Қоғам • 11 Қаңтар, 2018

Серпінді дамудың жаңа мүмкіндігі

631 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауын үлкен әсермен қабылдады.

Серпінді дамудың жаңа мүмкіндігі

Жолдаудағы 10 басымдықтың үшінші бағытында «Аграрлық саясат еңбек өнім­ділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп айрықша атап көрсетілген.

Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуды қамтамасыз етуді дамытуды тапсырған Елбасы бұл мәселені ше­шуге еліміздегі агроөнеркәсіптік ке­шеннің түбегейлі бет бұруы маңызды еке­нін айрықша атап өтті. Аталған мін­дет­тер­ді іске асыру үшін отандық аграрлық ғы­­лым­­ды жан­дандыру мәселесі басты назар­да бо­лу­ға тиіс екеніне ерекше мән беріл­ді. Бұл шешім республикамыздың агро­өнер­кә­­сіптік кешеніндегі өңделген өнім өнді­­рісін өркендетуге жаңа серпін берері сөзсіз.

Қазіргі таңда іс жүзінде тауар өн­ді­ру­шілер әлеуетті нарыққа қол жеткізе ал­май отыр. Оған өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұ­рақсыз қатынастар, нарықтар мен қар­жылық ресурстар туралы сенімді ақпа­рат­тың болмауы, еліміздің оңтүстік өңір­лерінде аз көлемдегі өндірістер сынды бір­не­ше себеп бар. Сондықтан бағасының 70-75% иеленетін делдалдарға қарсы тұру жө­нін­дегі жұмысты күшейтіп, дамыған елдерде­гі­дей 25-30% ғана иеленетіндей ету қажет. Дел­далсыз өнімдерді сату қайта өң­деу кәсіп­орындарының жүкте­ме­сін 1,3 есеге арт­ты­рады. Ал сату құны делдалдық буын­ның қысқаруына байланысты 15-20% төмендейді. 

Өндірілетін өнімнің қосымша құнын арттыру үшін өндірістен тұтынушыға де­йінгі бүкіл тізбекті қайта қарау қа­жет. Ғылымға басты рөл берілген ауыл ша­руа­шылығының қазіргі заманғы инно­вациялық технологиялармен нашар қамтамасыз етілгенін ешкім жоққа шы­ғар­майды. Республика бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың көлемі тұтас­тай алғанда 66 млрд теңгеден сәл ғана асады (ішкі жалпы өнімнің 0,14% -ы), оның ішінде ауылшаруашылық ғы­лым­дарына 6,9 млрд теңгеге дейін бөлінеді, ол барлық ғылыми жұмыстардың 10,3%-ы. 

2016 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7762,3 млрд теңгені құ­ра­ды, оның 253,7 млрд теңгесі немесе 3,3%-ы ауыл шаруашылығына ба­ғыт­тал­ды.

Осы мәселені шешу үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары мерзімінен бұрын жұмыс істей бастады және 2010 жылдан бастап қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында ал­ғаш­қылардың бірі болып жобаларды бас­қарудың халықаралық стандарттарын қолдана отырып, ұлттық зерттеу уни­вер­ситетіне трансформациялану процесін жүргізіп келеді.

Трансформация шеңберінде аграрлық ғылымның, білімнің және өндірістің интеграциясын, экономиканың аграрлық саласына инновациялық технологияларды енгізуді, Қазақстанның еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа форматтағы кадр­лар дайындауды күшейту үшін 2015 жы­лы университетте Халықаралық Агро­тех­нологиялық хаб құрылды. 

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында бірқатар мәселелерді шешу көзделуде:

– ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестиция тартуды (субсидиялау, несиелендіру, салық салу, мемлекеттік және жеке инвестиция­лар және т.б.) қайта қарастыру;

– ауылшаруашылық дақылдарының және жануарлардың өнімділігін арттыру үшін аграрлық ғылымды дамыту және ғы­лыми-зерттеу нәтижелерін енгізу, ин­но­вациялық технологиялар мен жаңа білімді трансферттеу;

– климаттың өзгеруіне байланысты өн­дірістік тәуекелдерді басқару. 

Жоғарыда аталған стратегиялық мәсе­лелерді кешенді тәсіл негізінде шешу агро­өнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету­ге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні университет жоғарыда аталған тапсырмаларды жүзеге асыра бастады. Еуропа, АҚШ, Азия және Ты­нық мұхит елдеріндегі жетекші шет­елдік университеттермен, ғылыми және технологиялық орталықтармен белсенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Агрохаб Азия даму банкі, Еуропа даму банкі, Дү­ние­жүзі банкі, ФАО сынды қаржылық әлеуеті зор құрылымдармен негізгі серік­тес ретінде жұмыс істеп келеді. 

