Білім • 10 Қаңтар, 2018

«Бі­лім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы» атты семинар-конференция өтті

539 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі мектеп қабырғасында тұлымы мен айдары желбіреп, білім алуға құштар болып құлды­раң­дап жүрген ұрпақ – еркін елдің ер­теңі. Олардың білімі мен тәлім-тәр­биесіне қоғам да, аға буын да жау­апты. Осы орайда таяуда білім бе­ру ұйымдарының қатысуымен «Бі­лім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы» атты семинар-конференция өтті. 

«Бі­лім беру мазмұнын жаңартудың маңыздылығы» атты семинар-конференция өтті

Конференцияға ұйытқы болған «Қазақстанның білім және ғы­лым әлемі» республикалық жур­налының бас редакторы Дина Орын­бекқызы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына Жол­­дауы және «Болашаққа бағ­дар: ру­хани жаңғыру» атты мақа­ла­сы­ның аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың ішінде білім беру саласындағы мәселелердің де алар орны бар екенін, заманға сай білім беру мазмұнын жаңарту тиімділігі туралы әңгімеледі.

Атырау қаласының мектеп ди­ректоры Айнагүл Бөлекова мен­ед­­жменттегі іс-тәжірибесімен бө­ліссе, Астана қаласы мектеп-ли­цейі директорының ғылыми-әдіс­темелік жұмыс бойынша орынбасары Зәмзәгүл Кенжеахметова бі­лім мен тәрбиені қатар өрбі­те­­тін ұлттық педагогиканың ма­ңыз­­­дылығын, оның ұлттық құн­ды­­лықтарды дәріптеудегі орны мен ұлттық кодты танудағы қай­та­ланбас рөлі туралы айта ке­ліп, нақтылығы мен тиімділігі жоқ көптеген бағдарламаларға қа­­­­рағанда «Жеті қазына» сияқ­ты мектеп оқушыларының жас ерек­­­­­шеліктеріне қарай тү­зі­лг­ен бағдарламаларды ұсы­ну­дың өзек­­­тілігін жеткізді. «Бү­гін­гі ұлт­тық педагогика «ша­­қы­рыл­ма­ған қо­­нақтың сы­пы­рыл­ма­ған жер­ге отыр­­ғаны» сия­қты күн кешу­де. Өзі­­міз оны төрге шы­ғар­ма­сақ, сы­рт­тан ешкім оны дә­ріп­темейді», де­ді ол.

Сондай-ақ белгілі қоғам қай­рат­кері Оразгүл Асанғазы да осы та­қырыпты жалғастырып, елін, же­рін, тілін, ділін мақтан тұта­тын ұрпақты оқытатын да, қа­лып­тастыратын да жауап­ты тұл­ға мұ­ғалім екендігіне назар аударды. Мәң­гілік ел болуға апаратын бірден- бір жол – қазақтың төл мәдениетін тану мен оның бай ана тілінде білім алу, содан кейін өзге тілді меңгеру екендігін айтты.

Жиында Қазақстанның әр түкпірінен келген білім беру ұйымдарының өкі­л­дері Астана қаласының №70 мек­­теп-лицейінде ашық сабақ өт­кі­­зіп, өткізген сабақтарға талдау жа­сады. Осылайша, мұғалімдер өзара тәжірибе мен пікір алмасты. Семинар-конференцияда сонымен қа­тар қазақ тілін біртіндеп латын әліп­биіне көшіру жұмыстары және оның ыңғайлы жолын қарастыру жайы қозғалды. Алматы қаласынан ар­найы келген филология ғы­лым­дарының кандидаты Анар Фа­зылжанова аталған мәселені ғы­лы­ми тұрғыдан қарастырудың қа­жеттілігіне тоқталды. Осы ретте ла­тын әліпбиіне көшуге байланыс­ты Қуантқан Ванов өзіндік зерттеу жұмыстарымен таныстырды.

Мазмұнды басқосуда білім беру ұйымдарының бірқатар қыз­мет­кері «Үздік автор» және «Білім көш­басшысы» төсбелгілерімен, басқа да марапаттармен марапатталды.

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»