Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

Терроризммен күрес – баршаның міндеті

15204 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күллі әлем үшін шетін ахуал қалыптастырған қоғамдағы діни экстремизм қаупіне байланысты таяуда Астана қаласы бойынша Дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары, теолог Айбек АТАШЕВПЕН әңгімелескен едік.

Терроризммен күрес – баршаның міндеті

– Айбек Асқарбекұлы, Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатымен қабылданған салмақты реформалар елімізде дінаралық және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде. Десе де, еліміз экстремистік қауіп­тен ада деп кесіп айта алмаймыз...

– Терроризм дегенде алдымен «Қыл­­­мыс­тың артында кім тұр және неге сон­дай қылмысқа барды?» деген сұрақ туа­ды. Бұл тұрғыда кейбір принциптік мәселелерге мән беруіміз қажет. Бірін­шіден, сәләфилікке ерушілердің діни сені­мі мен ұстанымы біздің қоғам мен мемлекетке қарсы агрессиялық сипатта екені белгілі. Ал адам баласының бойында қалыптасқан мұндай көзқарас түбінде бір теріс іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Елімізде және ше­тел­дерде дін негізінде орын алып жат­қан оқиғалар осының айқын дәлелі. Нақ­тырақ айтсақ, 2011-2012 жылдары Ақтөбе, Атырау және Тараз қалаларында, 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыдағы оқи­ғалар терроризмге негізделген уахаб­шылдық идеяның нәтижесі. Екіншіден, ғаламтордағы бейнематериалдардан жастардың бойындағы діни агрессия ойланбастан қан төгуге, тіпті өзінің өмірін қиып жіберуге бар екенін танытады. Олардың діни сауаты таяз. Себебі аталған ағымның ерушілері ғана емес, уағызшыларын да діни сауатты деуге келмейді. Себебі оларға пәтуа (нұсқау) беріп, бағыттап отырған белгілі тарап бар және осы тарап қажет кезінде оларды өзінің қолшоқпары ретінде пайдаланады. Мәселен, 2011-2012 жылғы оқиғаларға ешкім танымайтын Әбу Мунзир әш-Шинкити деген шейхтің пәтуасы себеп болған еді. Үшіншіден, еліміздегі басқа сәләфилер бұл оқиғаларды жасаушы топты ДАИШ-пен байланыстырып әлек. ДАИШ-тің теологиялық және діни идеологиясының сәләфилік екенін ешкім жасыра алмайды. Демек діни астар мен идеологиялық база ортақ. Біз сәләфилік ағымға қатыс­ты есебімізден жаңылмау үшін оны назар­дан тыс қалдырмауымыз керек. Төртіншіден, осы оқиғалар елімізде сәләфилікке қатысты батыл саяси шешім қабылдауға қосымша қатаң негіз болады деп үміттенемін. Біз осы уақытқа дейін сәләфилік идеяға ерушілерді «байсалды және радикалды» деп бөліп келеміз. Ал сол «байсалдылардың» қоғам мен ұлтқа қарсы агрессиялық көз­қарастары қай уақытта іс-әрекетке айналатынын білмейміз. Сонымен қатар терроризмнің әлеуметтік-құқықтық және криминоло­гиялық қыры, террорлық бағыттағы қылмыстардың құрылымы мен динамикасы, терроризмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кеше­ні де бар екенін ескерген жөн.

Қазақстан барлық түрдегі терро­ризм­­ді қатаң айыптайды және аталған жағым­сыз құбылыспен күресте әлемдік қауымдастықтың ұжымдық күш қосуын қолдайды. Мемлекетіміз терроризммен күрес туралы барша 13 халықаралық әмбебап конвенцияларға қосылған. Әлемдегі экстремизм мен терроризмге қарсы күреске белсенді түрде қатысып келеді. Қазір елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған бағдарлама жүзеге асырылды. Сондай-ақ 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемді соғыс қатерінен арылтатын және оның себептерін жоя­тын «Жаһандық стратегиялық бастама-2045» жоспарын әзірлеуді ұсынды. Мұндағы мақсат – адамзат дамуы үшін ортақ жауапкершілікті орнықтыру. Халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру мәселесі де көтерілді.

– Жалпы, террорлық ұйымдардың сипаты қандай?

– Терроризм – идеология, доктри­на, тіпті жүйелік пікір де емес. Бұл – стратегия. Олар бүкіл әлемді «жақсы» және «жаман» деп екі топқа бөліп, өздерін «жақсы» категориясына жатқызады. Лаң­кестік әрекеттерді іске асыру үшін мін­детті түрде сценарий дайындап, «а» және «б» жоспарын жасайды. Тер­роризм жарқын болашақ пен жа­ңа мүм­кіндіктерге үміттендіреді. Бұлың­ғыр болса да үнемі саяси мақсат-мүд­десі болады. Бұл халықаралық сая­саттың бір бөлігі, сол себепті сырттан келетін қолдау арқылы іске асады. Террорлық ұйымдар ең алдымен идеологияларын дамытып, кітап, журнал, әлеуметтік желі және қолдарынан келгенше БАҚ арқылы қатарларын пікірлері сәйкес келетін адамдармен толықтырады. Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр. Оған діни сипат беру қате. Шын мәнінде, терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстырудың негізі жоқ. Бейбіт тұрғындар өмірін жалмайтын террорлық актілерді жасаушылардың діні, мәзхабы болмайды. Террорлық қимылдарға кез келген ұлттың өкілі, кез келген діннің атын жамылушы без­бүйректер бара алады. Өкінішін, кегін, тағдырына мойын­ұсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Лаңкестік әрекеттер әлемді дүр сілкіндіруде. Лаң­кес­тікке қарсы күрес жүргізу барысында қауіпсіздік тақырыбының маңызы мен сыртқы саясаттың адам құқықтарына, демократияға, плюрализмге, заң үстем­дігіне қатысты маңыздылығын ескеру басты мәселелердің бірі. Еліміз сыртқы күштердің қолдауын тауып отырған террорлық ұйымдардың нысанасына айналмауы үшін халықаралық заңға құрмет көрсететін, рационалды, ұлттық мүддені алға қоятын, бейбітшілік пен достастық қағидаларына негізделген сая­сат ұстанғаны абзал.

– Еліміздегі террорлық қауіппен күрес нәтижелері қандай?

– Бас прокуратураның ресми мәлі­меті бойынша, соңғы жылдары сот орын­дары тарапынан «Әл-Қаида», «Күрд халық конгресі», «Мұсылман бауырлар», «Хизб-ут-Тахрир» сияқты 15-ке жуық теріс ұйымдарға еліміздің территориясында іс-әрекет жүргізуге тыйым салынды. Күрестің негізгі қағидаларының бірі – халықтың қолда­уы. Бұл қолдауға ие болу үшін сенімді болу, сенімді болу үшін терроршыларды ұстау, оларды ұстау үшін қолында өкілеттігі мен білімі болуы, қолында өкілеттігі және білімі болуы үшін кәсіби деңгейі мықты болуы керек. Осы керектердің жолында бірігіп күресуге тиіспіз. Қолдауға ие мемлекет лаңкестік және экстремизм сияқты қауіп-қатерге бөгет болып, сүттей ұйыған бірлікті шайқалтуға, ел ішінде туындауы мүмкін бөлінулерге төтеп береді. Сол себепті лаңкестікпен күрес мемлекеттік органдардың ғана борышы емес, әрбір қазақстандықтың міндеті.

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»