Аймақтар • 05 Қаңтар, 2018

Оралда 156 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәл жаңа жыл мерекесі қарсаңында Орал қаласында 9 қабатты 156 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп бірнеше жылдан бері Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаржы жинаған салымшылар 2018 жылдың алғашқы таңын жаңа баспанада – өз пәтерінде қарсы алды.  

Оралда 156 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Жаңа жыл иек астына келіп, қарбалас көбейсе де жаңа үй тұрғындарының қуанышын бөлісуге Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Алтай Көлгінов арнайы келді.

– Өңірімізде мемлекеттік «Нұрлы жол» жəне «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп жұмыс атқарылды. Соның ішінде облыста 115 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Барлық қаржы көздерін қоссақ, бір жыл ішінде жалпы 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Мұның барлығы халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс. Қоныстарыңыз құтты болсын! Жаңа жыл тек бүгінгідей шаттық, қуаныш əкеле берсін, – деді өңір басшысы.

2017 жылы облыста 14 көп қабатты, 188 бір қабатты тұрғын үй салы­нып, 1500 отбасы баспаналы болды. Соның ішінде «Нұр­лы жер» бағдарламасы ая­сында 985 пәтерден тұратын 7 үй салынған. Мемлекеттік бағ­дарламаның «Жергілікті атқарушы органдар желісі бо­йын­ша кредиттік тұрғын үй» бағыты бойынша 481 пәтерлі 4 үй, «Бәйтерек Де­велопмент» АҚ желісі бойын­ша 504 пәтерлі 3 үй бой көтерді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық фи­лиалының директоры Ай­гүл Наурызәлиеваның айтуын­ша, банк қызметі өңірде өте та­нымал. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен салым ашқан аймақ тұрғындарының саны 55 мыңға таяған. Банктің 18 722 клиенті келісімшартты 2017 жылы ресімдеген.

2018 жылы банк «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырады. «Құ­­ры­лысты жеке құрылыс жүр­гізушілер арқылы ынталандыру» бағдарламасы аясында облыста 173 тұрғын қоныс тойын тойламақ. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Қаз-Хол» ЖШС және «Караванный путь» ЖШС арасында қол қойыл­ған келісімдерге сәйкес, Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 198 мекенжайында 9 қабатты тұрғын үйдің және Гагарин көшесі, 2 мекенжайы бойынша 126 пәтерлі үй­дің құрылысы жүруде. Үйлер 2018 жылдың тамызында пай­далануға беріледі деп жос­парланып отыр. Бұл – апатты тұрғын үйлердің орнына көтеріліп жатқан жаңа ғи­мараттар.

Құрылыс тек Орал қала­сында жүріп жатқан жоқ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Жеке тұрғын үй құры­лысын дамыту» бағы­тында Тоқпай, Федоровка, Пере­метное және Дариян елді мекендерінде жер үйлер салынады. Бұл елді мекендер облыс орталығына жақын орналасқан. 
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке өнімі – «Өз үйім» бағдарламасы да аймақта сәтті жүріп жатыр. Аталған жоба аясында 2018 жылы БҚО ІІД қызметкерлері баспаналы болады. Сонымен қатар Оралдың солтүстік-шығыс бөлігінде «Ба­тыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы» АҚ пен «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлері үшін 9 қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл ұйымдарда істейтін қызметкерлердің жалпы саны 800-ден асады. Олардың көп­шілігі баспаналы боламын деп ақша жинап жатқан банк салымшылары. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