Ал жеке басындағы қасиеттерге келсек, Айекең қай жерде жүрсін, қандай ортаға кірсін адалдығымен, азаматтығымен дараланды.
Айып Қисаұлын білетіндердің оған деген құрметінің шексіз болуы да сондықтан.
Айып Қисаұлы тірі жүргенде 80-ге толар еді. Мына, төменде айтылған ілтипатты пікірлер азамат бейнесін жан-жақты сомдап, атағын одан сайын асқақтатып тұрғаны анық.
Еңбегімен еленді
Бәйкен ӘШІМОВ,
кеңестік партия, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1970-1984 жж):
– Кезінде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірген, сосын институттың аспирантурасында оқып, кейін Павлодар облысындағы «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытында зоотехник болып еңбек жолын бастаған, сөйтіп кандидаттық диссертациясын қорғаған жас маман Айып Қисаұлы Құсайынов та бұл іспен шындап шұғылдана бастап еді. Ол бірнеше жыл бойы совхоз директоры болып қызмет істеп, кейін Екібастұз аудандық партия комитетінің біріншісі хатшысы болып жүргенде республика Ауыл шаруашылығы министрінің мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылатылды.
Мен Айып Қисаұлын осы кезеңнен бастап жұмыс барысында танысып, жақынырақ білдім. Айып таза академиялық ғалым болған жоқ. Өмірден тәжірибе жинақтаған, мал шаруашылығын өз қолымен басқарып, түрлі түйінді мәселелерді шешуге араласқан білгір маман ретінде де, алғыр ғалым, шебер ұйымдастырушы тұрғысынан да көзге түсіп, жоғары қызметте тез бедел жинады. Үкімет басқарып отырған маған ол талай келіп, өзінің ұсыныстарын айтып, оны қорғап және өткізуге орынды дәлелдер келтіріп, табандылық көрсетуші еді.
Оның орынды талап-тілектері, ұсыныстары мен жобалары бізден де қолдау тауып, іске асып жатты. Ол үзбей 15 жылдан астам республика мал шаруашылығын басқарды. Ауыл шаруашылығы министрінің, Мемлекеттік агроөнеркәсіп комитеті бастығының орынбасары, кейін «Асыл» мемлекеттік акционерлік компаниясының президенті бола жүріп, республикада түліктерді асылдандыру ісімен шұғылданды. Ғылым докторы дәрежесін қорғады. Австралиядан асыл тұқымды мал әкеліп, малдың саны мен сапасын арттыруға зор үлес қосты. Ірі қараның сүтті, етті болуын көздеген тәжірибелері жақсы нәтиже берді. Қой жүнінің сапасын арттыруға, биязы жүнді қой тұқымын молынан өсіруге қол жеткізді. Егер оның іске асырған ғылыми, басшылық еңбектерінің республикамызға тигізген пайдасын мөлшерлесек, миллиондаған қаржы кіріс кіргізіп, мал шаруашылығында жүрген жұрттың жақсы табыс тауып, әл-ауқаттарының жақсаруына өз үлесін қосқанын көрер едік.
Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан белгілі болады. Қалай аяқтағанынан емес...» деген даналық сөзі бар. Айып Қисаұлы қандай дәрежедегі қызметте болмасын, қандай ауқымды істі де жақсы бастап, жақсы жалғастырып, тамаша нәтижелермен аяқтап жүрді.
Амал қанша, Айып Қисаұлы өмір-тәжірибесі толысқан, ғылым жолында өзіндік жол салған дарынды ғалым, шебер ұйымдастырушы, білгір басшы, абзал азамат болып қалыптасқан шағында өмірден өтті. Тірі болса, тәуелсіз Қазақстанның нығайып, гүлденуіне өз үлесін әлі де қосар еді. Ол өз өмірінде зор беделге, құрметке, жақсы атаққа ие болды. Еңбегі Үкіметтің бірнеше жоғары наградасымен аталып өтті. Артында әке атағына лайық ұрпағы қалды.
