Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақсан Республикасының негізін қалаушы – Президент Н.Ә. Назарбаев» атты тарихи танымдық іс-шара өтті. Студенттер мен профессор-оқытушылар алдында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков дәріс оқып, Президенттің өнегелі істері жайлы көрген-білгендерімен бөлісті.
Елбасы өмірінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілген соң баяндамашы Тәуелсіздік тағдырын, игі істің басы-қасында жүріп, еліне егемендік алып берген Мемлекет басшысы істерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Қазір, құдайға шүкір, ата салтымыз, дәстүріміз, тіліміз қайтып келді, – деді ол. – Рухымыз көтерілді. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ өте бақытты ұрпақ деп ойлаймын. Осылар тәуелсіздіктің қадірін өте жақсы білуі керек. Тәуелсіздік тағылымын тану – елдегі әр азаматтың міндеті. Әсіресе, егемендіктің тарихын, ел ертеңін аманаттар жастарымыз білуі шарт.
Мағыналы кеште Мырзатай Жолдасбековтің әндері мен күйлері шертілді. Жиналған көпшілік Президент Нұрсұлтан Назарбаев шығармалары мен Елбасына арналған еңбектердің кітап көрмесін тамашалап, тәуелсіздік тағылымдарына қанықты. Кешті аталмыш оқу орнының ректоры Серік Пірәлиев жүргізіп, жастарға осындай тағылымды да әсерлі әңгіме сыйлаған профессор Мырзатай Жолдасбековке жиналған жұртшылық атынан ризашылық білдіріп, рахмет айтты.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
Алматы.