Білім • 10 Қаңтар, 2018

Тәрбие сағаты: Адалдық жолынан айнымайық

27231 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жиырмасыншы ғасырдың ба­­сын­дағы ұлт зиялылары сияқты бүгінге дейін талай өкінумен келдік. Олар «Ай,қап!» деп қынжы­луы­мыз­­­дың соңы болсыншы деген оймен «Айқап» журналын шы­­­ғарған еді. Бірақ арада бір ға­сыр өтсе де, өткеннен са­­­бақ алмай келеміз. Қайда да біт­пейтін қателік. Соның ішін­де сыннан арылмайтын бі­лім са­ласы да бар. 

Бір жыл бұрын оқушы­лар­дың пән олимпиадасы елімізде бір күнде болмай, өңірлерде екі күнге бөлініп өтті. Сөйтіп, бі­рінші турдың материалдарын білім сайысы ертесіне өте­тін жерлер интернеттен бі­ліп отырды. Биыл сол қателік тү­зетіліп, республиканың бар­лық жерінде дерлік бір уа­қытта бол­ғанына қуандым. Де­ген­мен, ең дұрысы, олимпиада тап­сырмаларының үш-төрт нұс­қасын дайындау. Нағыз шы­найылық сонда ғана бола­ды. Яғни, пән олимпиадасы объек­тивті себептермен бұрын, не кейін өткен облыстардың материалдары бір-біріне ықпал ете алмайды. 

2016 жылы біздің ауданда оқу­шы­ларды олимпиадаға алып ке­ле жатқан көлік жолдан тайып, әйтеуір, арты жақсы болған еді. Былтыр білім бөлімі содан сақ­танып, олимпиаданың екі кезеңін де бір күнде өткізді. Бірақ, олимпиаданы бір күн кеш бастағандықтан оқушылар ға­ламтордан І турдың жауабын біліп алыпты. Бүйтетін бол­ғасын кешіктірмей, бүкіл ел­дегідей бір мезгілде бастау керек емес пе?! Екі кезеңді бірдей өт­кізу оқушыларға салмақ тү­сіреді. Бір күнде екі турдың тап­сырмаларын тексеріп шы­ғу да қиын. Әсіресе, І турды таразы­лау үлкен жау­ап­кершілікті қажет етеді. Кей­­бір деңгейлес жұмыстарды мұ­­қият талдай түсу қажет. Ко­мис­сия төрағасының барлық жұ­мыстарды бір қарап өтуіне тағы уақыт керек. Қалай дегенмен де асығыстық жақсылыққа апармайды. Қысқасы, екі турды екі күнде өткізу жоғарыдан дұрыс ойластырылған.

Өткен жылдан бері құқық негіздері пәнінен аудандық оли­м­пиадада комиссия төра­ға­сы болып келемін. Сонда бай­қа­ғаным, биылғы материал­дар бұрынғыдан біраз жеңіл кө­рін­ді. Әрине, олимпиаданың тап­сырмалары аса жеңіл болсын деп отырған жоқпын. Қа­зіргі кезде мектепте «Құ­қық негіздері» пәні жеке оқы­тыл­майды. «Адам. Қоғам. Құ­қық» деген пән 9-10-сынып­тарда 9 сағат, 11-сыныпта 5 сағат қана оқытылады. Сол та­қырыптардың өзі аз өз­ге­рістермен қайталанып бе­рі­леді. Сондықтан бірінші тур­дың тапсырмалары күрделі бол­маса деймін.

«Қазақстан тарихы» пәні­нен 11-сыныпта бірінші кезең­де «Қала мәдениеті, археология мен өнер» деген тақырып бол­ды. Негізі археология емес, арх­итектура болуы керек еді. Оқу­шылар солай деп, дұрысын жазды да. 9-сыныптың екінші кезеңнің басқатырғышында шым-шытырық араласып кет­кен әріптердің ішінен бір ар­тық әріпті алып тастап, тари­хи тұлғалардың атын, не те­гін табу керек болатын. Оқу­шылардың дені біле тұра қа­те­­лесіпті. Өйткені, орындалу шарты қазақша болғанмен, тап­­сырманың өзі орысша нұс­қа­сымен беріліпті. Құзыретті кі­­с­ілердің жауапкершілігі қай­да сонда? Басқатырғышты құ­­растырушылар мұны не­ге ойламайды? Әлде әдейі оқушылардың «басын қа­тырғысы» келген бе?! Неге ай­налып келгенде оқушылар залал көруі тиіс?! 