Агрохаб аясында арнайы келісім-шарттар негізінде АҚШ-тың Ауыл ша­руашылығы министрлігімен (USDA) геокеңістіктік мониторинг жүргізу үшін Қазақстандағы жайылымдық жерлердің деградациясын бағалау әдістемесін зерделеу және енгізу, биологиялық өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін қолдану жобалары орындалуда.

Мичиган университетімен портативті наносенсорлы датчиктер арқылы өсімдіктердің жай-күйін бағалаудың цифрлы жүйесін бейімдеу; Алматы және Астана қалаларында геокеңістіктік мониторинг және су тасқыны тәуекелдерін басқару жүйесін енгізу; өзгермелі климатта өсімдік шығымдылығын жақсарту үшін шешім қабылдаудың бірыңғай жүйесін енгізу; цифрлы технологиялар негізінде Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Азия даму банкінің қолдауымен уни­вер­ситетте Су хабы құрылды, ол төтен­ше жағдайларда жедел әрекет ету үшін уақтылы ақпараттар ағынын қамта­масыз ететін тәжірибе алмасу диалогы алаңына айналды. Су хабының қызметі су ресурстарын қамтамасыз етуге және қорғауға, су балансының, топырақтың тозуы және тұздануы, мелиорация, суару, құрғақшылық, аймақтағы тұщы су­ды азайту, өзендердегі судың деңгейі мәселелерін талқылауға сарапшыларды орта­лықтан тартуға, сондай-ақ барлық мүдделі тараптар мен ұйымдарды хабардар етуге және оқытуға бағытталған.

Қазіргі кезде университет базасында интеграцияланған жерді басқару (Жер ха­бы) және климаттық тәуекелдерді бас­қару (Климаттық хаб) бойынша білім ор­та­лықтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағытта университет ғалымдары Елбасы қойып отырған міндеттер бо­йынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай бі­лік­ті мамандарды даярлай отырып, агро­өнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуді, оларды өндірісте кеңінен пайдалануға жәрдем жасауды жүйелі түрде іске асырып келеді.

Ауылшаруашылық ғылымы мен білімі бүгінде аграрлық өнеркәсіптің тиімді дамуының негізгі шарттары екен­дігін Президенттің Жолдауы тағы да дәлелдеп берді. Бүгінде нақты ғылыми нә­ти­желерге жету үшін мамандарды үш деңгейлі даярлаудың сабақтастығы болуы тиіс: дипломдық жұмыс магистрлік дис­сер­тацияға, содан кейін докторлық диссер­тацияға жалғасуы керек. Бұл бағытта циф­лы технологияларды дамыту бойынша заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу жолымен АӨК тиімділігін арттыру мақсатында университетте Ситуациялық орталық ашылды. Оның жұмысы еліміздегі АӨК жағдайына талдау жүргізуге және онлайн режімде ауылдық кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге бағытталған. Қазірдің өзінде уни­вер­ситетте республикадағы аграрлық барлық құрылымдық бөлімшелер мен әр қызметкер бойынша мәліметтер базасы құрылуда.

Ситуациялық орталық алдағы уақытта біздің әлеуетті серіктестіктеріміз, ауылша­руа­шылық тауар өндірушілер, мектеп біті­рушілер мен түлектер, ата-аналар, мек­теп директорлары мен мұғалімдер, әкім­дік, университет білім алушылары мен оқы­­тушылар және т.б. үшін жедел ре­жім­­де болжау мен ұсынымдарды, талдау ма­те­­риал­дарын алу және орналастыру жо­лы­мен озық тәжірибемен, пікірлермен алма­су, ақ­парат, кеңес беруге жағдай жасайтын көп функционалды платформа болмақ.

Бүгінгі таңда университет бастамасымен республика көлемінде 22 мыңнан аса фермердің, ауылдық кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстігінде 36 ғылыми орталық пен серіктес – жоғары оқу орындарын қамтитын фермерлердің Жоғары мектебі және Экстеншн бағдар­ламасының жүйесі қызмет етеді.

Халықаралық байланыстары арқылы университет ғалымдары шетелдік әріп­тестермен бірлесіп, Қазақстанның жер­­гілікті әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының тәуелсіз және кіріктірілген жүйесін жасауда. Университет базасында сүт сапасын анықтау зертханасын құру қажеттілігі бар. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, ауылшаруашылық кооперациясы негізінде мұндай зертхана құру және сүт өндіру өндірісі шаруашылығын ірілендіру сүттің сапасын әлдеқайда жақсартатынын көрсетіп отыр.

