Парламент • 11 Қаңтар, 2018

Қазақ көлік академиясындағы кездесу

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сайлаушылармен кездесу және есеп беру жұмысы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев пен Кәрібай Мұсырман М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында академия басшылығымен, профессорлық-оқытушылық құраммен, кафедра меңгерушілерімен, ардагер-ұстаздармен және қызметкерлермен кездесу өткізді. 

Қазақ көлік академиясындағы кездесу

Академия қонақтары Парламенттегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмысымен таныстыруды және Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді мақсат тұтқан кездесу барысында сондай-ақ, Жолдаудағы көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға, жаңғыру негізі – адами капиталға және жемқорлықпен күреске қатысты бөлімдері сарапталды.

«21 жылдан бері жыл сайын халыққа жол тартып келе жатқан Жолдаулардың еліміз дамуындағы үлесі айрықша екенін білесіздер. Қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар мен мәселелерді шешуде, жүзеге асыруда Елбасымыздың Жолдаудағы әр сөзі айрықша маңызға ие болып,  қоғамның даму тетігіне айналып жатқаны ақиқат. 1997 жылдан бергі жыл сайынғы жолдауында Елбасымыз үкімет пен қарапайым халық алдына нақты мақсаттар қойып, содан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жолдарын көрсетіп келеді. Елбасының әр жолдауы – болашаққа бағдар. Болашақты бағдарлап, экономикалық және мәдени дамудың басты бағыттарын нақтылау үшін Елбасы жолдауларының маңызы зор», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бейбіт Баймағамбетұлы өз сөзінде.

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры Б. Қуанышев, академия кафедраларының меңгерушілері М. Құлгелдинов, А. Молғаждаров, Д. Ескендірова оқу ордасына арнайы ат басын тіреген халық қалаулыларына жоғары білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды сауалдарын қоя отырып, аталмыш академиядағы көліктік-логистикалық кешенді дамыту, жүк қозғалысын дұрыстап ұйымдастыру, кедергісіз жүк және жолаушы тасымалы, тағы да басқа саланы тереңдеп оқытатын «Қозғалысты және тасымалды ұйымдастыру логистика» мамандығын жаңа әдістермен оқыту, зертханаларды және оқу-тәжиірбелік дәрістердің санын көбейту мәселесі жайлы тың ой-пікірлерін ортаға салды. 

 

«Басты капитал – адам ресурстары» деген қағидаттан шыға отырып, болашақ темір жол және автокөлік мамандарын дайындау барысында академияда тәрбие және оқу-ғылыми жұмыстарына да кеңінен көңіл бөлінуде. «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру барысында жасалынып жатқан іс-шаралар осының айғағы. Тұрақсыз әлемдік экономика мен қаржы қиыншылығы кезінде жолдауда айтылған іргелі мәселелерді шешу, тек Үкімет алдындағы ғана емес, жастарға білім беріп, тәрбиелеп отырған жоғарғы оқу орындарының да басты міндет болып табылады», – деп атап өтті оқу орнының басшысы Бақытжан Мұханбетұлы.

Кездесуді қорытындылай келе, қонақтар академия қабырғасында Парламенттегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысын өткізіп, оқу орнымен ынтымақтастықты одан ары дамытуға шешім қабылдады.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

 

АЛМАТЫ