Аймақтар • 09 Қаңтар, 2018

Солтүстік Қазақстанның шекара аймақтарында қырағылық күшейтілді

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейден келетін арзан астық тасымалын ауыздықтау үшін шекаралас аймақтарда жедел топтар мен штабтар ұйымдастырылып, тәулік бойы кезекшлік етеді.

Солтүстік Қазақстанның шекара аймақтарында қырағылық күшейтілді

Жаңа жыл алдында Премьер-министрдің орынбасары төрағалық еткен отырыста астық нарығында бағаны тұрақтандыру мәселесі арнайы қаралып, бірқатар шешім қабылданған болатын. Былтыр көрші елде егін өте бітік шығып, астық бағасы күрт құлдырады. Қызылжар өңірі Омбы, Қорған секілді астықты облыстармен шектесетін болғандықтан, жасырын жолмен жеткізілген бидай өнімінің көлемі күрт өсіп, жергілікті аграршылар тығырыққа тірелген еді. Өйткені, Қазақстанда жоғары сұрыпты бір тонна  бидайды сатып алу бағасы 42 мың теңгеге белгіленгенмен, шекараның арғы жағында 7-10 мың теңге арзан.

«Заңсыз жолмен астық әкелуге әрекеттенген 10 тіркемелі көлік тоқтатылып,  жарты миллион теңге айыппұл салынды. Мамлют ауданы аумағында орналасқан «Жаңжол» кеден бекеті арқылы 215 тонна бидайды алып өтпек болғандардың жолы кесілді. «Азық-түлік» келісім-шарт корпорациясы міндеттеген мөлшерде сатып алғанша қырағылықты бір сәт те бәсеңдетпейміз», дейді облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Владимир Отрадных.

Солтүстікқазақстандық диқандар қазіргі күні 381 мың тонна астықты сыртқа саудалап үлгірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»