08 Қаңтар, 2018

Аспаптану ғылымының атасы

1631 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Көзіқарақты әр қазақтың көңіл төрінен сан қырлы таланты арқылы орын тауып, сүйкімді бейнесімен жылыұшырайтын Сарыбаевтар әулеті туралы сөз қозғалғанда өз-өзінен сұранып тұратын бір сауал бар. «Әрқайсының талантты болып туу сыры неде?» Адамды таңғажайып етіп жаратып, сырын ішіне бүккен дүние құпиясының жұмбағын барлық ғылым жанталаса түсіндіруге тырысады. Жұмбақты әдебиет арқылы да шешуге болады, пәлсапамен тарқатсаң да тани алар едің, алгоритм де әлденеше жауабын алдыңа жайып салады. Бірақ Сарыбаевтардың жағдайында бірін түртіп қалсаң, екіншісі қозғалып, бәрін тербеліске түсіретін физиканың маятнигі мысал бола алатын сияқты. Әкелері Шамғали Сарыбаев – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының негізін салушылардың бірі. Шора Сарыбаев – көрнекті диалектолог-ғалым, академик, екінші ұлы Болат Сарыбаев – музыкатанушы, өнертану кандидаты. Шораның ұлы Қайрат Сарыбаев – белгілі дипломат, Болаттың ұлы Талғат Сарыбаев – «Наурыз-думан», «Өткен күндер», «Гавань моей любви» секілді өлмес әндерімен өзіне мәңгі ескерткіш соғып кеткен талантты композитор. 

Аспаптану ғылымының атасы

Осындай оғландар дүниеге келген отбасының бастауында тұрған, жақсы-жайсаңдармен ертерек араласып, ағартушылық міндет арқалаған Шамғалидай аса ірі қазақ зиялысының баласы ғылымның қай саласына әкеп қосса да, ешқандай демеуді қажет етпестен бұзып-жарып шығуға өзі де бейім тұрған еді. Әке ізімен Болаттың да ғылым жолын қуатыны, ғылым болғанда да сөйлегенде тыңдаушысын ұйытып, ой тұңғиығына жетелейтін оның тіл ғылымына бет бұратыны белгілі еді. Сол уақыттың өзінде өз ортасында ғылыми қарымын танытып үлгерген ағасы Шора: «Болат, сөз өнерінің соңына мен түстім. Әдебиет пен тілден өзге, әлі тың жатқан музыка дейтін ғажайып әлем бар, сол қозғаусыз күйде тұр. Мені тыңдасаң, музыка тарихын, аспаптардың пайда болу тарихын зерттегенің дұрыс» деп кеңес берген екен. «Қазақтың кенже қалған аспаптану ғылымын қолыңа ал, қарағым, сөйтіп тыңнан түрен сал», деп ағасының сөзін қуаттай түскен академик А.Жұбановтың сөзін жерге жыға алмай кіріскенімен, көп ұзамай-ақ қопарған сайын көзді жайната түсетін қазыналы көмбеге жолыққанын сезеді.

Қазақтың көне музыкалық аспаптарын іздеп, тауып қана қоймай, соның классификациялық жүйесін жасап, топқа бөліп жіктеген Болат Сарыбаев болатын. Музыкатанушы ғалымдар 1968 жылға дейінгі бірде-бір кітапта немесе баспасөз беттерінде «шертер, жетіген, бұғышақ, үшпілдек» деген сөздердің кездеспейтінін айтады. Бұрыннан бар болса да, ұмытылып кеткен бұл атауларды жаңғыртып, тілдік қолданысқа әкеліп қосқан да Б.Сарыбаев. Ал қазір сахнаға самсап шығатын жүз қаралы адамнан құралған оркестрлерді жетіген мен шертерсіз елестету мүмкін бе? Күнде естіп жүрген Арқаның қоңыр күйлері, Жетісудың желдірме күйлері, Сыр бойының бойлауық күйлері, Атырау мен Ақтаудың адуын күйлері келбеті мен мінезін көне аспаптармен байытпағанда, қазақ музыкасының бүгінгі даму деңгейі қандай болар еді?

