Сотталушы А.А. «Қазгидромет» РМК-ның облыстық филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып жүріп, 2017 жылдың қазан айында филиал директорынан қызметтік қажеттілікке байланысты деген сылтаумен Каспий теңізі Маңғыстау облысы акваториясына экологиялық мониторинг жүргізу үшін іссапарға рұқсат алады. Қарамағындағы он қызметкермен бірге он күндік іссапарға шығуы керек болады. Алайда сотталушының қылмыстық ойы туындап, теңізге шығатын кемеге құйылған құны 2 016 000 теңгенің 16 000 литр дизель отынын өзінің танысына сатып жібереді. Кейін іссапарға бару қажеттілігі жоқтығын айтып, қызметкерлердің іссапар шығындарын өзі иемденіп алады. Көп ұзамай дәл осы қылмыстық жоспарын тағы да іске асырады. Нәтижесінде жәбірленушіге жалпы мөлшері 4 463 111 тенге көлемінде мүліктік залал келтірген.
Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы қылмыспен келтірілген мүліктік залалды жәбірленуші тараптың пайдасына толық өтеп берген. Сондай-ақ ол кінәні мойындау турасындағы процестік келісім жасауға ерікті түрде ниет білдіріп, прокурормен процестік келісім жасақтаған. Сот үкімімен процестік келісім бекітіліп, сотталушы А.А.-ға екі жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.