Жақында Алматыда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ ашық есік күнін өткізіп, зейнетақы жарналарының жай-күйімен таныстырған еді. Ал біз осы ақпаратқа өз тарапымыздан еліміздегі зейнетақы төлеу жүйесіндегі кейбір ерекшеліктерді де қоса кеткіміз келеді. Жалпы, еліміздегі жаңа сипаттағы зейнетақы жүйесінің дүниеге келген күні деп 1998 жылдың 1 қаңтарын атауға әбден болады екен. Дәл осы күні зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заң күшіне енген-тұғын. Ел экономикасына тікелей әсері бар зейнетақы саласының 3 тармағы қалыптасты: базалық жүйе, жинақтаушы жүйе және ынтымақты жүйе. Бұл жердегі базалық зейнетақы жүйесі мемлекеттік кепілді қамсыздандырудың негізгі көзі болып табылады. Сәл айшықтай кетсек, зейнетақының бұл түрі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақы алып келген барлық зейнет жасындағы адамдарға бірдей мөлшерде тағайындалып, қайта есептеу арқылы еңбек өтілі мен әлеуметтік жәрдемақылардың қосылуы негізінде үстемеленіп отырады және «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңның тоғызыншы бабына сәйкес зейнет жасына жеткен тұлғаларға, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шығарылған әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тағайындалады. Бүгінгі базалық зейнетақы мөлшері 14466 теңге шамасында. Ал зейнетақы төлеудің ынтымақты жүйесі республикалық бюджеттен төленеді. Бұл санатқа 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептегенде ерлер үшін 25 жыл, әйелдер үшін 20 жыл міндетті жұмыс өтілі бар адамдар кіреді. Айтпақшы, 2017 – әйел адамдардың 58 жаста зейнетке шығуының соңғы жылы. 2014 жылы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде тұжырымдама қабылданған болатын. Ол бойынша 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жасы кезең-кезеңмен артады. Яғни зейнет жасын 63 жасқа дейін жеткізу сатылап, он жыл ішінде жүргізіледі. Мысалы, әйелдердің зейнеткерлікке шығуы 2018 жылдан 2028 жылға дейін жарты жылдан көтеріліп отырады.
Ал жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалыптасуы ел тәуелсіздігінің жемісті жылдарымен бірге қадам басып келеді. Бұл жүйенің дамуында бірнеше сындарлы кезеңдер болды. Бастапқыда жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылып, азаматтардың еңбек жарнасын жинақтаумен айналысқаны белгілі. Соңғы 5 жылдың көлемінде Қазақстан жеке жинақтаудан бас тартып, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік қорлардағы қаражатты Ұлттық банктің бақылауына беру туралы шешімге тоқтады. Қазір аталған қаржы құрылымының қанатының астында жұмыс істеп жатқан «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ біздің бақытты қарттығымыздың кепілі болып саналады.
Қазір осы қордың қоржынында біз бен сіздің табысымыздан ұсталатын міндетті жарна жинақталып, қомақты қаражатты құрап жатыр. Зейнетақы қорының мәліметінше, былтырғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,58 трлн теңгені құрап, 2017 жылдың басынан бері 897 млрд теңгеге ұлғайған. Яғни жыл басынан бергі өсім 13,4 пайызды құрады. Оның ішінде салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 10,1 млн бірлікке жеткен. Ал 2017 жылдың басынан бері жаңа салымшылар үшін 345,5 шот ашылып, оларға он ай ішінде 54,8 млн теңге зейнетақы жарналары аударылған екен. Демек, осынша адам жаңадан жұмысқа тұрып, тұрақты табыс табуға қол жеткізді деген сөз.
Сонымен қатар есепті кезеңде зейнетақы шарттарының барлық түрі бойынша жарналардың жалпы сомасы 616,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен 586,8 млрд теңге, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен 29,3 млрд теңге және ерікті зейнетақы жарналары есебінен 365 млн теңге жинақталған. Оқырманға қызық болуы тиіс, біз төлейтін зейнетақы жарналары түсімдерінің орташа айлық көлемі 61,65 млрд теңге екен. Ал жарналардың орташа айлық саны 5,5 млн жарна төлеушіге жеткен. Бұл зейнетақы шоттарына күніне шамамен 274 мың адамның атынан жарна түседі деген сөз.
Енді осы жарналардың қалай жұмыс істеп, қайда жұмсалып жатқаны жайлы бірер сөз. 2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 457,7 млрд теңгеден асыпты. Біз сенім артқан осы қордағы зейнетақы активтерінің табыс табу мүмкіндігі 6,62 пайыз шамасында болып отыр. Бұл осы кезең ішіндегі инфляцияны қоса алғандағы табыс, ал инфляция көлемі 5,4 пайызды құраған екен. Демек қордың бағалы қағаздар нарығы мен басқа да сауда-саттыққа салған қаражаты туралы күмән жоқ. Бұл Ұлттық банк тарапынан зейнетақы жүйесіне бағытталған реформаның жемісі екені даусыз. Болмаса, азаматтардың жарнасы есебінен күмәнді активтерді сатып алу оқиғасын ұмыта қойған жоқпыз. Осы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тың қаржысына Әзербайжанның халықаралық банкінің 70 млрд теңгеден астам сомадағы облигацияларын негізсіз сатып алу фактісі анықталған еді...
Айтпақшы, жинақтаушы жүйе бойынша жаппай зейнетақы төлеу үдерісі 2026 жылы басталатын болады. Демек сол кезеңнен бастап тәуелсіз Қазақстанның дамуына еңбек сіңіріп, айлық табысынан міндетті жарна төлеп отырған қызметкерлердің алғашқы легі зейнетке шыға бастамақ.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»