Болат Сарыбаевты «Бұл аспаптар бізге қайдан жетті?» деген сұрақтың мазалағаны анық. ХІХ ғасырдағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Біржан, Ақандарды айтамыз, ал оның арғы жағы қайда, аналарының бәрі келісіп алғандай бір мезетте толғатып, топтап, туа салған осы тұлғалардың арғы жағында кімдер бар, не бар? Бастауы, бұлағы болмаса, жауһар жыр мен төгілген күйлер тектен-тек туа салмайтыны түсінікті. «Қазақта домбыра мен қобыздан басқа музыкалық аспап болмаған» деген қиямпұрыс түсінік 1960 жылы Отырарға жүргізілген қазба жұмысының нәтижесінде Б.Сарыбаев үскірікті тапқаннан кейін-ақ теріске шығарылды. Қазақта қалайша саз аспабы болмаған? Ежелден қалыптасқан музыкалық танымы болмаса, мыңжарым жылдық тарихы бар деп есептелетін, батырлар жырының ішіндегі ең көнесі «Алпамыс батыр» жырындағы:

Керней-сырнай тарттырып,

Даңғара-дабыл қақтырып.

Барып түсті Алпамыс

Қаракөз айым үйіне, – деген жолдарда айтылатын «керней-сырнай», «даңғара-дабыл» деген сөздер көктен өзі түсе салған ба? Немесе:

Тоғыз санды торғауыт

Он сандайын оймауыт.

Барабан соғып, шың қағып,

Алдына әскер жүргізіп,–деп толғаған «Ер Тарғын» жырындағы «барабан» мен «шың» шын тарихта болмаса, оймауыт пен торғауыттың ауылында ол қайдан жүр? Жарқ еткен үміт оты алдамапты. Жетіген, шертер, асатаяқ, дудыға, қоңырау, сазсырнай, қос сырнай, тастауық, қурай-ысқырғыш, үшпілдек, ысқырауық, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, сылдырмақ секілді отызға жуық аспап бүгінде бүкіл оркестрдің репертуарындағы шығармаларды орындағанда ойналады. Әнді сүйген адамның әрқайсысы бұл аспаптарды көрген жерде жазбай танып жатады. Ал бұл аспаптар аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Авторы бар. Авторы – «аспаптану ғылымының атасы» атанған Болат Сарыбаев.

Әдебиетте О.Сүлейменов «АзиЯ»-ны жазып, «жер астынан жік шығарып», дүрбелең туғызып жатқанда, өнерде Б.Сарыбаевтың тапқан аспаптары төңірегінде де айтыс қызып тұрды. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған заманның «ұлт» деген сөзге үркіп қарайтын қырағы көздері Б.Сарыбаевтың ұшан-теңіз жаңалық әкелген еңбектерін түбірімен жоққа шығарып, өзін «түркішіл», «түрікшіл» деп айыптай бастайды. Қазақ даласын оңынан да, терісінен де көктей өтіп, төрт бұрышын табанынан тозып жаяу аралап жүріп жинаған аспаптары «ескі дүниені аңсау», «феодализм сарқыншағының» элементі болып, Сарыбаевтың өзіне сор болып жабысады. Тілерсегіне жабысып алып талағандардың сөзі қарша борап жатса да, көне дүниенің кілтін тапқанына қуанған ғалым кіршіксіз, кішіпейіл, ғылымға берілген көнтері мінезіне салып, жұмысын жалғастыра береді. Докторлық диссертациясын даярлап, Мәскеуге қорғауға барғанда, ғылымнан өзгені білмеген қорғансыз ғалымның алдынан құм ішіндегі жалғыз жантақтың түбінде басын иірілген денесінің ішіне тығып алып орайлы сәтті аңдып жататын жылан секілді жиырмадан артық домалақ арыз шығады. Диссертация сәтті қорғалғанымен, ғылыми дәреже бекітілмейді. Компартия мен өнердегі өз ортасының ашық күстәналаған қысым жиілеген сайын айналасындағы үркердей аз адамның өзі екшеліп, Сарыбаевқа Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев, Рахманқұл Берді­баев сияқты шағын жанашырлар ғана тілектестік танытып, қолдау біл­діріп жүреді. Бәлкім, оның 54 жас қана жасап, ғұмырының тым келте қайы­рылуына қорқаулардың қолымен жасал­ған қиянат пен қиындыққа төзе ал­май сынып түскені де себеп болған шығар...