Қазақстанда сүт зауыттарына лайықты шикізат аймақтарын нақты картаға түсі­ретін және әрбір сүт өндірушіге қажет­ті техникалық регламент талаптары кіре­тін сандық технологияны енгізу жоба­ла­ры жүргізіліп жатыр. Референтті зерт­хана құру, жайылымдарды картаға түсіру автоматтандырылған сүт балансын құ­руға, сонымен қатар жайылым жерлердің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Жолдауда «аграрлық универ­ситет­тердің рөлін қайта қарастыру қажет. Олар тек диплом беріп қана қоймай, нақты АӨК жұмыс істейтін немесе ғылыми ізденістермен айналысатын мамандарды дайындаулары керек. Бұл ЖОО-да білім бағдарламаларын жаңарту қажет және АӨК алдыңғы қатарлы білім мен тәжірибе тарататын орталықтарға айналулары керек», деп атап көрсетілді. Бұл ретте университет басшылығы ең­бек нарығында сұранысқа ие және бәсе­келестікке қабілетті жасампаз және за­манауи ойлай алатын мамандарды дайындауға барлық жағдайды жасап отыр. Біз ол үшін дамыған ғылым-білім ин­фра­құрылымын дамыту керектігін және жоғары білікті, құзыретті маман әлеу­е­тін қалыптастыру қажеттігін жақсы түсінеміз. 

Университетте агробизнестің стра­те­гиялық зерттеулер орталығы жұмыс істейді, онда студенттер екінші курстан бастап нақты агроқұрылымдарда биз­нес-жобалар жасауға үйренеді. Мұн­дай бизнес-жобалар олардың диплом жұмыс­тарына бөлек бөлім ретінде енгізі­леді. Сөйтіп білім алушылар нақты эконо­миканың проблемаларын шешуге атса­лысады және олардың нәтижелері жақ­сы болған жағдайда жұмысқа орна­ласу мәселесі де өздігінен шешіледі. Бүгінде жоғары оқу орны тек білім бе­ріп қана қоймай, студенттің қабілетін ашу­ға да көмектесуі тиіс. Сондықтан біз өзі­міз­дің студенттерге іскер маман болып қалып­та­суларына қажетті осындай орта құрып отырмыз.

Университеттің барлық әрекеттері креа­тивті ойлайтын және инновацияға бейім, еңбек нарығында сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті мамандар дайын­дауға бағытталған. Университетте Индус­трия­лық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған «Азық-түліктің физика-химиялық қасиеттерінің анализі мен топырақ, су және шикізаттың экологиялық сапасы», «Азық-түлік технологиясы және сапасы», «Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия», «Табиғи ресурстарды басқару және агрожүйелерінің тұрақты дамуы» сияқты инновациялық зертханалар ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің мәселесін шешуге мүмкіндік жасауда.

Мысалы, «Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия» зертханасы жануарлардың генотипі және микро­организмдердің сәйкестенуі бойынша мәселелерді шешеді. Аталған жұмыстар ірі қара мал тұқымы өнімділігінің 240 көрсеткішін анықтау бойынша зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Жануарлар мен өсімдіктер ауруларын сәйкестендіру жүргізілгеннен кейін біз әлемнің әр түкпіріндегі шетелдік серіктестерге 34 агротехнологиялық орталыққа алынған қорытындының дұрыстығын анықтауға жібереміз. Бұл жануар мен өсімдік ауруларын емдеудің жедел шешімін шығаруға мүмкіндік береді. 

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы ауыл кәсіпкерлерінің, 145 мың фермердің біліктілігін көтеру мақ­сатында 36 ғылыми орталық пен серіктес ЖОО-ларды қамтыған фермерлердің жо­ғары мектебі мен Экстеншн бағдарламасы жұмыс істеуде.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы – Қазақстан дамуының ең бас­ты бағыты. Ал адами капиталға қатысты сапаның артуы, оның ішінде, аграрлық өндіріс, білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін жоғарылату – Президент Жолдауының басты өзегі. 

Әлемдік экономикадағы техно­ло­гия­лық үрдістерден қалыспай, жаңа эконо­ми­калық революцияға бет бұруға үндеген жаңа Жолдауда айтылған ірі міндет­тер­дің, тың идеялар мен нақты тапсыр­ма­лардың жүзеге асуына атсалысу әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін. 

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі
АЛМАТЫ