Мәңгі ұмытылмайтын бейне
Нариман ҚАРАЖІГІТОВ,
Қазақстанның халық әртісі:
– Айекең сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Мен оның өнерді жақсы көретін қырын ғана көрсеткім келеді. Оның өзгелерден бір ерекшелігі – тек қызмет аясымен ғана шектеліп қалмай, әдебиетті, музыканы, өнерді сүйіп бағалайтын еді. Осы тұрғыдан ол маған да сый-құрмет көрсететін. Қандай той болмасын мен ән айтсам, ол маған «Нәке», «Ләйлімді» маған қалдыр, мен айтайын», дейтін. Ол Евгений Брусиловскийдің «Шолпанын», Әбілахат Еспаевтың «Достар» әнін, Әсет Бейсеуовтің «Ағалар» әнін, Милютиннің «Чайка» әнін нақышына келтіріп орындайтын. Әсіресе менің есімде қалғаны – кеңестік композитор Мокроусовтың «Күзгі жапырақтар» әні. Осы әнді орындағанда тойға жиналған халық ду қол шапалақтап Айекеңе шынайы сүйіспеншіліктерін білдірген болатын. Сол кезде мен Айекеңнің ән айтқанын соңғы рет естіп тұрғанымды білмеппін. Айекеңнің жарқын бейнесі менің есімде осы қалпында мәңгілік қалады.
Абзал аға
Әбдірахман ОМБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты:
– Республика халқының атакәсібі – мал шаруашылығының бірінші басшысы ретінде оның бұл салаға өзі еңбек еткен кезеңде қосқан үлесі орасан зор болды. Ол Қазақстанда қаракөл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне ерекше мән берді. Қаракөл қойын селекциялық-асылдандыру бағытындағы жұмыстар, елтіріні өңдеу, дүниежүзілік деңгейге сай өнім шығару мақсатында жаңа технологияларды енгізу ісі Айекеңнің қолдауымен және тікелей араласуымен жүргізілді.
Айекең Қазақстанда қаншама ғалымдардың еңбектерін дұрыс бағалай біліп, олардың ғалым болып қалыптасуына өзінің әріптестік септігін тигізді десеңізші!.. Айып Қисаұлы адал еңбекті ардақтай білетін осындай абзал азамат еді.
Айекең адал дос, үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Асыл да ардақты ағаның еткен еңбегі, парасатты әділ сөзі, қимас мінезі, құлақтан кетпес әні, ұмытылмас бейнесі оны білетіндердің көңілінде мәңгі орын алды.
Нағыз адам болатын
Төлеубек ҚОҢЫР,
«Құрмет Белгісі» орденінің иегері, журналист:
– Айып Қисаұлы Құсайыновпен замандаспын. Осыдан қырық бес жыл бұрын Алматыда студенттік шақта кездескенім есімде. 1956 жылы күзде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында саяси құғын-сүргін құрбаны, жазушы Бейімбет Майлиннің отбасымен болған кездесуде жерлестер ретінде танысқан едік. Бір жастай ғана үлкендігі бар Айып (ол институттың 2-ші курсында оқып жатты) ересек, ақылды, байсалды жан ретінде танылды. Жерлестер болғандықтан, ара-тұра жолығысып та жүрдік.
1960 жылы Айып институтты бітіріп, жолдамамен Павлодар облысына оралды. Мұнда жас ғалым-зоотехник «Бесқарағай» асыл тұқымды қой зауытына бас зоотехник болып тағайындалды. Академик Ә.Еламановтың басшылығымен қой тұқымын асылдандыру-селекциялық жұмыстарымен айналысты.
