жастар дауысы» атты ұжымдық жинаққа Мұзафар Әлімбайдың майдан жырлары енеді. Оның бірнеше өлеңіне айбынды ақын Қасым Аманжолов сүйсініс білдіріп, мақтаған екен, осы жайт жас ақынға қанат бітіргендей. «Қарағанды жинағы» атты бірінші кітабы 1952 жы­лы жарық көрген. Осылай басталған ақын­ның шығармашылық жолы әртүрлі қызметтегі өсуімен ұштаса отырып, ша­рық­тай бастаған.

1958 жылы Қазақстанда алғаш рет «Балдырған» журналы ашылғанда, Мұзафар Әлімбай оның бас редакторы болып бекітіліп, оны 1986 жылдың қазан айына дейін басқарған. Қазақ балаларын әдебиетке баулып, олардың ұлттық санасын қалыптастыруға осы журналдың қосқан үлесі мол екені анық.

Ақын Мұзафар Әлімбайдың шығар­ма­­шылы­ғындағы аса үлкен арналы сала – балалар әдебиеті. Зерттеушілер де, қалың қауым да Мұзағаңды балалар поэзиясының классигі деп баға­лайды. Оның танымдық та тәлімдік туын­дылары сонау елуінші жылдардың басынан бері бастауыш мектеп оқу­лық­тарына, балабақша репертуарына молынан енген. «Жыл он екі ай» күн­тізбесінен үзбей орын тепкен маңызды тақы­рыптардағы таңдаулы өлең-жырла­рының өзі бір төбе. Көптеген шығар­малары бүлдіршіндердің қолынан түс­пес құндылыққа айналған.1984 жылы «Аспандағы әпке» атты өлеңдер жина­ғы үшін Мұзафар Әлімбаевқа Абай атын­дағы мемлекеттік сыйлық берілді. Ол қазақ балалар әдебиеті бойынша осы сый­лық­тың лауреаты атанған бірден-бір қаламгер.

Мұзағаң шын мәнінде педагог-жазушы. Ол кісінің сонау алпысыншы жылдары қазақ радиосынан жүргізген лекциялары ата-аналарға таптырмас бағыт-бағдар болды. «Тәрбие туралы әңгімелер» (1972 ж.), «Халық қапысыз тәрбиеші» (1976 ж.), «Халық ғажап тәлімгер» (1994 ж.) соның нәтижесі. Халық шығармашылығындағы тағылымдық тенденцияларға арналған зерттемелері баспасөзде үздіксіз жария­ланып келеді.

Мұзафар Әлімбай – эссеист жазушы, әдебиет зерттеушісі, сыншы. Әсіресе оның «Өрнекті сөз – ортақ қазына» (1967 ж.) атты ғылыми монографиясы, ма­қал-мәтелдің көркемдік табиғатын, оны аударудың теориясы мен практикасын талда­ған зерттеулері жоғары оқу орын­дарының студенттеріне оқулық әрі тәржімашыларға көмек­ші құрал болып табылады. 

«Қалам қайраты» (1976 ж.), «Тол­қын­нан толқын туады» (1992 ж.) ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен өне­рінің келелі мәселелеріне, жеке қайрат­керлеріне арналған эсселер, сын мақа­лала­ры болса, «Көңіл күнделігінен» (1980 ж.) атты кітабы қазақ әдебиетінде жазу­шы лабораториясын тұң­ғыш сөз еткен еңбек.

Мұзафар Әлімбайдың эпикалық жанрда жазған оннан астам поэмасы бар. Соның ішінде шоқтығы биіктігімен халық сүйіспеншілігіне бөленгені «Ес­тай-Қорлан» атты лиро-эпостық дастаны. Бұл шығарма қазақ сахарасына аты кеңінен жайылған даңғайыр композитор, ақын, әнші Естай Беркімбайұлының трагедиялық тағдырына арналған, ол бірнеше рет қайталанып басылды, орыс тіліне де аударылды. Отанға, туған халқына деген ыстық сезім Мұзағаңның жүрегінен небір жалынды шығармаларды жарқ еткізді. «Менің Қазақстаным», «Елдік­тің еңсесі», «Зерденің зері», «Аяз би» атты өрнекті туындылар солардың қата­­рында.

