15 Қараша, 2011

Терроризмді ымырасыз басуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың төрағалығымен діни экстремизм және терроризммен күрес мәселелері жөнінде кеңес болып өтті, деп хабар­лады Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Бас­шы­сы Аслан Мусин, Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров, Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Бас прокурор Асхат Дауыл­баев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сымов, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков қатысты. Кеңесті аша отырып, Мемлекет басшысы өткен сенбі күні Тараз қаласында бірқатар ерекше ауыр қылмыстар жасалғанын атап өтті. Қылмыскер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасады, соның салдарынан ҰҚК-нің екі қыз­меткері, үш полиция қызметкері және екі азамат қаза тапты. Президент полицейлер мен өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері Отанға қызмет етудің қалтқысыз үлгісі мен ерен ерлік көрсеткенін айтты. Жол полициясының жеке батальоны қыз­меткерлері тарапынан жара­қат­танған қылмыскер, залал­сыз­дандыруға әрекет жасау кезінде өзін өзі жарып жіберген. Соның салдарынан оны ұстаған взвод командирі, полиция капитаны Байтасов қылмыскерді денесімен жауып, асқан ерлік көрсетті. Полиция қызметкері жанқиярлық арқылы қарапайым адамдардың опат болуына жол бермеді. – Ең алдымен, мен қаза бол­ған­дардың отбасылары мен туыс-туғандарының қайғысына ортақ­та­сып, шын жүректен көңіл ай­тамын. Біз олардың қайғыларын бөлісеміз. Бұлар өздерінің қыз­мет­тік борышына адалдық та­ныт­ты, азаматтарды лаңкестен қор­ғады. Ішкі істер министрлігіне, облыстағы жергілікті атқару­шы органдарға қаза болған­дар­дың отбасылары мен балалары үшін қажетті нәрсенің бәрін жасап, оларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырамын, – деді Мем­лекет басшысы. Қаза болған құқық қорғау ор­гандары қызметкерлерінің өшпес ерлік істері мемлекеттік наградалармен атап өтілетін болады. Аталған жағдай бойынша «терроризм» және «адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Орын алған барлық деректерге тексеріс жүргізу үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов басшылық жасайтын арнаулы ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Топ жан-жақты тергеу жүргізулері тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев терроризм әлемнің көптеген елдерінде, со­ның ішінде дамыған Еуропада орын алып отырғанын және Қа­зақ­стан одан сырт қалмайтынын атап өтті. – Қазақстанға қарсы жасалған терроризмді ымырасыз басып-жан­шуға мемлекеттің мүмкіндігі жетерлік. Мемлекеттің қолында күш те, қуат та, жігер де бар. Біз лаңкестікті түбірімен жоқ қы­ла­мыз. Мен сондай-ақ барлық қа­зақ­стандықтарды қырағылыққа ша­қырамын. Егер лаңкестікке қа­тысты деректер байқалатын болса, оны дереу тиісті құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Біз деректерді анықтап, барлық ба­ғыт­тар бойынша жұмысты кү­шей­теміз, – деп атап өтті Президент. Кеңесте құқық қорғау орган­дары басшыларының есептері тыңдалды. Кеңестің қорытындысы бой­ын­ша Мемлекет басшысы бір­қа­тар нақты тапсырмалар берді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.