 Ол базбіреулер айтқандай энтузиас та, коллекционер де, кездейсоқ әуестенуші де емес, кеңестік кезеңде өз бұлағынан бір жұтым суды сіміріп ішіп, жансарайын ашуды көксеген кезде көне аспаптар арқылы ұлттық нақышты енгізіп, қазақ екенімізді есімізге салып тұру үшін күні-түні көз ілмей тегін тер төккен жалаңтөс баһадүр. Оның «музыка археологы» атанып жүруі де сол еңбегінің нәтижесі.

Б.Сарыбаев өмірге келгендегі ең ұлы мақсатын орындап кетті. Отызға жуық көне аспапты тауып, ұлт өнерінің игілігіне айналдырды. Енді осы жерде көмейді «ал өзі сол аспаптарда ойнай алған ба?» деген сұрақ келіп бүлкілдетеді. Жанында жүріп шәкірті ғана емес, туған баласындай болған, көне аспаптардың бүгінгі көзі тірі шежірешісі іспетті музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шә­кәрімнің пікірінше, Б.Сарыбаевтың басқа еңбегін айтпағанда, теңдесі жоқ музыкалық қабілетінің өзі арнайы зерттеуді қажет етеді. Қолымен ұстап, ойнамақ түгілі, ғұмыры атын да естіп көрмеген бейтаныс аспапты оркестрдегі орындаушыға ең бірінші Болат ағамыздың өзі үйретеді екен. Бір күйді, бір әуенді ғана құйқылжыта орындап отырған оркестрдегі жүз адамның біреуінің қолындағы аспаптың құлақ күйі дұрыс қойылмаса, сонау жерде тыңдап отырған Сарыбаев соны да біле қойып, жалт қарап: «құлағын жөнде» деп ескерту жасайтын көрінеді. «Абсолютный слух», біздің тіліміздегі «құймақұлақ» деген сөз не айтса да қағып алатын Сарыбаев секілді ерекше қағілездерге қарата айтылса керек. Консерваториядан бітіріп шыққаны көмейінен күй төгуін тоқтатпаған қыл ішекті қара қобыздың оқуы болса да, шүмегінен сыр тұнған сағыныш сазы шүпілдеп төгіліп тұратын сыбызғыны сызылтып салғанды жаны сүйіпті. Аз өмірінде қалтасынан сыбызғысы түспеген екен. Ал сыбызғы қадым заманнан жалғыздың жансерігі болып жаралған еді ғой...

 Оркестр демекші, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі туралы сөз бола қалса, бірден көз алдымызға Нұрғиса Тілендиев келе қалады. «Менің ием, жолбарысым, Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Ендігі иесі сол болар» деп Жамбылдың қиядағыны шалатын қырағы көзі қателеспей танып, батасын берген Нұрғиса Тілендиев оркестрдің ең алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды, аяғынан нық тұруы үшін аянбай еңбектенді. Алайда ананың тар құрсағын жарып шыққан бала да, жарық дүние есігін ашқан соң есім иеленеді, қарақанаттанғанша қорек іздеп, мәпелеуді қажет етеді. Сол секілді ең алғаш 1968 жылы шағын ансамбль ұйымдастырып, оған «Отырар сазы» деп ат қойып, сол ансамбльдің оркестрге айналуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті жұмыс жасаған Болат Сарыбаевтың еңбегі бұл күнде ұмытылуға шақ қалды. Бұл жөнінде белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаевтың: «...­дүниеден мүлдем жойылып кеткен ұлттық аспаптарымызға «Отырар сазы» жан бітіріп, заманына қарай сөйлетіп берді. Бұл салада елеулі еңбек сіңірген профессор Болат Сарыбаевтың есімін ерекше еске алғанымыз – адам алдында да, аруақ алдында да әділ ғой дейміз» деп жазатыны бар. Ол заманда қазіргідей емес, оркестрлерді басқаратын дирижерлер қат еді. Оркестрді он адам отырған ансамбльмен салыстыруға болмайды, кәсіби білім алған жүз адамға жетекшілік жасау оңай-оспақ шаруа емес. Болат Сарыбаевтың бас­тамасымен оркестр құрылатын болып, бұл жөнінде республика басшысы Дінмұхамед Қонаевқа хабарланып, ол кісі «Қазақфильмде» қызмет атқарып отырған жерінен Нұрғиса Тілендиевті шақырып, ұжымға басшылық жасауды тапсырады. Бұл кезде күйшілігімен әбден танылып, саусағына ілесіп сан ғасырдың шалымы қонған дәулескер домбырашылығы таңдай қақтыратын Нұрғиса ағамыз бір дыбысты шашау шығармай, музыка сазы мен сарынын таяғының ұшымен тапжылтпай ұстай алатын дирижер екенін танытып, шағын ансамбльді үлкен оркестрге айналдырады. Бұрыннан белгілі күйлердің өзі көне аспаптарда айрықша ажар табады. Н.Тілендиев, сөз жоқ, ұлы композитор, ұлы орындаушы, ұлы дирижер. Бірақ «Отырар сазының» авторлығы Болат Сарыбаевқа тиесілі екені тым болмаса, өзі мәңгілік сапарға аттанғаннан кейін де мойындалуы тиіс деп ойлаймыз. «Отырар сазы» секілді ғажап оркестрдің қырық жылдан бері арғы дәуірлерде қалған мұңды даланың жүрек шымырлатар шерлі дауы­сын өңін тайдырмай тыңдарманына жеткізіп келе жатса, ол ең алдымен негізін қалаған Б.Сарыбаевтың, ака­демиялық кәсіби дәрежеге көтерген Н.Тілендиевтің еңбегінің нәтижесі.

