Иә, қазіргі өмір жедел өзгеріп барады. Жаһандық деңгейде жүріп жатқан осы өзгерістерге сай болуымыз үшін алдымыздан жол көрсететін айқын бағыт қажет еді. Осы бағыт Жолдауда көрсетіліпті. Мұнда белгіленген 10 міндеттің қай-қайсысы болмасын өте өзекті.
Мәселен, Жолдауда көрсетілген бірінші міндетті алайық. Мұнда Елбасымыз елімізде жүзеге асырылу үстіндегі индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру міндетін қойған. «Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ. Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс. Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет», делінген Жолдауда.
Жалпы, мен ғалым ретінде қазіргі замандық жаңа технологияларды өндіріске енгізудің қаншалықты тиімді екендігін өз тәжірибем арқылы көзіммен көрген адаммын десем, артық мақтанғандық болмас. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын сол кезде еліміздегі ірі және дербес құрылым ретінде жұмыс істеп тұрған «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» кәсіпорындарына ТМД елдерінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ саналатын «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» мемлекеттік инфрақұрылым ретінде өндірістік тәжірибеге енгізуді бастаған едік. Оны енгізу оңай болған жоқ. Осы жүйені енгізу барысында «ақпараттық технологиялар дәуірінің» талаптарын тереңнен түсініп, әлем деңгейінде сараптама жүргізе отырып, бұл жаңа жүйені заман талабына сай етіп құруға ұмтылдық. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» әлемдегі ең озық геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде дүниеге келді.
Бұл жүйе қазіргі күні де тиімді жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізіп келеді. Өйткені жерге орналастыру мамандары осы жүйенің технологияларын пайдалану нәтижесінде жер телімінің сызбасы мен аумақтағы орналасуын миллиметрлік дәлдікпен белгілей алады. Ал жер телімінің иесі болса, оның интернет арқылы кадастрлық нөмірін көрсету арқылы Жер кадастрының автоматтандырылған жүйесінен көре алады.
Бұл жүйе елімізде «Электронды үкімет» құрылған кезде де оның порталына автоматтандырылған қызметтің алғашқы бастамасы ретінде бірінші болып тіркелген болатын. Осы жүйе бойынша біздің алдымыздағы ендігі міндет Елбасы Жолдауында көрсетіліп отырған цифрлы технологияға өту болып табылады.
Демек, қазіргі жаңа технологияларға негізделген мемлекеттік индустриялық саясатты жүзеге асыру дегеніміз, бұл – болашағымыздың кілті, жас ұрпақтың бақытты өмірінің кепілі. Халықтың иығындағы өмір мен тұрмыстың жүгі Елбасының Жолдаудағы ел алдына қойып отырған міндеттерін дұрыс жүзеге асырып, осы арқылы қазіргі жаһандық бәсекелестіктің жаңа ағымдары мен технологиялық трендтерін игергенде ғана әлдеқайда жеңілдей түсетіндігіне сенімдімін.
Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВ,
ҰҒА академигі