Қазақстан • 09 Қаңтар, 2018

Жаңа Салық кодексінің жаңалығы қандай?

591 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Өркениетке бастайтын жол салық төлемдерінің түбір­тек­терінен төселеді» депті еуропалық экономистердің бірі. Бүгінде салық халық пен мемлекет өмірі­нің барлық саласымен біте қай­на­сып кеткені рас. 

Жаңа Салық кодексінің жаңалығы қандай?

Жаңа басталған жылдағы маңызды өзгерістердің бірі де осы мәселеге қатысты болып отыр. 2017 жылғы 25 желтоқ­санда Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да тө­лем­дер туралы» Қазақстан Рес­публи­касының кодексіне қол қойды. 

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры Қайрат Жұлмұхамбетовтің айтуынша, салықты әкімшілендіру ісі негізінен мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды барынша ыңғайлы етуді көздейді. Жаңа Салық кодексі бойынша мемлекеттік кіріс органдары тарапынан салық төлеушілерді бақылау жұмыстары барынша азайтылды. Бұл әсіресе, тәуекелі төмен салық төлеушілерге қатысты. Салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар легі қабылданды. Ондағы бас­ты мақсат – адал салық төлеушілердің мүд­делерін қорғау. Яғни төлемге қатысты барлық түсініксіз, даулы жағдайлардың барлығын ендігі уақытта салық төлеу­шінің пайдасына шешетін тетіктер көбейтілді.

– Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қолданыстағы арнайы салық ре­жім­дерін сақтаумен қатар, жаңа тиянақталған шегерім режімі енгізілді. Кірістің шекті мөлшері бойынша жылына 300 миллион теңгеге және жалдамалы жұмысшылар санын 50 адамға дейін қолдану критерийлері кеңейтілді. Жеке кәсіпкерлер үшін 10 пайыз, заңды тұлғалар үшін 20 пайыз мөлшерлемемен шығыстар сомасына азайтылған кіріс түріндегі салық енігізілді, – дейді Қайрат Жұлмұхамбетов.

Сонымен қатар шағын бизнестің ауыртпалығын көтермеу мақсатында қосылған құн салығының қолданыстағы көрсеткіші, яғни 30 айлық есептік көрсеткіш сомасы бұрынғысынша қалады. 2019 жылдан бастап ел ішінде тауар алуға байланысты ерікті негізде қосылған құн салығы бақылау шотын енгізу арқылы дебеттік айырма қайтару тетіктері қарастырылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, электронды сатулардан түскен табыстар корпоративтік табыс салығынан және жеке кіріс салығынан босатылған.

Жаңа Салық кодексінде көрсе­тіл­гендей, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар корпоративтік табыс салығының үлес пайдасынан және артық жұмыс атқару көрсеткіштеріндегі құнның өсуінен босатылғанын айта кету керек. Ондай компаниялар кен орнын шолуға қажетті шығындарды өндіру жұмыстары басталғаннан кейінгі басқа келісім аясында өтеуге құқылы. Теңіздердегі және тереңде орналасқан мұнай-газ кеніштерін пайдалануға қатысты балама салық түрі енгізілген. Көмір өндіруге қатысты экспортқа үстеме пайдаға салынатын рента салығын ауыртпалық салығына
ауыстыру алынып тасталды. Өндірілген пайдалы қазбаларға тиісті төлем 6 пайыздан 3 пайызға төмендетіліп отыр.

Салық төлеу тәртібін арттыру мақ­сатында тәуекелдерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізілді. Яғни салық төлеуші­лердің әртүрлі санаттарына салықтық әкімшілендіруінің түрлі тәсілдері қол­данылады. «Жасыл топ» аталатын бірінші санатқа тәуекел дәрежесі төмен салық төлеушілер жататын болады. Оларға тексерулер жүргізілмейді, есеп тапсыру, берешекті төлеу мерзімдерін өзгерту түріндегі босаңсыту, көлбеу мониторинг жүргізуге қатысу мүмкіндігі және тағы басқалар қаралатын болады.

Тәуекел дәрежесі орташа топқа әкім­ші­лендірудің орташа тетіктері қолданылады, хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағ­дайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады.

«Қызыл аймаққа» тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Оларға ерекше назар аударылады және салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда кіріс органдары жедел әрекет ететін болады.

Жалпы, жаңа Салық кодексі Елба­сының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін, яғни салық және бюд­жет саясатын жаңа экономикалық жағдай­ларға бейімдеу мақсатында әзірленді. Құжат жеке және заңды тұлғаларға қатысты салық заңнамасын барынша жеңілдетуге, атап айтқанда, әкімшілік те­тіктерін жетілдіруге, кәсіпкерлердің бел­сенділігін арттыруға бағытталып отыр.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»