Шаруашылықта тоғыз жыл бас зоотехник болып істеген Айып Қисаұлы №23 қой совхозына директор болып келді. Мен журналист ретінде шаруашылығында жиі болып, жас басшымен жүздесіп жүрдім. Отыз бір жасар Айыпқа үлкен совхоз сеніп тапсырылды. Мұның да шаруашылық бағыты «Бесқарағаймен» бірдей еді. Жүн, ет бағытындағы қой өсіретін. Биязы жүнді қой өсіру енді ғана қолға алына бастаған. Мұнда Социалистік Еңбек Ері Күләй Шарбақбаева, оның ұлы Қабдынәсір Шарбақбаев, Серікбай Темірханов, Нәскен Тиіштенов сияқты атақты шопандар болды.
Шаруашылығы тұралап қалған совхозды өрге бастыру үлесі Айыпқа тиді.
Абырой, атақ бірден келе қоя ма. Жаңа келген басшы ең алдымен еңбек адамдарымен қарым-қатынасын орнықтырды. Шопандардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, тұрғын үйлер салу басты назарында болды. Келе сала бәрін тап-тұйнақтай етті деуден, әрине, аулақпыз. Бірақ әрдайым еңбек адамын қолдап, қамқорлық жасап, тиісті көмегін көрсетіп отыруы нәтижесінде бірте-бірте жұрттың жас басшыға сенімі артты.
Осының өзі тегін кетпеді. Көп ұзамай Қарақала шопандары биікке өрледі. Төл мен жүн алудан алдына жан салмады. Облысқа ғана емес, республикаға да белгілі болды. Айып Қисаұлының абыройы да артты, беделі де өсті.
Оның жұмыс кабинетінде отыруы аз болатын. Ауа райының қандай болғанына қарамастан, ерте тұрып қатар-қатар орналасқан қой отарларын аралап шығатын. Сонда алдымен сұрайтыны – шопандардың амандығы. Сонан соң барып шаруашылық жайына көшетін. Отарларды аралаған кезде не көрді, қойшылармен әңгімеде не байқады – соның бәрі совхоз мамандарының кешкі басқосуында үлкен әңгіме болатын. Ертеңіне сол кемшіліктер қалай жойылып, жаңадан қандай проблема туындады – бәрін қайта пысықтайтын.
Ол осы ауылдан КОКП ХХV съезіне делегат болып қатысты. Облыстық партия конференциясында Айыптың сол съезге делегат болып баратыны белгілі болған. Арнайы іздеп барып жолықтым, ежелгі достардай емен-жарқын әңгімелестік. Айыптан Мәскеуде қайда орналасатынын біліп алып, съезд басталар күні телефон соқтым. Бізде сағат – тоғыз. Ал Мәскеуде таңертеңгі – алты. Телефон қоңырауына Айыптың өзі жауап берді. Әдеттегідей көңіл күйін, үлкен астананың әсерін сұрай бастадым. Досым көтеріңкі көңілмен көрген-білгенін асығыс айта бастады. Оның осы әңгімесінен шағын сұхбат құрастырып, газетке жарияладым.
Съезден кейін Айып Қисаұлы Екібастұз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қарақала халқы сол жолы Айыппен қимай қоштасып, игі тілекпен шығарып салған еді. Екібастұз ауданының біраз шаруашылықтары қазіргі Ақтоғай ауданынан бөлінген-ді. «Ақкөл» совхозында ұзақ жыл бас бухгалтер болып Айыптың әкесі Қиса Құсайынов істеген. Ел де, жер де өзіне таныс, халқы да біледі. Осы арадан Айып астанаға тартты...
Ел, ағайын арасында Әйкен атанған Айып Қисаұлы қашан болсын азамат ретінде танылды. Оны үлкен-кіші бірдей сыйлады, құрмет тұтты.
Суық хабарды таңертең жұмыс үстінде естідік. Айып кенеттен дүние салыпты. Оқыс хабар есеңгіретіп жібергендей болды. Қимас досыммен бірге өткізген қуанышты күндер еріксіз есіме оралды. 1998 жылы Павлодарда 60-қа толған мүшел тойын өткізген едік, ел-жұртының құрметіне бөленіп қайтып еді. Жоқ жерден Айыптан айырылып қалғанымыз!..
Айып нағыз азамат еді.
Дайындаған
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»