Олимпиада – нағыз білім­ді­лер­дің сайысы. Демек, қазылар өзіне артылар сенімді сезінуі тиіс. Соны кейбіріміз толық тү­сініп жүрмеген сияқтымыз. Бір­де өзімнен кіші бір інім мы­наны айтты.

Оқушы кезінде ау­дан­дық олимпиадаға қа­ты­с­қанында комиссия құра­мын­дағы жетекшісі «сәлден кей­ін сыртқа сұран», дейді екен. Сосын жауап жазылған па­­рақты беретін болса керек. Оқу­шылар былтырғы аудан­дық олимпиадада да бір ма­те­матиктің оқушысына «кө­ме­­гінің» байқалып қалғанын әң­гімеледі. Бұлай етсек, жас ұр­пақты жолдан тайдырып, өті­рікке үйретеміз. Шынайы бі­л­імді жастың тауын шағып, талабын қайтарамыз. Сонда не үшін? Кем күнгі мақтан үшін бе? Арзан атақ үшін бе? 

Жарықтық шәкірттеріне «не істесеңіздер де таза қолмен іс­теңіздер», деп әр сабағы­ның алдында қолын жуатын Ыбырай атамыз еріксіз есі­ме түседі. Ы. Алтынсарин 1864 жылы мектеп ашты. Сол жа­­ңа­­лықты орыс достарына қуа­на хабарлаған хатында жас ұр­­пақтың парақор, өті­рі­к­ші бо­лып өспеуі үшін ал­ғаш­қы күн­нен имандылық пен адам­гер­шілік тәрбиесіне баса кө­ңіл бөліп отырғанын жазған. Бұл кезде Ыбырай 23 жаста ғана болған. Ал, біз не істеп жүрміз? Ойланайық...

Серік ЗИЯТОВ,
Бұлан орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы

Ойнатып отырып ойланту

Бүгінгі жаңартылған білім беру жүйесінің талабы баланың ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойлау жүйесін жүйрік етіп тәрбиелеу екені белгілі. Осы ретте баланы дамытуда ойынның, кәдуілгі балалар ойынының әсері мол екенін айтқым келеді.

Бұл жобада ойын балалық шақтың таби­ғи серігі, қуаныш сезімінің қайнар көзі бол­ған­дықтан жаңа технологияларды негізге ала отырып, қазіргі заман талабына сай өзекті мә­се­лелер қарастырылып отыр. Яғни, бала айналаны бақылағанда көрген, таныған және қабылдаған дүниелерін ойын арқылы бейнелеп көрсетеді. Сондықтан күндегі көзқарас бойынша бала ойынын әшейін бір ермек деп ұғынбаған жөн. Ойын – бала үшін толайым еңбек әрі үздіксіз оқу. Өйткені сыртқы дүниеден қабылдаған білімдік ұғымдар ойын нәтижесімен тиянақталып, тұрақты әдетке айналады. Балаға ойын арқылы берілген білім мен тәлім-тәрбие дамытушылық мәнге ие болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді. 

Ойынмен берілген білімнің маңызын жоғары бағалаған көрнекті педагог Антон Макаренко «Ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың және қызметтің маңызы қандай болса, бала өмірінде ойынның маңызы сондай зор» дейді. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеуді ең алдымен ойыннан бастаған ләзім. Ойын арқылы оқушыны білім алуға, оқуға қызықтыруға, осылайша, жеке тұлғаның дамуын қалыптастыруға болады. Ойын барысында балалардың білімі тереңдей түседі, жаңа әдіс-тәсілді, жаңа білімді игереді. Ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есінде сақтайды. Балалар ойын үстінде алға қойған мақсатына тез жетеді. Сондықтан ойын арқылы берілген білімнен бала түсінігіне, жеке бастың дамуына және баланың психикалық дамуына ойынның әсерін және әлеуметтік қарым-қатынас мектебі екенін бағамдауға болады.

Ойын арқылы баланың сөздік қорын дамытуда ауызша сөйлеу машығы өзгереді, таным белсенділігі қалыптасып, ақыл-ой процесі жетіледі, түрлі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Әртүрлі ойындарды ұйымдастыра отырып, балаларды бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, достық, бауырмалдық, ортаны сыйлау сезімдеріне тәрбиелеуге болады. Сондай-ақ кімде-кім баланың тілдік қабілетін да­мытқысы келсе, ең алдымен оның ойлау қа­білетін дамытуы тиіс. Бұдан түйеріміз ойын­ға талпынып тұрған баланы тыя берудің қа­жеті жоқ. Керісінше, бала ойынын мазмұнды ұйым­дас­тыру жақтарын ойластырған абзал.

Сәуле СМАШОВА,
№1 Затобол орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімі

Қостанай облысы,
Қостанай ауданы