Қазақта Шоқан мен Әлкей Мар­ғұланнан кейін көне аспаптарды зерттеген ешкім болмаған. Бір­туарларымыздың бұл сала жөнінен бірді-екілі мақала жазумен ғана шектелгенін ескерсек, Б.Сарыбаевтың көне аспапты зерттеп, тауып қана қоймастан, халыққа дейін жеткізіп, рухани пайдаға асырған еңбегі ұлт өнері үшін өлшеусіз игілік бол­ғанын бағамдаймыз. Амал не, Жар­қын Шәкәрімнің Б.Сарыбаевтың бүкіл еңбегін бүге-шігесіне дейін түгендеп тұрып жазып, ғылыми маңызын бағалаған «Көне дүние күмбірі» атты кітабынан басқа арнайы жазылған толыққанды бір дүние жоқ екен. Көзкөргендердің айтуынша, Сарыбаевтың ұлтжанды ісіне сүйінгені сондай, Ә.Марғұлан өмірінің соңғы күніне дейін кеудесін сүйретіп жетсе де, оның бірде-бір концертінен қалмай, бағзы заманның самалы болып жеткен үскірік пен сазсырнайдың үніне елітіп өтіпті. Р.Бердібаев өзі жүргізетін «Халық университеті» сабағына Сарыбаевты жиі-жиі шақырып, қонақ етпесе, бір дүниесі кем тұрғандай сезініпті. Болат Шамғалиұлы қайтыс болғанда Рахманқұл ағамыз: «Қазаққа шертер мен жетігенді қайтарғаны үшін ғана Сарыбаевқа ескерткіш соғуға болар еді» деп жылаған екен. Болат Сарыбаевтың ұлтым деп атой салып, бабалар рухын көтерген еңбегі әлі күнге өз дәрежесінде бағаланбай келе жатқанына көңіл қоңылтақсыды. Қайтыс болғанына қырық жылға таяса да, «Қазақтың музыкалық аспаптары», «Казахские музыкальные инструменты» атты кітаптары, мақалалары қайтадан жарыққа шыққан жоқ. Қайталап баспа бетін көрмеу кесірінен оның еңбектерін оңды-солды аяусыз пайдаланатын плагиаттардың пайда болуына жол ашылып отыр. Оның есімі музыкалық оқу орындарында, көшелерде, мектептерде күн сайын аталып, жаңғырып тұрмаған соң кім екенін білмейтін ұрпақ қалыптасты. Ол туралы жырдай толғап, аңыздай аңсап айтатын ортасының қатары баяғыда-ақ сиреп кеткен соң есімінің сирек аталатыны сонша, бейне бір бұл жалғанда Болат Сарыбаев деген ғалым болмағандай өмір сүріп жатырмыз. Шындап келсек, тар заманның өзінде ұлттық танымды қалғытпауға күш салып, әр аспапты тапқан сайын санаға сілкініс тудырып отырғаны үшін, бүгінгі ұлттық оркестрлер орындап жүрген тамылжыған күй мен әсем әуендерді сүйемелдеп тұрған сан түрлі аспаптың сазды дыбысы үшін Сарыбаев Болатқа қазақ музыкасы ғана емес, тұтас ұлт қарыздар емес пе еді?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