Мұзағаңның 350-дей өлеңіне атақты композиторлар ән шығарған, 1984 жылы жарық көрген «Ақмаңдайлым» атты жинағында сол әндердің жартысындайы қамтылған.

Өмірдің мән-мағынасын фәлсафалық оймен түйіндеп, оны шұрайлы да шы­райлы бір-екі сөйлеммен үйіріп нақыл шығару ақын сана-сезімінің қуат­тылығының жемісі деп білу қажет. «Нар­ға татыр мақал бар» дейтін Мұзағаң тынбай ізденіс үстінде жүреді. Ұлан ша­ғынан бас­тап төл нақылдар шығара­тын ақынның бір­неше «Нақылдар кітабы» жарық көрді. 

Естелік жанрында да елеулі еңбек еткен Мұзафар Әлімбай өзі араласқан қазақ әдебиетінің майталмандары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, С.Мәуленов, М.Иманжанов және т.б. 50-60 шақты қазақ зиялыларының кісілік парасатын ашып, «Өмір. Өнер. Өнерпаз» (1990 ж.), «Көргендерім көңілімде» (1992 ж.), «Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның» (2002 ж.) кітаптарын оқыр­манға тарту етті.

2003 жылдың 4 шілдесінде «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұзағаңның «Заңғар замандас­тар – қайран қаламдастар» деген атпен реквием-жырлары шықты. Әрбір төрт жол – қазақ әдебиетінің біртуар­ларына нәрлі көркем сөзбен бейнелеп, фәлсафалық оймен түйіндеп жасалған ескерткіштей. 
Кеудемнен арылта алмай қара бұлтты,
Көңілім өткенді ойлап алабұртты...
О, заңғар замандастар – қаламдастар!
Туған ел сендер кетіп нала жұтты. 

Мұншама қадіріңді ұғар ма едім, 
Ұға алмасам майысып сынар ма едім?! 
Жас ұрпақ жалғастырсын: бұл өлеңім, 
Баршаңа бағыштаған дұғам менің! 

Осылайша Мұзағаң заман­даста­рының заңғарлығын асқақтатып, кейін­гілерге өмірдің мәнін де, сәнін де ұқты­рып, ұлт­тың санасын өсіріп, рухын шың­­дайтын ірі тұлғаларды қадірлеп-қастер­леуді үйретеді. Өйткені сол бір­туарлар елдің руха­ни ғұмырының бағ­даршамы ғой.

Мұзафар Әлімбай шығармалары 39 тілге аударылған, ақын өзі де көркем аудармамен көп айналысып, Еуропа, Шығыс елдері әдебиеті классиктерінің татымды туындыларын қазақшалаған.

«Ақын болу деген не? Ақын болу – халық атынан сөйлеуге хақың болу» және «Әміршіге ел «Хан ием!» деген, ал ақынға ел «Әулием!» деген. Осын­дай нақылдарымен Мұзағаң ақындықтың киелілігін қастерлеп, оған қойылар та­лап­тың да биік екенін ұқтырады.

Мұзафар ақынның талантының шың­далуына ықпал етіп, оның адамдық, тазалық, парасаттылық, кішіпейілділік, ең­бек­қорлық қасиеттеріне тәнті болған аға-іні, замандастарының өз пікірлерін біл­ді­ріп жазғандар қатарында М.Әуезов, Ғ.Мүсі­репов, І.Омаров және т. б. көптеген қазақ зия­лылары бар. 

Еліміздің егемендігіне шаттанбаған қазақ зиялысы бар ма, Мұзағаң да тебі­реніп, алғашқы мемлекеттік Әнұранның сөзін жазып, төрт автордың бірі болды. 1994 жылы ақын ағаға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. Ол «Құрмет» орденімен марапатталған. Ақын халқы үшін тер төксе, елі де ақы­нын ардақтайды.

Халық жазушысы Мұзафар Әлімбай­дың жанынан, жадынан толқын болып құйылған туындылары келер ұрпаққа аманат болып қала бермек. 

Жадыра ДӘРІБАЕВА,
ақын