Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындылары қаралды. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірыңғай перспективалы жоспар талқыланды. Оған қоса жиында Үкімет басшысы Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру жайында министрлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Жолдауды жүзеге асыру жоспары талқыланды
Үкімет отырысы Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру жайындағы тапсырмаларды пысықтаудан басталды. Премьер-Министр Б.Сағынтаев Президент өзінің Жолдауында он негізгі мақсатты белгілегенін және олардың барлығы жақын болашақта жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті. Біріншіден, индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан Инвестициялар және даму министрлігіне өнімдерді экспорттау мен технологияларды трансферттеуге баса назар аудара отырып, отандық кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыруға бағытталған жаңа құралдар әзірлеу, сондай-ақ бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлау бойынша қанатқақты жобаларды анықтау және оларды іске асыруға кірісу тапсырылды. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне Назарбаев Университеті, АХҚО және АТ-стартаптардың халықаралық технопаркі базасында цифрлы және инновациялық шешімдер әзірлемелерін дамыту бойынша венчурлық қаржыландырудың жеке нарығы қызметінің шаралар кешенін жасау және сәйкес заңнамалық түзетулерді әзірлеуді қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және мүдделі министрліктермен жұмыскерлерді жұмыстан босату тәуекелдерін бағалауды және жұмыстан босатылған жұмыскерлерді еңбекпен қамту бойынша келісілген саясатты анықтауды, жалпы еңбек ресурстары ағымдары бойынша жұмысты жылдамдатуды тапсырды.
Премьер-Министр еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ал көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға қатысты Инвестициялар және даму министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар, Қаржы министрліктерімен және «ҚТЖ» АҚ-пен бірге атқарылатын тапсырмалар жүктелді. Заманауи технологияларды құрылысқа және коммуналдық секторға енгізу бойынша Инвестициялар және даму министрлігіне Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, бір айлық мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірге тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде МЖӘ сәйкес тетігін әзірлеу және оны іске асыру бойынша шараларды жандандыру тапсырылды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктерімен және өңірлердің әкімдерімен бірге ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге барлық көздерден кемінде 100 миллиард теңгені жыл сайын бөлу бойынша шаралар қабылдауы қажет. Қаржы секторын «қайта жүктеу» бағыты бойынша Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қор нарығын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету тапсырылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығына Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірге АХҚО алаңын IPO өткізуге дайындауды қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. «Адами капитал – жаңғырту негізі» бағыты бойынша да білім беру және денсаулық сақтау салаларына, сондай-ақ әлеуметтік блок бойынша бірқатар тапсырмалар берілді. Сонымен қатар Премьер-Министр әліпбиді латын қарпіне көшіру мәселесіне қатысты тапсырма берді. Б.Сағынтаев сол сияқты кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдарын ізгілендіру бойынша жұмысты жалғастыруы керек. Әділет министрлігі Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісе отырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, құқық үстемдігін қамтамасыз етудің кепілдігін нығайту жөнінде тиісті ұсыныстар енгізуге тиіс.
Қорытындысында Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың 13 қаңтарында сағат 12.00-ге дейін бекітілген заңнамалық тәртіпке сәйкес, Үкіметке «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының бекітілген жобасын енгізуді тапсырды.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жайы қаралды
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәселені қарау барысында Қазақстандағы ДДҰ-ның Елдік кеңсесінің басшысы Олег Честнов, Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілі Екатерина Мирошник, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов денсаулық сақтау саласындағы ұсынылған жаңалықтар туралы пікірлерімен бөлісті. Үкімет халықаралық сарапшылардың ұсынымдарын ескере отырып әзірленген денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға қатысты ұсынылған тәсілдерді мақұлдады.
Меже орындалды
Үкімет отырысында қаралған негізгі мәселе өткен жылғы əлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындылары. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өткен жылы Қазақстан экономикасы өсімнің жаңа қарқынына шыққанын мәлімдеді. Яғни 2017 жылдың алдын ала қорытындысына сәйкес ІЖӨ өсімі 4 пайызды құраған. «Өсімнің негізгі қозғаушы күштері сауда секторларында өндірісті кеңейту, инвестициялық белсенділікті арттыру және ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі болды. Сыртқы оң жағдайлардың факторлары ретінде мұнай мен металдарға жоғары баға конъюнктурасын, сондай-ақ негізгі сауда серіктестері – ЕО, Ресей және Қытай мемлекеттеріндегі экономикалық жағдайдың жақсаруын айтуға болады», деді министр. 11 айдың қорытындысы бойынша Ресейге экспорттау – 33%-ға, Еуропа одағына – 31%-ға, Қытайға 34,9%-ға өскен.
Өндіруші салалардың қарқынды өсуіне қарамастан, ІЖӨ-нің өсу көздері экономиканың шикізаттық емес сегментінде шоғырланған. Осылайша ІЖӨ-нің 4% өсімінде шикізаттық емес сектордың үлесі 60%-ды құраған. Тұтастай алғанда, нақты секторда экономиканың барлық салаларында өндірістің синхронды өсімі белгіленген.
«Ең жоғары өсім өнеркәсіпте – 7,1% деңгейінде, көлік саласында – 4,8%, байланыс – 3,3% және саудада 3,2% байқалды. Мұнай өндіру көлемінің өсуі есебінен кен өнеркәсібінде озық көрсеткіштер белгіленді», деді Т.Сүлейменов. Өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайыздық өсім деңгейін көрсетеді, бұл негізінен Индустрияландыру картасындағы жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылуда. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында ИИДМБ арқылы 850 млрд теңгеге 62 жоба қолға алынып, 5,5 мың жұмыс орны ашылған.
Министрдің мәлімдеуінше, елімізде фармацевтика саласы да қарқынды дамып келеді. Оның өнімі 41,8%-ға өскен. Жеңіл өнеркәсіп 9 инвестициялық жобаны іске қосуға және жүйе құрушы компаниялардың қазақстандық қамтуының ұлғаюына байланысты өндірісті 7,3%-ға арттырды. Бұдан өзге, машина жасау саласында 5,6% деңгейінде тұрақты өсім белгіленген. Ауыл шаруашылығында өсім 2,9%-ды құрады. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығының өнімі 2,2%-ға, мал шаруашылығы өнімі 3,9%-ға өсті.
2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,5%-ға артқан. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығына бағытталған, онда өсім 29,3%-ды құрады, сауда – 21,8%, құрылыс – 11,8%, байланыс – 9,5% және өнеркәсіп 3,8% болды. Өткен жылдың 9 айында Қазақстан 15,7 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартқан, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары көрсеткіш. Жалпы алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,1%-ға артып, 69,5 млрд долларға жетті.
Жиында Ұлттық банктің басқарма төрағасы Данияр Ақышев банк саласындағы қорытындыны жариялады. Ал республикалық бюджеттің орындалуының алдын ала қорытындылары туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы Мемлекет басшысының елдің экономикалық өсімін 4% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалғанын атап өтті. Салалық министрліктер мен өңірлер өз көрсеткіштері бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Мұндай көрсеткіштерге Үкіметтің және әкімдіктердің ұйымдасып атқарған жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілді.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»